Vesti.kz спорт порталы оқырмандарының дауыс беру нәтижелері бойынша жерлесіміз Рахат Бекболат Қазақстанның «Ең үздік спортшысы» деп танылды.
Дауыс беру нәтижелері бойынша 17 жастағы спортшы 55% дауыс жинап, үздік атанды.
Рахат Бекболат 2004 жылы 14 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. 2010 жылы Қызылорда қаласындағы Ж.Нұрсейітов атындағы №233 орта мектепке қабылданды.
2016-2019 жылдар аралығында Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында оқыды. 2019 жылдан бері Қазақ гуманитарлық заң жəне техникалық колледжінің студенті.
Нұржан Смаханов жəне Арман Абдраев оның бапкерлері.
Рахат ауыр атлетикадан ҚР спорт шебері, ұлттық құрама команда мүшесі, ҚР 4 дүркін чемпионы. 23 жасқа дейінгі жастар арасында ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР жеке-командалық чемпионатының 1-орын иегері. Жасөспірімдер арасында Əлем чемпионы (АҚШ, Лас-Вегас 2019), жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионатының 2 дүркін чемпионы (Солтүстік Корея, Пхеньян 2019, Өзбекстан, Ташкент 2020), 15 жасында жасөспірімдер арасында, 16 жасында жастар арасында Əлем рекордын орнатты. Азияның «Үздік спортшысы» номинациясының иегері.
2020 жылы Перудің Лима қаласында жасөспірімдер арасында өткен онлайн Әлем Кубогының жеңімпазы атанды және серпе көтеруде 102 келіге дейінгі салмақта әлем рекордын жаңартты.
Қ.ӘБІШ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<