Қызылордалық команда республикалық турнирде ІІ орын иеленді

1203

0

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетінде өткен республикалық турнир өз мәресіне жетті.Дзюдодан ұйымдастырылған жарысқа Алматы, Өскемен, Орал, Семей, Қызылорда қалаларынан 7 команда қатысты.

Байрақты бәсекеде аймақ намысын қорғаған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті командалық есеп бойынша ІІ орынға ие болды.

Дүбірлі додада қыздар арасында Айгерім Кеңесова (52 кг), Динара Махамадиярова (63 кг) алтыннан алқа тақса, ерлер арасында Нұрасыл Өмірзақ (90 кг) жеңіс тұғырынан көрінді.

Күміс медаль 57 кг салмақта белдескен Салтанат Тұңғатарова табысталды. Ал Сымбат Айдархан (57 кг), Ардақ Жұмабайұлы (66 кг) және Ғабит Темірбай (60 кг) жүлделі үшінші орын иемденді.

«Біздің жетістігіміз – командалық жұмыстың нәтижесі. Осы жолы қоржынға 3 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль түсті. Кез келген жеңістің артында үлкен еңбек бар. Әр жарыстың алдында спортшыларды жігерлендіріп, әрқайсысының жеңіске жетуге мүмкіндігі бар екенін айтамын. Жалпы бапкер болу үлкен жауапкергілікті талап етеді. Себебі, әр студенттің қауіпсіздігі, дайындығы, олардың жарыс алдындағы көңіл-күйі бәрі бапкердің бақылауында. Алдағы мақсатымыз бұдан да жоғары жарыстарда бақ сынап, жеңіске жету», – деді университеттің «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» кафедрасының аға оқытушысы Асылбек Төлегенов.

Сондай-ақ, алтын медаль иеленген Айгерім Кеңесова өз елінде алған жүлденің орны бөлек екенін атап айтты. «Өйткені тек оқу орнының ғана емес, тұтас бір өңірдің намысын қорғаймыз. Бұл жауапкершілікті арттырып, алдағы халықаралық сайыстарға үлкен тәжірибе болады», – дейді спортшы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<