Әлем чемпионы Марат Сатыбалдиев секілді талантты жастарға ақжол сілтеген Қызылорда велоспорты сол тұғырынан тайған емес. Тас жол үстіндегі тартысты бәсекеде талай мәрте топ жарған саңлақтар туған топырақтың абыройын арттырып келеді. Одан кейінгі жылдарда жастар арасында Әлем чемпионы болған Сергей Капустин, Азия чемпионы Берік Көпешов жергілікті жанкүйерлердің мақтанышына айналды.
Бүгінде Марат Сатыбалдиев Қызылордаға жиі ат басын бұрып, өзінің атындағы турнирдің жылма-жыл тұрақты өткізілуіне көңіл бөліп жүр. Ал Берік Көпешов жергілікті велоспорт мектебінде басшылық қызмет атқарады. Қай-қайсысы да алдағы уақытта өз ізбасарларының толағай табысқа кенелетініне зор үміт артады.
– Мен кәсіби велоспорттан 2012 жылы кеттім. Содан бері бапкерлік қызметке бет бұрдым. Қызылорда қаласындағы арнайы мамандандырылған велоспорт мектебінде шәкірт тәрбиелеуге атсалысып келемін. Кезінде бізге аға буын өкілдері тәлім берді. Енді сол міндет бізге жүктелген. Ел арасында нағыз таланттар бар, соларды іздеп табуға бар күшімізді саламыз.
Велоспорттың қаншама ережесі бар. Бастысы, баланың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. Шәкіртіміздің жоғары биіктен көрінгенін қалаймыз. Аға буынның жеңісті жолын жалғастырғымыз келеді. Бұрынғыдай емес, қазір материалдық-техникалық базаны жақсарту бағытында оң істер бар. Кезінде өзіміз салмағы ауыр велосипедпен жаттығу жасайтын едік. Қазір талапқа сай келетін техника саны молайды. Бұл шәкірттердің шеберлігін шыңдауға барынша үлес қосады, – деді Берік бізбен әңгімесінде.
Қазір облыс велоспортында Асылхан Тұрар, Ғабиден Әзен, Ердәулет Егізбай, Саят Айдархан, Аслан Силықбек, Диас Тұрат, Роман Хегай, Аружан Рақымжан, Алина Карасёва, Аружан Тоқбаева, Анжела Соловьева, Екатерина Апачиди, Елизавета Склярова, Бибінұр Бектаева, Анна Проскурина, Әлихан Шыңғысұлы, Ринат Ерік, Мақсат Шамшадин, Мадияр Мүбәраков, Абзал Рахманов, Нұрсұлтан Айдарбек сынды жастар өсіп келеді. Олар әлемдік және құрлықтық додаларда ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегерлер қатарынан жиі көрініп жүр. Республикалық біріншілікте алдыңғы орын алған қызылордалық велошабандоздар аз емес.
2022 жылдан бері аталған мектеп базасында «Велосипед спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазір мұнда 11 бапкер-оқытушы қызмет атқарады. Олардың 8-і – жоғары санатты мамандар. Спорт клубы ретінде жұмыс бастағаннан кейін көптеген мүмкіндікке жол ашылды. Нәтижесінде 15 спортшы-нұсқаушыға жалақы төлеуге мүмкіндік жасалды. Бұл велоспортпен кәсіби деңгейде айналысып жүрген жастарға ерекше қолдау ретінде бағаланады. Сол арқылы олар шеберлігін жетілдіруге көңіл бөледі. Сондай-ақ спортшылар бұрынғыдай өз мансабын орта жолдан тастап кетпейді. Бапкерлер әрбір шәкіртін тәрбиелеуге күш жұмсайды. Осындай жағдайларды ескерсек, спортшылардың белгілі бір жасқа дейін сан алуан сайыстарға қатысуына қолдау көрсеткеніміз артық емес. Көп жылдар бойы осы мәселе ескерілмей келген еді.
– Велоспорт бәсекесі олимпиадалық ойындар күнтізбесінде бар. Төрт жылда бір мәрте өтетін әлемдік шарада шоссе, трек, маунтинбайк секілді түрлерінен жүлделер сарапқа салынады. Біздің облыста олардың барлығы қамтылған. Қазір спорт клубында 200-ге тарта шәкірт тәлім алып жүр. Олардың жүзге жуығы алғашқы дайындық сатысында шеберлігін шыңдап жүрсе, қалғаны оқу-жаттығу жиындарына қатысады. Көптеген жарыста өздерін жақсы қырынан танытып үлгерді. Әрқайсысынан үлкен үміт күтеміз. Нәтиже көп еңбектің арқасында келеді. Алдыңа үлкен мақсат қоя білсең, сол үшін барлық күш-жігеріңді салуың тиіс. Шәкірттерімнің сенімді ақтап жүргені қуантады, – деді бапкер Жандос Махамбетов.
Бұрынғы жылдары облыста велоспортпен тек Қызылорда қаласында ғана айналысуға мүмкіндік бар еді. Жергілікті басшылықтың қолдауымен қазір мұндай орындар аудандарда ашылып жатыр. Қазалы ауданында велоспорт клубының бөлімшесі тұсауын кесті. Бұл орынның материалдық-техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлінді. Қазір онда 10-15 жас аралығындағы 30-ға тарта жас өрен велоспорттың қыр-сырын үйреніп жүр. Қазірдің өзінде тәлім алып жатқан спортшылар республикалық және облыстық турнирлерде бақ сынап үлгерді. Үміт күткен екі үздік спортшы облыс орталығындағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына қабылданып, шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентіндегі №176, Белкөл кентіндегі №179 мектептерде велоспортқа арналған бөлімшелер ашылды. Ал қазан айында Арал қаласындағы №19 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде арнайы ғимарат бөлінді. Оған қоса «Бәйтерек» шағын ауданындағы №287 мектепте осындай орын тұсауын кесті. Айта кететін жайт, Байқоңыр қаласында арнайы бөлімше ашылып, онда алғаш рет республика біріншілігі өтті.
Биыл қызылордалық велоспортшылар 106 медальға ие болды. Оның ішінде Азия біріншілігі мен кубогында 5 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль бар. Ел біріншілігінде 27 алтын, 16 күміс, 16 қола алды. Өзге де халықаралық және республикалық жарыстарда жүлде қоры толықты.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<