Жеңіске жетелеген жол

1034

0

2005 жыл. Венгрия астанасы – Будапешт. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген балуандар әлем чемпионатына жиналды. Әрқайсысының мақсаты – бозкілем төрінде шеберлік көрсетіп, жеңімпаз қатарынан көріну. Дүбірлі додаға еліміздің атынан 55 келіде Ермек Көкетов те барған еді. Ол кезге дейін мұндай жоғары деңгейдегі жарыстарда бақ сынап көрген жоқ болатын. Аты-жөні беймәлім балуан өзінің қаншама қарсыласын ой сарабынан өткізіп, іштей ширықты. Сырдың топырағында кіндік қаны тамып, киелі мекенде аунап-қунап өскен шынашақтай бала өзінің сәтті сағатын күтті. Мұндай беделі биік бәсеке күнде бола бермейді. Сәтін салған екен, ешкімге сыр бермей, өзіңнің шеберлігіңді паш ете білуің керек. Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол созған Ермек осылайша қазақ еліне көл-көсір қуаныш сыйлады. Қазір сол бір уақытты ой елегінен өткізеді. Күрес өнеріне алғаш қадам басқан кезең де көз алдында көлбеңдейді.

Талантты таныған бапкер

Бізбен әңгімесінде кейіп­ке­ріміз балалық шақта спортқа жа­саған алғашқы қада­мынан ой өрбітті.

– Шамамен 1992 жылдар. Ол кезеңде қалада көпқабатты үй­лердің бірінде тұрамыз. Көрші пәтерде тұратын Руслан есімді досым бір күні маған ұсыныс айтты. Өзі күрестен үйірмеге қатысып жүргенге ұқсайды. «Соған сен де жүрсеңші» деді сосын. Ал­ғашқыда ойланып қалғаны рас. Ойлана келе, досыммен бірге сол үйірменің есігін аштым. Бізді Сәбит Құнанбаев есімді бапкер қарсы алды. Грек-рим күресінің әліппесін үйретті, – деді Ермек әңгіме басында.

Арада бір-екі жыл өт­кенде отбасы жұмыс бабымен Жаңақорған ауданына қа­расты Төменарық ауылына барды. Елді мекенде грек-рим күресінен үйірме жоқ екен. Спортқа құмар жас өрен өзінің бабын жоғалтпауға тырысты. Ауылда Мейір Кенжебеков сынды тәжірибелі бапкерден тәлім алып, қазақ күресінің қыр-cырына қанықты. Тіпті, одан жасөспірімдер арасында облыстық біріншілікте топ жарғаны тағы бар. Көп ұзамай отбасы қайтадан Қызылорда қаласына оралды. Ермек өзінің сүйікті спортымен айналысуына мүмкіндік туды.

Әкесі Алпысбай баласы­ның спорт мектебіне келуіне ықпал етті. Бұл жерде өзінің бұрынғы бапкері Сәбит ағайы да қызмет атқарады. Сол мектепте өңірдегі білікті бапкердің бірі Виктор Юнмен танысты. Тәжірибелі маман Ермекті сырттай бақылап жүрген секілді. Оның қабілет-қарымын тара­зылап, қызығы мен қиын­дығы қатар жүретін күрес түріне баулыды. Кейбір сәттерде өзінің ақыл-кеңесін қосты. Бала ғой. Ермек өзі қиналған кезінде спортпен қош айтысуға да бел байлаған. Алдағы өмір жолы талқыға түскен осындай уақытта бапкері нақты шешім қабылдауға тікелей ықпалын тигізді.

– Қазір ойлап қарасам, олардың барлығы шолақ шешім екен ғой. Сол сәтте қасым­нан табылған бап­кер­леріме ризамын. Виктор Юн ұстазым да менің спортта одан әрі толысуыма жол ашты. Маған тағы бір әсер еткен нәрсе – әкемнің айтқан шешімі. Ол – көп сөзге жоқ адам, нақты айтады. Сол уақытта әкемнің қас-қабағынан ұққаным: бір нәрсені ойға алған екенсің, оны орта жолда тастап кетуге әсте болмайды. Осыдан кейін өзімнің жаным қалаған күрес түрінен жоғары нәтиженің біріне қол жеткізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Бұл өмірлік қағидама айналды, – деді Ермек бізбен сыр бөлісіп.

Уақыт көші өз ырғағымен алға жылжып жатты. Балуан бала түрлі жарыстарға қатысып, шеберлігін арттыра түсті. Алғашқы қатысқан республикалық турнир Ақ­төбе облысының Шалқар қала­сында өткен болатын. Жастайынан ширақтық танытып, шымыр болып өскен шынашақтай бала сол жарыс­тан құр қол қайтқан жоқ. Жеңімпаз тұғырынан көрініп, өзіне тілеулес барша жұртты қуантты.

Жеңіске жетелеген жол

Одан кейінгі жылдарда жас­тар арасында да бақ сынап көрді. Ол уақытта күрестің аталған түрінен бәсеке өте үлкен еді. Алдыңғы орындардан үнемі еліміздің шығыс аймағынан келген балуандар көрінетін. Ермек кейде оларды жеңіп, кейде есе жіберіп жүретін. Бапкерлер үнемі үздік үштіктен көрініп жүрген шәкірттерін көзден таса етпейтін еді.

Сынған қабырға, жарылған қабақ…

Ересектер арасында сын­ға түскен сәттерде де сол әріптес достарымен үнемі шеберлік бай­қасты. Өмір­де достар бол­ғанмен, боз кілем үстінде бір-біріне есе жібермеуге тырысатын. Қолайы келсе, қарсыласты қапы қалдыруға тиіссің. Өйткені, бұл – спорт.

Сол бір уақытта 55 келі салмақта Асхат Жүрсінбаев, Әсет Иманбаев және Ермек Көкетов сынды балуандар арасында өзара бәсеке қызып жататын. 2005 жылы ел біріншілігінде Ермек қола жүлдені қанағат тұтты. Алдыңғы екі спортшы бірінші және екінші орынды өзара бөлісті. Сол жылы Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында Азия чемпионаты жала­уын көтерді. Өкініштісі, оған елі­міздің атынан қатыс­қан Асхат Жүрсінбаев жүлдегерлер қатарынан кө­ріне алған жоқ. Бапкерлер енді Әсет пен Ермектің ше­берлік деңгейін таразыға тартуға шешім қабылдады.

– Бапкерлер Ресейдің Тверь қаласында белгілі балуан Иван Поддубный атындағы халық­аралық турнирге еке­уімізді де аттандырды. Сәтін салғаны шы­ғар, аталған жарыста жүлделі орынның біріне қол создым. Ал Әсет өзінің бабында болмаған секілді. Екеуміздің қабілет-қарым дең­геймізді бір жарыстан анықтау бапкерлерге оңайға соққан жоқ. Бізді тағы бір халықаралық турнирде сынап көруге шешім қабылдады. Олардың көңілінен шығатын деңгейде шеберлік көрсете алдым деп ойлаймын. Оған  қоса  Әсеттің алған жарақаты Әлем чемпионатына баруына кедергісін келтірді. Іштей бапкерлердің ұлттық құрама сапына аталған салмақта мені қосатынына сенімді болдым. Дүбірлі додаға дайындығымды пысықтай түстім. Уақыт өте келе мамандар нақты шешімге келіп, Венгрия жеріндегі беделді бәсекеге баратын балуандар тізіміне мені қосты, – деді Ермек сол бір шаққа ойша оралып.

Ол қаншама жылдан бері төккен тердің өтеуі қайтатын сәттің жеткенін түсінді. Уақытты алтындай бағалап, Әлем чемпионатына әзірлігін пысықтай түсті. Ұзақ жылдар бойы күткен күн де келіп жетті. Венгрия астанасына бет алған ұшақ ішінде бара жатқан қазақстандық балуандар арасында Ермек те алдағы жарысқа жос­пар құрып, қарсыластарын қапы қалдыру әдіс-тәсілін ой елегінен өткізді. Мұндай сәт күнде туа бермесі анық. Өзін жарқыратып көрсетуі тиіс. Әкенің, бапкердің, тілеулес барша жұрттың үмітін ақтауы қажет. Осындай ой Ермекті тағы бір мәрте ширата түсті.

Әлем чемпионаты басталатын күн де жетті. Ермек секілді балуандар салмақ өлшеу шартымен барлығы бір жерге жиналды. Оларға көз салып қояды. Бәрі өзгеге сыр білдіргісі келмейді. Маңғаз қалпымен өзін жоғары көрсетуге тырысады. Осылайша жеребе тарту рәсімі де келді. Әрбірінің қарсыласы анықталды.

Ертеңіне балуандар боз­кі­лем үстінде жарыс көрігін қыздырды. Ермек алғашқыда Грекиядан келген балуанмен шеберлік байқасты. Оның ұлты армян болғанмен, өзге елдің атынан шығуды жөн санаған екен. Афины Олимпиадасында қола жүл­дегер атанған. Әуелгіде қазақ­стандық балуанды же­ңетініне сенімді шыққан ол одан кейін жеңістің қолдан сусып бара жатқанын түсінді. Үш кезеңнің нәтижесімен Ермек алға шыққан еді. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласы баспен оның оң қабағын жарып жіберді.

– Төрешілер қарсыла­сым­ның бұл қылығын дөрекілік  деп таныды. Оны Әлем біріншілігінен шетте­туге шешім қабылдады. Қаба­ғымның жарылуына бай­ланысты дәрігерлер мені жа­рысқа қатыспауға үгіттеді. Дегенмен, алған бетімнен қайтқаным жоқ. Мұндай сәт енді мүлде келмеуі де мүмкін ғой. Осындай ішкі ­ойыммен арпалысып жатырмын. Жарысты жалғастырамын деп шештім. Дәрігерлер қабағымды таңып берді. Ендігі кезекте бозкілемде қырғыз балуанымен белдестім. Же­ңіске жету жолында спортшылар барлығына барады. Қарсыласым байқатпай қабақ тұсыма шынтақпен соққы береді. Оған қарағаным жоқ. Қырғыз балуаны да осал емес. Талай бәсекеде топ жарған тәжірибелі спортшы. Десе де, мен одан қаймыққан жоқпын. Төреші менің қолымды көтерді. Ширек финалда армян балуаны жолықты. Ол – Олимпиада мен Әлем чемпионатында олжа салған саңлақ. Бұл белдесуден де іркілмей өтіп, жартылай финалда ирандық жігітке қарсылас атандым. Алған жарақатым да сыр беріп қояды. Оны жеңсем, финалға шығамын. Алайда, бұл жолы әлемдік бәсекелерде талай мәрте топ жарған ирандық балуанның жолы болды. Қола жүлде үшін сайыста Олимпиада мен Әлем біріншілігінде жүлде алған кубалықпен жолым түйісті. Қуаныштысы, сол жолы мен өзімнің ойлағанымды жүзеге асырдым. Қарсыласымды қапы қалдырып, қола медаль ие­гері атандым. Әрине, аталған жарақатым болмағанда одан да жоғары нәтижеге қол жеткізер ме едім. Жарақатым менің толық ашылуыма кедергі келтірді-ау. Бапкерлерім менің бұл жетістігіме оң бағасын берді, – деді Ермек бізбен әңгімесінде. 

Беріде қызыл­ордалық балуан Азия чемпионатында үздік үштік­тен көрінді. Ал 2008 жылы Олимпиадаға іріктеу саты­сын­дағы ойындарға қа­тысты. Аталған сында финалға дейін жетті. Қарсыласы – Солтүстік Кореядан келген спортшы. Белдесу барысында қарсыласын қапы қалдырған еді. Ортадағы төреші кездесуді тоқтату жөнінде ишара біл­дірді. Бұдан кейін барлық төреші жиналып, ортақ шешім шығарды. Ермектің жеңіп тұрғанына қарамастан, жеңісті қарсыласына беру жөнінде байлам жасады.

Одан кейінгі жылдарда бірқатар жарыстарға қатысып жүрді. Дегенмен, беріде спортпен қош айтысу жөнінде ойға келді. Орнын ізінен ерген әріптес інілеріне бергенді дұрыс көрді. Содан бергі кезеңде спорт саласында түрлі қызметтер атқарып, қолы қалт еткен сәтте жаттығу залынан табылады. Бүгінде еліміздің күрес түрлері федерациясы облыстық филиалында басшылық қызмет атқарады. Түстен кейін жас балуандарға ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсетуге асығады.

Дарынды жастар көп

Ермек қазір елімізде та­лантты балуандар көп екенін айтады. Олардың қата­рын­да қызылордалық жас­тар да бар. Соңғы жылдарда қызыл­ордалық Айдос Сұл­танғали дүниежүзілік додаларда жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді.

– Ол 2018 жылы Әлем чем­пионатында қола жүлдегер атанды. Қызығы, аталған дү­бірлі дода мен ойын көр­сеткен Венгрия астанасы Будапешт қаласында өтті. Айдос 60 келіде сынға түсіп, қазақ еліндегі жанкүйер қауымына үлкен қуаныш сыйлады. Ол биыл Азия біріншілігінде алтын медаль алды. Айта кетерлігі, біздің облыста грек-рим күресінен мұндай жоғары нәтижеге қол созған ешкім жоқ. Оның өзін көрсететін шағы әлі де алда деп ойлаймын. Қазір жаттығу залына барғанда барлық өренге көз салып қарап жүремін. Арасында өте еңбекқор, шымыр, өжет балалар да бар. Енді біз сол балалардың жұлдызын жағуға барынша қамқорлық танытуымыз керек. Барлығымыз сол жолда тынбай еңбек етіп келеміз, – деді Ермек бізбен әңгімесінде. 

Ол сөз арасында қазір жастардың өзін көрсетуге барлық мүмкіндік бар екенін айтады. Өңірде кейінгі жылдары көптеген жаңа спорт ғимараттары бой көтерді. Тіпті, ауыл-ауылдарда осындай сәу­летті орындар ашылды. Ол кешендерге білікті мамандар қызметке шақырылды. Ендігі кезекте өрендер тынбай тер төгіп, өзінің қабілеті мен қарымын көрсетуі қажет. Ауылда жүрсе де әлемдік додаларға жолдама алуына әбден болады.

Кейіпкеріміз Ермек Кө­кетов осылайша толғанысқа бе­рілді. Бәрі де көз алдында күні кешегідей тізбектеліп өтіп жатыр. Өмірдің сан алуан шағы болады. Асқақ арманы бар спортшы қай кезде де сағы сынбауы тиіс. Сонда ғана үлкен жеңістер өздігінен келеді.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<