Қызылордаға футбол қашан келді?

721

0

Қазір жер-жаһандағы жұрттың біразы футбол десе ішкен асын жерге қояды. Солай болатын жөні де бар секілді. Жанкүйер қауым алдында жарқырап көзге түскен жампоздар тоқсан минөтте тартысты ойын өрнегін көрсетіп, дүйім елдің делебесін қоздыра түсетіні белгілі. Бүгінгі таңда жұмыр жердегі жұрт көптеген мықты футболшының есімін жатқа соғады. Жасыл алаң төріндегі жігерлі қимылы арқасында елдің жүрегінде жазылып қалған шеберлер де баршылық. Кезінде Бразилия елінің намысын қорғап, аладопты шыркөбелек айналдыра білген Пелені әрбір адам жақсы біледі. Тіпті, олардың қатарында футболға онша қызыға бермейтін кісілер де кездеседі. Осыдан кейін футболдың құдіретіне шек келтіре алмасыңыз анық. Одан басқа талай марқасқаны тілге тиек етіп, олардың өмірі мен шеберлігі жайында қаншама уақыт бойы әңгіме етуге дайын жанкүйер де арамыздан табылады. Мәселен, Диего Марадона, Мишель Платини, Рууд Гуллит, Марко ван Бастен, Ринат Дасаев және өзге де саңлақтар жәйлі қызықты деректер әлі де айтылып тұрады. Кезінде Алматының «Қайрат» командасының жейдесін киіп, талай мәрте жасыл алаңда тәмам елді шеберлігімен тәнті еткен Тимур Сегізбаев ағамызды қазақ халқы олардан бір мысқал да кем көре қоймайды. Қысқасы, футбол өнері қазақ даласында да қарыштап дамып, көпшілікті өзіне еріксіз баурап алғаны анық. 
Біздің елімізге спорттың бұл түрі қашан келді? Оны қандай азаматтар насихаттай білді? Рас, бұл жайында нақты деректер кездесе бермейді. Өйткені, кезінде ол мәселе көп зерттеле қойған жоқ. Білетініміз, 1913 жылы Семей қаласында «Ярыш» атты команда құрылып, онда құрамында қазақтың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов те ойын көрсеткен. Үстіміздегі жылы Қазақстан футболының 100 жылдығын атап өтуге сол дерек негізге алынып отырғанын да жұртшылық жақсы біледі. 
Аталмыш спорт түрінің отаны – Англия деп айтылады. Дегенмен, оның тарихы тым әріде жатқанын білеміз. Түрлі деректерге сүйенсек, кейбір мемлекеттерде оған ұқсайтын ойын түрлері болғаны айтылады. Мәселен, Қытайда чжу-кэ, ежелгі Спартада эпискирос, Ежелгі Римде харпастум деп аталған футбол тектес ойын болған көрінеді. Сондай-ақ, Ресейдің Брянск өлкесінде былғары доп арқылы екі команда бір-бірімен тартысқа түскен. XІV ғасырда Италияда аяқпен ойнайтын кальчо деген ойын елдің арасында кеңінен жайылған. Алайда, оның ережесін түзіп, қажетті құрал-жабдықты түгендеген ағылшындар саналады. Бүгінгі күні футбол Англия жерінен бастау алды дейтініміз сондықтан болар. Ал біздің қазақ жеріне оның қашан келгендігін әзірге ешкім анықтай қойған жоқ. Бір анығы, біздің елімізде спорттың бұл түрі жылдан-жылға қанатын кеңге жайып келе жатқаны қуантады. 
Қазақ футболының отаны – Семей деп айтылғанмен, өткен ғасырдың алғашқы он жылының ішінде Орал, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл қалаларында ол жергілікті жастардың сайысқа түсетін қызықты ойынының біріне айналды. Біздің Қызылордаға да осы кезеңде келген болуы керек деген әңгімелер айтылады. Өйткені, сол жылдардың бедерінде дария бойындағы өлкеде батыс пен шығыстың арасын жалғаған Түркісіб теміржолы тартылғанын ел біледі. Сол теміржолды салуға атсалысқан ресейлік азаматтар қол боста футбол ойнауға көңіл бөлген деген деректер кездесіп қалады. Әйтсе де, олардың барлығы әзірге әңгіме күйінде қалып тұр. Оның нақты тұжырымы кейін жасала жатар деген үміттеміз. 
Өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдар шамасында Қызылордадағы кейбір еңбек ұжымдарында әуесқой негізде команда құрылып, бір-бірімен өзара тартысқа түскені жайлы деректерді сол кездерде шыққан мерзімдік басылым беттерінен айқын аңғаруға болады. Мұндай кездесулер жергілікті жастардың футболға қызығушылығын одан әрі арттырып, шеберлігін жетілдіре түсті. Әрине, бұл уақытта Қазақстанның өзінде кәсіпқой клубтар әлі де тұсауын кесе қоймаған кезі болатын. Кезінде одақтық деңгейде ел намысын қорғаған Алматының «Қайраты» 1958 жылы алғашқы ресми кездесуін өткізді. Арада он жылдай өткенде Қызылордада да сондай ұжымның тұсауы кесіліп, жергілікті жұрт алғаш рет кәсіби клубтың ойынын тамашалауға мүмкіндік алды. Оған негізінен қызылордалық жастар тартылды. Сонымен қатар, Алматыдағы футбол мектебінің бірқатар түлектері де жаңа команда құрамын толықтырды. 1968 жылы қазіргі Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион елдің игілігіне айналып, онда жергілікті команданың тұңғыш ресми кездесуі өткізілді. 
Жиырма жылдан астам қызылордалық клубтың құрамында тер төккен Әбіл Қалымбетовпен ол кісінің көзінің тірісінде біраз әңгімелескен едік. Өзінің футболшылық өмірін тек бір ғана командаға арнаған жан өткен шақтан бізге қызықты мәліметтер келтірді. Өзі де жасыл алаң төрінде жанкүйерді желпіндіріп, талай мәрте елдің алғысына бөленіп үлгерді. Шеберлігі арқасында жерлестерін қаншама рет тәнті еткенін көпшілік әлі де ұмыта қойған жоқ. Әбіл ағамыз команда құрылғанда оған алғаш шақыру алған ойыншының бірі болды. 
– Сол уақытта қызылордалық өрендер футболға ерекше қызығушылық танытты, – деді бізбен әңгімесінде ол кісі. – Қазіргідей жасыл алаңдар мүлдем жоқ-ты. Біз оған қарамайтын едік. Айтақыр шаңның үстінде күнұзақ доп қуалап жүретінбіз. Кейде үлкендер жағы біздің бұл тіршілігімізге қынжылыс білдіріп жататын. Осылай жүріп, футболдың қыр-сырын біршама меңгеріп алдық десек те болады. Өскеннен кейін бірқатар еңбек ұжымдарында ойын көрсете бастадық. Қызылорда топырағында тұңғыш мәрте кәсіби клуб құрылған кезде мен жиырма жасқа жақындап қалған едім. Оған Петр Боголюбов, Виктор Шишин, Юрий Дедиков сынды білікті мамандар бапкерлік жасады. 
Ол кісіден білгеніміз, команда атауы алғашқы жылда үш мәрте өзгеріпті. Әуелгіде «Қызылорда» атанған ұжым мамыр мен шілде аралығында «Волна» деген атаумен ел біріншілігінде облыс намысын қорғады. Сол жылдың шілдесі мен 1973 жылдың соңына дейін «Автомобилист» клубы ретінде бәсеке көрігін қыздырды. Біздің ұжым 1974-1978 жылдарда «Орбита», 1979-1989 жылдарда «Мелиоратор» атанды. Бас-аяғы жиырма жылға жуық уақыт шінде команда атауының бірнеше мәрте өзгеруіне оған қаржылай көмек көрсеткен мекеменің ауысуы себеп болған. Еліміз бостандық байрағын бекем ұстаған тоқсаныншы жылдардан бері «Қайсар» жергілікті жанкүйердің сүйікті клубына айналып отыр. 
1968 жылы командамыз сәтсіз ойын көрсетті. Одақтық футбол басшылығы екінші лигадағы бір топқа қазақстандық ұжымдарды топтастырды. Олардың жалпы саны 22-ге жуықтады. Атап айтқанда, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл, Целиноград, Жезқазған, Теміртау, Павлодар, Семей және Алматы секілді өңірлер өз клубтарын біріншілікке үкілеп қосты. Өкінішке орай, бұл бәсеке барысында командамыз өз тобында ең соңғы орынды місе тұтуға мәжбүр болды. Оның себебі де бар. Біріншіден, оған тәжірибесі аз жастар көптеп тартылды. Футболшылардың орташа жасы жиырманы құрайтын. Соның салдарынан жерлестеріміз 40 ойыннан кейін небәрі 13 ұпай жинады. 
1970 жылы жергілікті клубқа бас бапкер қызметіне белгілі спортшы Тимур Сегізбаев келді. Жасыл алаң үстінде шеберлігімен жанкүйердің жүрегіне жол тапқан жарық жұлдыз мұндай жауапты жұмысқа алғаш келіп тұрса да, өзінің біліктілігі мен қабілеті жоғары екенін көрсете білді. Жерлестеріміз барлығы 16 команданың арасында алтыншы орынға тұрақтады. Олар 30 ойыннан кейін 35 ұпай жинады. Қызылордалық футболшылар қарсыластар қақпасына 41 доп соғып, өз қақпасына 27 доп жіберіп алды. Команда 15 мәрте жеңіске жетіп, 5 рет тең түсіп, 10 ойында қарсыласына есе жіберді. 1971 жылы да дәл осындай жетістік қайталанды. «Орбита» 1972-1976 жылдар аралығында алғашқы ондықтан көрінсе, одан кейін он жылдай соңғы орындарда жүрді. 1987 жылы өз тарихында тұңғыш рет төртінші орыға көтерілді. Команданы мұндай жетістікке белгілі маман Юрий Хакимов жетеледі. 1988 жылы «Мелиоратор» КСРО кубогының 1/64 финалдық кезеңінде өз алаңында Тюменьнің «Геолог» клубын қабылдап, олардың қақпасына жауапсыз бір доп соқты. Соның нәтижесінде жарыстың келесі сатысына шығып, сырт алаңда ойнағанына қарамастан Ферғананың «Нефтяник» клубын орта жолда қалдырды. Бұл кездесудің негізгі кезеңінде қос қарсылас бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Жеңімпаз ойын соңынан кейінгі пенальти тебуден анықталды. Кубок ойындарының келесі кезеңі екі ойыннан тұрды. Бізге Украинаның Харьков қаласының «Металлист» клубы қарсылас болды. Украиналық ұжым сол кезеңде КСРО-ның жоғары лигасында ойын көрсететін. Харьковтегі ойынның бірінші кезеңінде қақпа құлпы ашылған жоқ. Келесі кезеңде алаң иелері екі доп соқса, қонақтар оған бір доппен жауап қайырды. Одақтың белгілі футбол мамандары «Мелиоратордың» жігерлі ойынын жоғары бағалап, олардан үлкен үміт күтті. Өйткені, біздің команданың келесі кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетсе, жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар еді. Өкінішке орай, барлығы керісінше өрбіді. Қарымта ойында харьковтік футболшылар бір доп соғып кетті. 1991 жылы тағы да жерлестеріміз одақтың екінші төменгі лигасында төртінші орын алды.
1992 жылы Қазақстан алғаш рет өзінің төл біріншілігін өткізді. Жоғары лиганың финалдық кезеңінде барлығы 14 команда жүлдені сарапқа салды. Олардың қатарында сол жылдан бастап «Қайсар» атауын иеленген біздің команда да болды. Өкінішке орай, келер жылы қызылордалық ұжым өте сәтсіз ойын көрсетті. Барлығы 25 команда арасында 20 орынға тұрақтады. Команда 1998 жылы жоғары табысқа кенелді. Ел біріншілігінде төртінші орынға табан тіресе, сол жылы Қазақстан кубогының финалдық кезеңіне шықты. Дегенмен, олар аталмыш кездесуде Павлодардың «Ертісіне» 1:2 есебімен есе жіберіп қойды. Есесіне 1999 жылы жерлестеріміз аталмыш кубокты төбесіне көтерді. Бұл әзірге «Қайсардың» қол жеткізген жоғары табысының бірі саналады. Соның нәтижесінде 1998, 1999 жылдарда Азияның кубок иелері кубогында сынға түсті. Алғашқы жылда беделді бәсекенің 1/16 финалдық кезеңінен бастады. Жерлестерімізге Түркіменстан астанасы – Ашхабад қаласының «Ниса» командасы қарсылас болды. Қызылордалық футболшылар өз алаңында 1:1 есебімен тең түссе, сыртта 0:1 есебімен жеңілді. Соның салдарынан жарысты жалғастырудан шет қалды. Есесіне келер жылы тәп-тәуір ойнады. Алғашқыда Тәжікстанның «Ходжа Каримов» клубын өз жерімізде 3:0 есебімен тізе бүктіріп, сырт алаңда да дәл осы есеппен жеңіліс тапқанына қарамастан, ойын соңындағы пенальти тебуден Сыр жігіттері сыр берген жоқ. Жарыстың келесі кезеңінде біздің клубқа Өзбекстанның Наманган қаласының «Навбахор» клубы жолықты. Біздің команда Қызылордада 2:2 есебімен тең ойнап, Наманганда 0:1 есебімен жол берді. Әзірге бұл «Қайсардың» халықаралық деңгейдегі соңғы матчтары болып табылады. Төртінші орынға тағы да 2008 жылы ие болды. Сол кезеңде жерлестеріміз бірнеше тур бойы қарсыластарын қапы қалдырып, көш тізгінін ешкімге бере қоймағанын айта кетуіміз керек. Үстіміздегі жылы «Қайсар» бірінші лигада ойнауда. Он сегіз команда арасында турнир кестесінің көш басында келеді. Команда алдында келер жылы Премьер-лигаға қайта оралу міндеті тұр. 
Сөз түйінінде айтарымыз, биыл біздің еліміздің футбол саласы үшін ерекше жыл болмақшы. Сол шежірелі тарихта біздің өңірдің де алатын орны бар. Айтпақшы, үстіміздегі жылы «Қайсар» да өзінің құрылғанына 45 жыл толуын тойлайды. Осылайша жергілікті жанкүйерлер қос мерейтойды қабат атап өтпекші.
Әділжан ҮМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<