Сыр өңіріндегі волейбол спортының дамуына Тұрғанбек Алтынбеков ағамыз көп еңбек сіңірді. Өзінің бастамасымен команда құрды, шәкірт тәрбиеледі. Інісі Жаңабек ағаның да тоспадоптың төрге озуына қосқан үлесі аз емес. Ұстаздық қызметінде қаншама шәкіртіне әуелей ұшқан допты қалай меңгеру қажеттігін үйретті. Сексен жастан асқан қадірменді қария әлі де жастарға сергектікті серік етуге кеңес береді. Сан алуан сайыста өзі тәрбиелеген шәкірттерінің ойынына қолдау білдіреді.
Түркістан өңірінде дүниеге келген ол ес білгенде Тұрғанбек ағасының волейбол ойнайтынын көріп өсті. Қарт Қаратаудың қойнауында жатқан шағын ауыл сол бір жылдары волейболға таңырқай қарайтын еді. Алтынбековтер әулетіне белгілі волейболшы Октябрь Жарылқаповтың туыстық жақындығы бар болатын. Танымал спортшы өзінің ізін басқан Тұрғанбекті спорттың осы түріне баулыды. Ал Тұрғанбек ағамыз інісі Жаңабектің волейболға жақындығын байқап жүретін-ді. Осындай күндердің бірінде інісіне доп әкеліп берді. Ағасының қамқорлығына шаттанған бала сол кезден бастап тоспадоп өнерін жанына серік етіп, оның әдіс-тәсілін жетік меңгеруге ерекше ықылас білдірді. Бәлкім, өзінің өмірлік жолында таңдау жасағанын сол уақытта білмеген де шығар…
– Қазіргі Түркістан облысының «Бабайқорған» ауылында жетінші сынып оқитын кезім еді. Ол уақытта Тұрғанбек ағам институтта волейболдан үздіктер қатарынан көрініп жүретін. Маған сыйға берген добы қызығушылығымды одан әрі арттыра түсті. Бұл 1955-1956 жылдардың шамасы болуы керек. Сабақтан қолым бос уақытта волейболдың әдіс-тәсілін үйренуге көңіл бөлемін. Ауыл арасында өткен жарыстарда командамыз алдыңғы орындардан көрінді. Мені ұстаздарым мақтай бастады. Ауылдағы мектепті бітіргеннен кейін білімімді Түркістандағы онжылдық мектепте жалғастырдым. Онда да волейболдан қол үзіп кеткен жоқпын, шеберлігімді шыңдай түстім, – дейді Жаңабек ағамыз бізбен әңгімесінде.
Мектепті бітіргеннен кейін Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына білім алуға келді. Ол уақытта институтта денешынықтыру факультеті болмады. Жас жігіт үшін басқа таңдау жоқ еді. Жаратылыстану мамандығы бойынша білім алуына тура келді. Соған қарамастан волейболмен айналысуды жалғастыра берді.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Білім ордасында еңбек еткен сегіз жылдан астам уақытта жас өрендерді спортқа баулыды. Оның ішінде волейболға қызығушылық білдірген оқушылардың шеберлігін жетілдіріп, көптеген жарысқа алып барды. Қай-қайсысында да шәкірттері табыс биігінен көрінді. Ұстазға бұдан артық қуаныш бар ма? Бұл оқушылардың спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттыра түсті.
Арада сегіз жылдай өткенде қазіргі Абылайхан атындағы №140 орта мектепке дене тәрбиесінің мұғалімі болып қызмет ауыстырды. Оқу ордасында отыз жылдан астам жемісті еңбек етті. Жігерлі жастардан команда жасақтап, облыстық және қалалық сайыстарда жеңіске жетті.
– Волейболдың ерекшелігі көп. Бұл спорт түрімен айналысқан адам биіктікке секіруді шебер меңгеріп, мықты реакция көрсетуді жетілдіреді. Оның атауының өзі қалқып ұру дегенді білдіреді. Үнемі қозғалысты, шымыр болуды қажет етеді. Ең бастысы, қызығушылық болса деймін. Шәкірттерімнің барлығы сол талаптың үдесінен шығып келеді. Отыз жылға жуық уақыт ішінде қаншама жарысқа қатысты. Небәрі екі мәрте ғана жеңіс тұғырынан көріне алған жоқпыз. Қалғанында қарсылас шақ келмеді. Кейіннен олардың арасында кәсіби деңгейде ойнағандар бар. Еліміздің клубтарының намысын қорғап, аймақ абыройын асқақтатты. Осындай жетістіктерге жеткен шәкірттеріммен мақтанамын, – дейді ағамыз.
Әлемде волейбол жоғары бағаланады. Олимпиада ойындары күнтізбесінде бар. Онда дүниежүзіндегі тәжірибелі құрамалар бақ сынайды. Өкініштісі, қатарында қазақстандық волейболшылар көріне бермейді. Еліміздің көптеген командасында шетелдік ойыншыларға көңіл бөлінетінін айта кету керек. Салдарынан жергілікті жастар тасада қалып жатады. Сондықтан әр өңірде волейболды дамытуға көңіл бөлінгені артық емес.
Ұстаз тәрбиелеген спортшылардың облыс құрамасында ойын көрсеткендері аз емес. 2014 жылы жетекшілік еткен командасы оқушылар арасындағы жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Кейінгі жылдары облыстың ересектер құрамасына да тәлім үйретті. Байқоңыр қаласында өткен халық ойындары жарысында чемпион және жүлдегер атанды. Облыстық жарыста бес дүркін жеңіске жетті.
– Толағай табысқа жетуімізге Әсет Медеуов, Абзал Жақапбаев, Жансерік Әбдуайтов сынды шәкірттерім үлкен үлес қосты. Ешқайсысын бөліп-жармаймын. Десе де, жеке-дара шеберлігімен көзге түскендер қатарында Әсет пен Абзалды айта аламын. Ал Жансерікті жарты команда деп бағаласақ та жарасады, – деді ағамыз ағынан жарылып.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<