Жүгірген жетістікке жетеді

1198

0

Жексенбі күні облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өңір тұрғындарының арасында «Syr Jastary» жүгіру марафоны өтті. Спорттық іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Артур Қамбаров қатысты.

Халық арасында салауатты өмір салтын дәріптеуді көздеген марафонға 200-ден аса тұрғын атсалысты. Сондай-ақ, аудандардан келген әуесқой спортшылар да белсенділік танытты. Марафоншылар жарыс барысында 8 шақырым жолды еңсерді. Аталған марафон қаладағы «Эдельвейс» саяжайынан бастау алып, «Болашақ» университетіне дейін жалғасты.

– Ең алдымен бүгінгі марафонды ұйымдастырған облыстық жастар ресурстық орталығына алғыс айтамын. Қаламызда ұйымдастырылатын  осындай спорттық және мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысушылар санының артқаны қуантады. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Спортсүйер қауымға өз ризашылығымызды білдіремін, – деді А.Қамбаров.

Қатысушылардың айтуынша, велошерулер, ұлттық ойындар, спорттық сайыстар өз кезегімен ұйымдастырылып тұрады. Ал, жүгіру марафонының орны қашанда бөлек. Салауатты өмірді осылай насихаттаудың жастар үшін маңызы зор. Себебі, жарысқа қатысушы әрбір адам спортты тұрақты түрде жанына серік етеді. Ал, дене шынықтырумен күнделікті айналысқан адамның өзіне де, қоғамға да тигізер пайдасы көп.

Сайыс нәтижесі бойынша ерлер арасында жүлделі бірінші орынды Тұрсын Керімбердиев иеленсе, екінші орынға Күмісбек Қонақбаев, ал үшінші орынға Нұрбол Құрмантайұлы қол жеткізді. Әйелдер арасындағы сайыста Эльмира Райымқұлова топ жарды. Екінші орын Айнұр Асылбекқызының еншісіне бұйырса, үшінші орынды Шамшырақ Сержанова иеленді.

Сонымен бірге, Сырымбет Қашақбай «Ерлер арасындағы ең жас қатысушы», ал Нина Тен «Әйелдер арасындағы ең жас қатысушы», Бәкір Уәлишер «Ерлер арасындағы ең үлкен қатысушы», Ирина Юнгкинд «Әйелдер арасындағы ең үлкен қатысушы» номинациясына ие болды.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен номинация иегерлері арнайы Алғыс хатпен марапатталып,  қаржылай сыйақы иеленді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<