Сенім жүгі жеңіл емес

54

0

Сурет ашық дереккөзден

Қамшыбек Қоңқабаев – ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі спортшының бірі. Өзінің спорттық мансабында екінші мәрте Олимпиада ойындарында бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. Жерлестері енді бір аптадан астам уақыттан кейін Париж төрінде алауын жағатын дүбірлі додада тағы бір мәрте табысқа кенеледі деп үміттенеді.

Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қамшыбекпен жүздесіп, алдағы жарыста биік белесті бағындыруына тілектестігін білдірді. Жерлестері атынан оған екі бөлмелі пәтердің кілтін берді.

– Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну – әр спортшының арманы. Бұл – еңбексүйгіштіктің, патриотизм мен өз күшіне деген сенімнің үлгісі. Чемпиондарға қарап, мыңдаған жастың спортқа деген құлшынысы артады. Елдің ыстық ықыласы мен тілегін жеткізіп, жерлестеріңнің атынан арнайы сый-сияпат жасап, баспана кілтін табыстауды жөн көрдік, – деді аймақ басшысы.

Қызылордалық спортшы былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ Жазғы Азия ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Осылайша бокстан ел құрамасы сапында алғашқы болып Париж Олимпиадасына жолдама алды.

Қамшыбек Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазірге дейін Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, Әлем чемпионатында 2017, 2019 жылдары екі мәрте күміс медаль иегері атанды. Сондай-ақ 2022 жылы Жазғы Азия ойындарының екінші орнын алса, Азия чемпионатында төрт мәрте жүлдегер қатарынан көрінді. Айта кетерлігі, ол – еліміздің атынан Олимпиадада екінші мәрте бақ сынайтын санаулы спортшының бірі.

Қамшыбекті 2006 жылдан бері жергілікті маман Сейітжан Төкенов жаттықтырады. Жеке бапкері шәкіртін сындарлы сайыстарға шыңдап, ақыл-кеңесін беріп келеді.

–  Мен жолдамаға ертерек қол жеткіздім. Биыл бірқатар лицензиялық турнир өткізілді. Сол жарыстарға әзірлік жасаған боксшылармен бірге Олимпиадаға дайындығымды пысықтадым. Біріккен оқу жиындарына қатыстым.Алдымда үлкен мақсат бар. Париж Олимпиадасында көк туымызды желбіретсем деймін. Уақытымды бос жіберген жоқпын. Сол жолда тынбай тер төктім. Дүбірлі додаға жақсы дайындықпен баруым қажет екенін түсінемін. Қазақстандық жанкүйерлерді жүлдемен қуантамын деп ойлаймын, – дейді боксшы.

Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов шәкіртіне зор үміт артып отырғанын жасырмайды. Төрт жыл бұрынғы жетістігін жақсартып, жеңіс тұғырынан көрінуге қауқары жететінін айтады.

– Қамшыбек Токиода Олимпиаданың қола медалін жеңіп алды. Ел құрамасы сапындағы тәжірибелі спортшы. Жоғары жетістікке жетуге мүмкіндігі зор,  – дейді бапкер.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<