Былтыр еркін күрестен Дәулет Ниязбеков пен бокстан Қамшыбек Қоңқабаев Токио олимпиадасына жолдама алып, жергілікті жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Дүние жүзін дүрліктірген қатерлі індет салдарынан өтуі биылға жоспарланған дүбірлі додаға баратын жерлестеріміздің қатары әлі де толығуы мүмкін.
Алдағы күндерде спорттың көптеген түрлерінен іріктеу турнирлері өткізіледі. Сыр өңірінің сенім артқан саңлақтары арасынан каратэ-до, дзюдо және өзге де айтулы аламандарда атой салып, жолдама санын толықтыратын жастар баршылық.
Қос саңлағымыз бұдан бұрын да мұндай беделді бәсекелердің төрінде ойын көрсетіп, мол тәжірибе жинақтаған.
Дәулет 2012 жылы Лондон олимпиадасында бақ сынап қайтты. Әлем чемпионатында күміс және қола жүлдегер атанды. Азия чемпионатында үш мәрте бірінші, төрт мәрте үшінші орын алды. Ал бокстан ел құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев Әлем және Азия чемпионаттарында екі-екі мәрте күміс жүлдегер болды. Ендеше, олардың Токио төрінде атой саларына сеніміміз кәміл.
Қызылорда ауыр атлетикасында жаңа жұлдыз жарқырап келеді. Рахат Бекболат есімді жас өреніміз Перудің Лима қаласында ауыр атлетикадан өткен онлайн Әлем кубогында чемпион атанды. Ол жасөспірімдер арасында 102 келі салмақ дәрежесінде қоссайыс қорытындысымен 319 келіні (140+179) бағындырды. Жас талантымыз 2020 жылдың ақпан айында Өзбекстан астанасы – Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында чемпиондық тұғырға көтеріліп, серпе көтеруде әлемдік рекордты жаңартқан болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<