Ұлт өнері ат үстінде сыналады

907

0

Ұлт өнері – ұлт өрісінің өлшемі. Ал оның ішінде ұлттық ат спорты қазақтың дара дәстүрі! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ел азаматтарын көшпенді халықтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын бағалауға және жылқы шаруашылығын дамытуға ден қою керектігін айтты. Шын мәнінде, біздің бүгінгі беталысымыз қалай? Облыстық ұлттық ат спорты түрлерінің аға жаттықтырушысы Сламхан Боранбаевпен сұхбатта осыған жауап іздеп көрген едік.

– Кей тұста, әсіресе бүгінгідей жаһандану кезеңінде ұлттық спорттың кенжелеп қалып жататыны жасырын емес. Ай­ты­ңызшы,  салауатты өмір салтын насихаттау, ат спортына деген қызы­ғушылықты арттыруда біздің деңгейіміз қандай?

– Ұлт өнерінің қайнар бұлағы – ауыл. Сондықтан құндылықты сонан іздейміз. Өңірде ұлттық спорт түрлері 2005 жылдары қолға алынды. Алғашқыда көкпарға қызығушылық танытып жүрген ауыл азаматтарының демеуімен жастардың басын біріктірдім. Оларға көкпар ойынының ережесі мен қыр-сырын үйреттім. Құрамада 10 бала болды. Қалааралық турнирлерге қатысып, жетістіктерге жете бастағаннан кейін командалық жұмысты жетілдіруге талпындық.Сонымен қатар 2007 жылдан бастап аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу және жамбы ату спортына жастарды дайындадық. 2007 жылы облыста республикалық деңгейде фестиваль өтіп, көкпардан 14 команда қатысты. Сайыста біздің құрама 6-орынды еншіледі. Бұл бірінші жеңіс болатын. Өйткені нәтиже бар. 2008 жылы облыстық құрама толық жасақталды. Оралда өткен алғашқы Қазақстан чемпионатында бірінші лигада 1-орынды жеңіп алды. Бұл ересектер құрамасы болатын. 2010 жылы жастар құрамасын аштық. Құрамада 19 шабандоз өнер көрсетті. Жастар құрамасы Ақтөбе қаласында өткен көкпарға қатысып, алдыңғы орыннан көрініп, мықты­лық­тарын дәлелдеді. 2014 жылы жастар арасындағы чемпионат Жаңақорған ауданында өтті. Онда көкпардан финалист болса, аударыспақтан 1 чемпион, 2 финалист және теңге ілуден 1-орынға қол жеткізді. Енді біздің ойымыз жасөспірімдер құрамасын жасақтау еді. 2016 жылы ойымыз іске асып, жасөспірімдер командасын шығардық. Жасөспірімдер арасындағы көкпар сайысынан  Шымкент, Жамбылда өткен чемпионаттарда құрама жеңіс тұғырынан көрінді. Сонымен қатар екі жыл қатар өткен жамбы атудан Қазақстан чемпионатында Өміртай Ғалымжан рекорд жаңартты.

Жалпы, облыстық құрама ұлттық спорт түрлерінен шың­далып келеді. Бүгінде көкпардан 100-ден аса шабандоз бар. Қосалқы құрамда толығып отыр.

Соңғы жылдары ұлттық спорт түрлерін жандандыру мақсатында біршама шаралар қолға алынды. Ат құлағында ойнауға әуес жастар көбейгені көңіл қуантады. Ауданда екі үлкен көкпар алаңы бар. 18 ат алдық.  Жем-шөбі, ат-әбзелдері қоса бөлінеді. Жаттықтырушылар саны артты. Шабандоздарға облыстық спорт басқармасы тарапынан  стипендия таға­йын­далды. Мұның бәрі де ұлттық спорт түрлерін дамытуға арналған жұмыстар деп білемін.

– Этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Көкпар – бұл қазақтың ұлттық ойыны, төл мұрасы, ойынның ең мықтысы. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысқан. Көкпар – ата-баба­мыз­дың асыл аманаты. Ол біз барда өзімізбен бірге мәңгі жасасып, бірге дамып отырады. Әлем спортында футбол, волейбол, баскетбол дегендер бар ғой. Сол сияқты, көкпар деп ат қойып, айдар таққан біздің бабаларымыз» деген сөздері еске түсіп отыр. Жалпы, мықты жылқы мен епті шабандоз бабында болуы үшін не істеу керек?

–  Атқа мінгеннің бәрі шабандоз емес. Себебі атқа отырудың да тәртібі бар. Құрамаға алынатын жастар алдымен іріктеледі. Ынтасы мен ебі бар жастарды таңдаймыз. Көпшілігі өздері көкпарға қызығып, бала күнінен ат жалын тартып мінгендер. Расында, көкпар – рухы мықты жігіттердің ойыны.

Жалпы, құрама 3 топқа бөлінеді. Ересектер, жастар және жасөспірімдер болып. Сонымен қатар қосалқы құрам бар. Күнделікті жаттығулар уақытылы жасалады. Ат пен шабандоз бір-бірін түсініп,  бағындыра алуы тиіс. Сондықтан көкпаршының шеберлігіне қарап, ат таңдалады. Мәселен, біздің белді ойын­шымыз Наурызқожа Әмзеевтің мінетін аты «Найза». Бұл екеуі құраманың бетке тұтары. «Найза» еліміздегі жекпе-жектен нөмірі бірінші тұлпар. Мықтылығы мен ақылдығы бөлек. Кеудесі кең, тұяғы берік. Оның бас­ты артықшылығы жекпе-жек алаңында қарсыласын бірден танып, бірінші соққы жасайды. Және де соққыдан кейін шабандозға мүмкіндік береді. Олар әбден бірге қимыл жасауға үйренген. Бірін-бірі сөзсіз түсінеді. «Найза» өзінің қайсарлығы мен шапшаңдығын дәлелдеген. Талай додаларда топ жаруға ықпал жасады. Қазір олар ұлттық құрама сапында өнер көрсетеді. Еліміздің атын халықаралық сайыстарда қорғап жүр. Бұдан бөлек, «Бойтұмар», «Бақторы», «Кербез» атты тұлпарларымыз қорғаныш тәсілін жетік меңгерген.

Жүйріктер де бабында болуы үшін өлшеніп жем-шөбі беріледі. Жаттығу үздіксіз жүріп, бақыланады. Көкпарға көбіне 7 жасқа толған, сүйегі бекіп толысқан аттар таңдалады. Осы кезге дейін көкпарға жергілікті тұқымдар тартылған еді. 2018 жылдан бас­тап «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының арқасында ұлт­тық ат спортына қолдау артты. Соның нәтижесінде көршілес қырғыз елінен «аралас қанды» жылқы түрлері әкелінді. Бұл аттардың ерекшелігі тәрбиеге тез көнеді. Сондай-ақ, Алтай аттары да көкпарға бейім. Ал, өзге өңірлерде өтетін сайыстарға жылқыны апару үшін арнайы көліктер бөлінеді. Бұл да маңызды. Себебі, ат көлікте  6 сағаттан артық тұрмауы тиіс.

– Облыс құрамасында өнер көр­сетіп, қазіргі кезде ұлт­тық құрама сапында жоғары жетіс­тікке  жетіп жүрген спортшыларды айта аласыз ба?

– Әрине, шәкірттің жетістікке жеткені – ұстаздың жемісі. Біздің жігіттер бала күнінен көкпар тартып өскендіктен, ұлттық спорт түрлерін жетік меңгерді. Ұлттық құрама сапына алынып, сырт елдерде өнер көрсеткен шабандоздар арасында Нұрлыбек Асқар мен Наурызқожа Әмзеев бар. Ал, жастар арасында Абылайхан Құлмағанбетұлы, Кемеңгер Сағымбай, Дәулет Ағайдар және Азамат Сағымбекұлы ұлттық құрама мүшелері.

– Ұлттық спортта  қай түрінен кенжелеу бар?

– Ежелден елге таныс бәйге, көкпар, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, қазақ күресі, тоғызқұмалақ ұлттық ойындары өз  деңгейінде дәріптеліп келеді. Дегенмен, мыңдаған жылдық тарихы бар, бірақ өткен ғасырда ұмыт болып, тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданған спорт түрлері де бар. Облыста ат спорты белсенді дамып, түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жағдай жасалғанымен, өзге аудандардан шабандоз шығуы бәсең. Қазір Жаңақорған мен Шиелі көкпаршылары ғана облыстық құрамада өнер көрсетеді. Осыған байланысты барлық ауданда ат спорты бөлімшелері ашылса, құба-құп болар еді. Себебі, қазақ – ат жалында өскен халық. Кез келген қазақ баласының атқа икемделуі оңай. Сонымен қатар біздің спортшылар аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан да жоғары жетістікке жетіп, чемпионаттарға қатысуда. Бұл ойын түрлерінен ересектер және жастар арасында топ жарған жеңімпаздар көбейіп келеді. Көршілес Өзбекстан және Қырғызстан елдерінде ұлттық спорт түрлері айтарлықтай дамыған. Ипподромдар салынып, жылқылар сатып алынады.  Нәтижесінде жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге, мықты спортшылар дайындауға мүмкіндік мол.

Айта кетерлігі, ҚР Ұлттық ат спорты қауымдастығы тарапынан ұлттық спорт түрлерінің дамуына қолдау көрсетіледі. Кенжелеп қалған спорт түрлерінен сайыстар, фестивальдар ұйымдастыру қолға алынды. Ойын ережелерін нықтап, толықтырып отырады. Өйткені, ұлттық спорт ойындары – біздің өткен тарихымыз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз. Халық көнесін ұмытпайды, жандандырады.

– Алда қандай жос­пар­ларыңыз бар?

– Құрама көптеген сайыстарға қатысу керек болатын. Бірақ пандемияға байланыс­ты өзге­рістер орын алды. Мәселен, әлемдік көшпенділер этноспорт түрлері ойынынан Түркияда әлем чемпионаты өтуі тиіс еді. Оған облыс атынан спортшылар қатысатын. Сондай-ақ, этноспорт түрлерінен Украинада фестиваль ұйымдастырылатын болған. Әзірге ешқандай хабар жоқ. Себебі, әлемде жұқпалы індетпен күрес жүріп жатыр. Дегенде келер жылы аймақта жоғары лига өткізуге ұсыныс білдіріп отырмыз.

Әңгімелескен

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<