Талай шәкірт шыңдаған

176

0

Сыр өңірінде ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, талай спортшының бағын ашқан белгілі бапкер Велорий Пак жүлдесіне арналған ересектер арасында халықаралық турнир өтуде.

Білікті маман аймақтың ғана емес, еліміздің спортын әлемдік деңгейде дамытуға сүбелі үлес қосты. Шәкірттері әлемдік аренаның биік шыңдарын бағындырып, даңқты спортшыларға айналды. Олардың қатарында Алмас Өтешов, Илья Ильин, Қуаныш Рахатов, Олег Шин, Роман Русяновский, Александр Зайчиков бар. Ол 60-тан астам спорт, 12 халықаралық дәрежедегі және 3 ҚР еңбек сіңірген спорт шеберін дайындады.

Республикалық турнирге еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық зілтемірші келді. Олар ерлер және әйелдер бәсекесі бойынша 8 салмақта сынға түсуде.

Салтанатты шараның ашылуына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, білікті бапкер Велорий Пак және өзге де азаматтар қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. 

– Киелі Сыр елінің тумасы, облыстың құрметті жаттықтырушысы Пак Велорий Викторович ұзақ жылдар бойы еліміздің спортына адал еңбек етті. Ауыр атлетика саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Республикалық турнирдің маңызы да ерекше. Себебі әр аймақтан жиналған мықты зілтеміршілер жарыс алаңында өз мүмкіндігін көрсетіп, жеңіске деген жігерін танытады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шара барысында облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, қазақтың дәстүріне сай құрмет көрсетті.

Өз кезегінде құрметті жаттықтырушы турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан барша қызылордалық жанкүйерлерге, спортшыларға және сала қызметкерлеріне алғысын жеткізді.

Биыл зілтеміршілер арасындағы мұндай беделді бәсеке облыс әкімінің қолдауымен алғаш рет өткізілуде. Бұл халықаралық деңгейдегі жарыстардың күнтізбелік жоспарына енгізілді. Енді дәстүрлі түрде жыл сайын халықаралық деңгейде ұйымдастырылады.

«СБ» ақпарат