Қызылордалық зияткерлер тоғызқұмалақтан чемпиондар атағын тағы да дәлелдеді.
Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында үшінші рет жалауын желбіреткен тоғызқұмалақтан желілік спартакиадада Қызылордадағы NIS құрамасы екі алтын, бір күміс медалін иеленіп, командалық есепте жеңіс кубогымен марапатталды.
Биыл қазақтың ұлттық ойынының жанкүйерлері өз қарсыластарымен алғаш рет онлайн форматта PlayOk платформасында кездесті. Спартакиаданың ашылу салтанатында қатысушыларды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова құттықтады:
– Тоғызқұмалақ төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ойын. Ол шығармашылық пен логиканы дамытады, сол себепті де оқушыларымыздың арасында кеңінен танымал. Бұл спорт түріне қызығушылық таныту – өз халқының тарихы мен мәдениетіне жақындай түсу.
Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысуға ниет білдірген 100-ге жуық зияткер жас ерекшеліктеріне сәйкес үш топта 7 кезең бойынша бақ сынасты. Қызылордадағы NIS намысын қорғаған 9-сынып оқушысы Жұлдызай Мұнайтбасова команда қоржынын спартакиаданың алғашқы алтын медалімен толықтырды.
– Турнир өте тартысты және әділ өтті. Жаттықтырушылар мен оқушылар арасында академиялық шынайылық сақталып, төрешілер нәтижелерінің дұрыс болуын қадағалап отырды, – дейді чемпион.
Жоғары сыныптар арасында сайысқа түскен Жұлдыз Садықбек те өзге өңір спортшыларына төтеп беріп, жеңіс тұғырынан көріне білді. Ежелгі спорт түрімен алғаш рет төртінші сыныпта танысқан ол бүгінде құмалақтар жарысына бар бос уақытын арнайды.
– Бұл ойын ақыл-ойды дамытып, логикалық және математикалық дағдыларымды қалыптастыруда үлкен септігін тигізді. Қашықтан ойнау құмалақтарды тарату кезіндегі уақытты үнемдеуге өте қолайлы екен, – деп бөлісті алған әсерімен Жұлдыз.
Мықты дайындық пен шеберлігімен ерекшеленген Досымжан Райымбек спартакиада нәтижесі бойынша күміс медальмен марапатталды. Оның айтуынша, ұлттық ойынды насихаттау арқылы жастардың білімдік-танымдық қабілеттерін дамытуға болады.
– Тоғызқұмалақ – қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер. Және де ең қиын ойын десек те болады. Өйткені ойыншылардан тапқырлықты, шыдамдылықты және терең ойлауды қажет етеді, – дейді Досымжан.
Назарбаев Зияткерлік мектептері даму департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ балалардың тоғызқұмалаққа деген қызығушылықтары жыл сайын артып келетінін, ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді қайта жаңғыртуға арналған жобалар NIS әлеуметтік жобалары қатарында сұранысқа ие екендігін атап өтті.
Ал жарыс қорытындысы бойынша үш жас ерекшелік бойынша командалық есепте 2020 жылдың чемпиондары болып Талдықорған және Қызылорда қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің құрамалары танылды. Бір қызығы Қызылорда командасы екі бірдей топта сенімді жеңіске қол жеткізді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<