Қазақстанның бесінші боксшысы ширек финалға жолдама алды

842

0

Қазақстандық боксшы Серік Теміржанов Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Express Qazaqastan.

Отандасымыз бүгін 57 келіге дейін салмақ дәрежесінде Үндістанннан келген Рохит Мормен жолықты. Қарсыласы осының алдында Жан Кайседо (Эквадор), Ален Рахимич (Босния және Герцеговина) боксшыларын жеңген.

Үш раундта сауатты әрі тактикалық тұрғыда қарсыласынан басым түскен Теміржанов төрешілердің шешімімен келесі кезеңге өтті.

Бұған дейін ол алғашқы кездесуінде моңғолиялық Энх-Амар Хархууды жеңген. Екінші жекпе-жегінде жастар арасындағы әлем чемпионы жапониялық Рейко Цуцумидің осал тұсын тапты.

Айта кетейік, осымен бесінші қазақстандық боксшы ширек финалға жолдама алып отыр. Мұның алдында Теміртас Жүсіпов (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) үздік сегіз боксшының қатарына қосылған.

Бүгін тағы бес боксшымыз шаршы алаңға шығады. Әлем чемпионаты 6 қарашаға дейін жалғасады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<