Татами төрінен – тәлімгерлікке

1409

0

Белгілі бапкер Ишанбек Жұмабаевты қызылордалық жанкүйерлер жақсы біледі. Тәжірибелі маман тәлім берген қызылордалық дзюдо шеберлері талай тартысты бәсекеде топ жарды. Бұл шамамен тоқсаныншы жылдардың соңы мен жаңа ғасырдың алғашқы кезеңі еді. Солардың бірі – бүгінде спорт саласында жемісті еңбек етіп жүрген Нұргүл Тағаева.

Нұргүл татами төріндегі тайталаста туған елдің абыройын талай мәрте жоғары көтерді. Қаншама қарсыласын қапы қалдырды. Жеңіс тұғырынан көрінді. Сол бір сәтте ерекше сезімге бөленгенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін болмас. Мұндай жетістік – кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ. Қиындығы мен қызығы тең түсетін спорттық жолында ол уақытпен санасқан жоқ. Алдына қойған мақсатына қол жеткізуде тынбай еңбектенді. Білікті бапкердің тәлімін зердесіне тоқыды. Осындай тынымсыз дайындығы арқасында дүние жүзінің дарабоз өрендері додаға түскен жарыста жеңімпаз тұғырынан көрінуіне баспалдақ болды.

Бұл кезеңде Сыр өңірінде дзюдо спорты жоғары деңгейде өркендеген еді. Қайсыбір сайыста да қызылордалық талантты жастар топ бастап жүретін. Тәжірибелі тәлімгер Ишанбек Жұмабаев талапты ұландарды тап басып тани білді. Оларды мектептерден, ауылдардан іздеді. Өз ісіне жан-тәнімен берілген маман осылайша қаншама жастың талантын ашып, қабілеті мен қарымын бағамдай білді. Нұргүл де сондай дарынды өрендердің бірі болды.

– 1993 жыл еді. Ол кезде бесінші сыныпта оқимын. Жасым он бірде. Қыркүйектің алғашқы күнінде мектепке Ишанбек ағамыз келді. Өзі қызмет атқаратын спорт мектебінде дзюдо үйірмесі бар екенін айтып, бізді оған қатысуға шақырды. Ойлана келе, оған баруға шешім қабылдадым. Дзюдоға қызығушылығым арта түсті. Осылайша спорттық жолым басталды. Бапкердің айтқанын жадымызда тоқуға тырысамыз, қалт етпеуге жібермейміз. Соның нәтижесінде талай жарыста топ жаруға мүмкіндік туды. Алғашқыда жасөспірімдер арасында бақ сынадым. Азия чемпионаттарында ел намысын қорғадым. Дәл сондай бәсекелерде жастар арасында татамиде белдесуге шықтым. Жүлдегерлер қатарынан көріндім, – дейді Нұргүл.

Ол ересектер арасында сегіз дүркін ел чемпионы атағын жеңіп алды. Азия чемпионатында ересектер мен жастар арасында күміс және қола жүлдеге қол созды. Осылайша дзюдошы бойжеткеннің есімі еліміздің жанкүйерлері арасында кеңінен танылды.

2006 жылы үлкен спортпен қош айтысқан. Бүгінде сол салада жемісті еңбек етіп келеді. Ұзақ жылдан бері өзі тәлім алған облыстық №1 олимпиадалық резервтер мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде еңбек етеді. Алғашқыда бапкер, одан кейін әдіскер болды. Қазір сол мектепте директордың орынбасары қызметін атқарады.  

Өзінің бала кезінен бауыр басқан дзюдосына бір сәт көз салып қояды. Ишанбек Жұмабаевтан тәлім алған шәкірттерінің алды қазір бапкерлік қызметті атқарып жүр. Олар тәрбиелеген өрендер де сан алуан сайыс­тарда өңірдің абыройын асқақтатып келеді. Осындай үмітті жастардың қатарында дүниежүзілік додаларда жеңімпаз атанған Бауыржан Жауынтаев, Мағжан Шәмшадин, Арайлым Оразбай және Құндыз Жылқыбай да бар. 

– Әлемде дзюдодан алдыңғы қатарда көрініп жүрген мемлекеттер көп. Аталған спорттың түпкі отаны – Жапониядан бастап олардың барлығы жүлдені ешкімге үлестіре қоймайды. Сондай тартысты бәсекелерде топ жарып жүрген жастарымызға сәттілік тілеймін. Алдағы уақытта біздің облыстан Олимпиада және әлем чемпио­ны атағына қол жеткізген дарынды өрендер шығады деген сенімдемін. Бұрынғы жылдағыдай емес, қазір материалдық-техникалық жағдай жақсарды. Ауыл-ауылдарда спорт ғимараттары бой көтерді. Бұл ауылдан да талай таланттың топ жаруына жол ашады. Кейінгі буын арасында да тәжірибелі бапкерлер қатары көбейді. Олардың қатарында Жанар Дүйсекенова, Қален Қалиұлы, Жанарбек Сансызбаев сынды мамандарды атауға әбден болады, – дейді Нұргүл.

Сыр спортының биікке жетуіне дзюдошылардың қосқан үлесі зор. Сондай жастардың қатарында Нұргүл Тағаеваның да есімі құрметпен аталады. Ол бүгінде жолдасы Асылхан екеуі Рамина есімді сәбиді тәрбиелеп отыр.

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<