Ауылда садақ тартып өспеген бала кемде-кем шығар. Ағаштан садақ жасап, ат жалын тартып мінген бозбала баяғының батырларына еліктейтін. Ат үстінде күн кешкен бабаларымыз тіршілігін де, салт-дәстүрін де, әдеп-ғұрпын да бір-бірімен байланыстырған. Көшпенді халықтың жауынгерлік өнерін жетілдіру үшін жамбы ату әдісін қолданғаны тарихтан белгілі. Бүгінде осы дәстүр ұлттық спорт түріне еніп, өткенді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа дәріптелуде. Осы орайда мергендік өнерінің дамуына үлес қосып, аймақ намысын қорғап жүрген жаңақорғандық Ғалымжан Өміртайдың есімі көпшілікке жақсы таныс.
Ол он жасынан бастап асауға бас білдірді. Көкпарға қатысты. Құрамада өнер көрсетті, біршама жетістікке жетті. Оның бала күнгі қызығушылығы, садақ тартуға деген әуестігі ақыры жамбы ату өнеріне алып келді. Қазір жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының екі дүркін жеңімпазы. Жаңақорған аудандық №7 спорт мектебінің жаттықтырушысы.
– Садақ тарту – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтардың бірі. Біз бала кезден атқа мініп, садақ тартып, көкпар шаптық. Ауыл балалары осылай ойнайтын. Оған қоса, жамбы атудан ересектер арасында ҚР қола жүлдегері, «Астана жұлдыздары» фестивалінің жеңімпазы атанған Бекқали Өзденбаевқа еліктедім. Содан арбаны сүйреп, ауыл сыртына шығып өз бетімше жаттыға бастадым. Нысананы дәлдеп атуға машықтандым. Әрине, шауып келе жатқан ат үстінде отырып садақ тартып, жамбыға дөп тигізу оңай емес. Үздіксіз жаттығу мен уақытты талап етеді. Мінген аттың да тілін таба білу керек. Жамбы атудан чемпионат өтеді дегенде өзім сұранып шықтым. Бірінші сайыста-ақ жеткен жетістігім жаттықтырушыларға ұнап, осы спорт түріне бағыттады, – дейді Ғалымжан.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды» деген болатын. Ұмтыла бастаған жамбы ату ойыны ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен қайта жаңғырды. Түрлі деңгейдегі сайыстар ұйымдастырылып, мергендер саны артты. Спорт мектептерінде жамбы атуды үйрету бөлімдері ашылды. Қолдаудың арқасында ат үстінде садақ тартатын шеберлер халықаралық жарыстарға да қатысып жүр.
Ғалымжан алғаш рет жамбы атудан 2018 жылы Петропавл қаласында өткен чемпионатта 3-орын алды. Былтыр Жаңақорған ауданында өткен Қазақстан чемпионатында 3-орынды еншіледі. Сонымен қатар Жамбыл өңірінде өткен ересектер арасындағы ҚР V чемпионатында бас жүлдені иеленді. Оның жетістігі халықаралық жарыстар жүлдегері, Әлем чемпионы атанған еліміздің әйгілі мергендерінен асып түскені ұлттық спорт мамандарын таңғалдырған. Жебесін алтын мен күміс жамбыға кезек-кезек қадап, ең жоғары ұпайды жинады. Осылай талай додада оза шауып жүрген спортшыларды қапы қалдырды. Биыл Шымкент қаласында өткен жастар арасындағы чемпионатта 3-орынды жеңіп алды. Жастар арасында 3 рет қола медаль еншіленген ол, бір мәрте ересектер арасында чемпион атанды.
– Спортшы 150 метр қашықтықты 16 секундта шауып өтіп, арасы 30 метрден орналасқан 3 жамбыға дәл тигізу керек. Ереже мүлтіксіз орындалуы тиіс, – дейді ол.
Ғалымжан қазір шәкірт те дайындайды. Алғашқы даярлық тобын жаттықтырады. Оларға садақ тартудың қыр-сырын және атта қалай отыру керектігін үйретеді. Білуімізше, ат спортындағы бұл чемпионаттар 14 жастан басталады. Оның алғашқы шәкірті Дінмұхамед Адырбек жастар арасындағы чемпионатқа қатысып, 6-орынды иемденген. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Сонымен қатар ол биыл Украинада өтетін этноспорт фестиваліне жолдама алған болатын және Венгрияда да өнер көрсететін еді. Алайда пандемияға байланысты бұл сайыстар кейінге қалдырылды.
Чемпионның алған қойған мақсаты көп. Қазақ ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында саятшылық өнерді де қолға алмақ. Осы бағытта біршама жобалар дайындап үлгерген.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<