Токио-2020: Қазақстандық бас бапкер төрешілер шешімімен келіспейтінін айтты

552

0

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы үшін Токио Олимпиадасы сәтсіз аяқталды. Бүгін ел атынан соңғы болып сынға түскен Нұрсұлтан Тұрсынов алғашқы айналымда германиялық қарсыласынан жеңілді. Белдесу аяқталғаннан кейін бас бапкер Бақтияр Байсейітов төрешілер шешімімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы Olympic.kz сайты мәлімдеді.

«Төрешілер тарапынан бағалау дұрыс болған жоқ. Өздеріңіз көргендей, әдіс жасалды. Тіктұрып жартылай әдіс жасап лақтырды. Ереже бойынша толық жасалмаған әдіске екі ұпай берілуі керек. Төрешілер мұны есептеген жоқ. Мен төрешілер шешіміне шағым түсіргенде (челлендж) белдесуді қайта қарап, шешімді өзгертпеді. Әдетте шағым қанағаттандырылмаса қарсыласқа бір ұпай беріледі.

Бас төреші, төрешілер координаторының ұлты – неміс. Осы жерден өздеріңіз қорытынды жасай беріңіздер болады. Бұл жерде бізден жеңісті тартып алды деп есептеймін», дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Айта кетерлігі, Нұрсұлтан Тұрсынов Токио Олимпиадасында 87 келі салмақ дәрежесінде белдесті. Екеуара кездесу 4:1 есебімен германиялық Денис Кудланың еншісіне шешілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<