2020 жыл: ол қалай қорытындыланды?

1196

0

2020 жыл бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан және Сыр өңірі үшін де сындарлы кезең болды. Күллі жаһанды шарлаған коронавирус дерті экономика мен әлеуметтік саланы қожыратып, ел тұтас жыл ішінде төтенше жағдайда еңбек етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы тұрақтандыру мақсатында қабылдаған шаралар нәтижесінде көп қиындықтардың алдын алу мүмкін болды. Қазақстан мен Сыр өңірі осының нәтижесінде экономика мен әлеуметтік саланың тұрақтылық сипатын біршама сақтап қалды.
Сонымен облыс 2020 жылды төмендегідей нәтижемен қорытындылауға қол жеткізді.


ӨНЕРКӘСІП

Өткен жылы облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 600 млрд теңгеден астам өнім өндірді. Бүкіл Қазақстандағы сияқты өнеркәсіптің негізін Сыр өңірінде тау-кен өндірісі құрайды.

Әлемдік мұнай нарығында өнім бағасының күрт төмендеуі салдарынан халықаралық деңгейде әдеттен тыс шаралар қабылданды. Бір-бірімен сабақтас салаларда өнім көлемінің төмендеуі байқалды. Ол салаларға кокс және мұнай өңдеу өнімдері, химия өнер­кәсібі, машиналар мен жабдықтарды жөндеу, резеңке және пластмасса бұйым­дарын өндіру, металлургия, т.б. жатады.


Жыл ішінде жалпы құны 43,6 млрд тенгені құрайтын бірнеше жоба жүзеге асырылды.
Облыста мемлекеттік индустриялан­дыру бағдарламасы бойынша белгіленген міндеттер негізінен орындалды.
Олардың қатарында Арал ауданындағы «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық цехын салу», сондай-ақ кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинаты» жобасы, тауарлы балықты өсіру және терең өңдеу цехы жобалары жуырда пайдалануға берілді.


Қызылордалықтардың шыны зауы­тының пайдалануға берілуін күтуі – заңдылық. Құны 40 млрд теңгеден астам жоба 2021 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қытай Халық республикасынан мамандардың келу мерзімінің кешігуіне байланысты жоба алдағы уақытта пайдалануға берілетін болады.


Облыста индустриялық жобалардың пайдалануға берілуімен бірге мыңдаған жұмыс орындары ашылатын болады.

ҚҰРЫЛЫС

Облыста кейінгі жылдары ерекше қар­қынмен дамыған салалардың бірі –құрылыс.

Биыл 90 млрд теңгенің жұмысы атқарылды. 600 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Бұл жалпы дағдарысқа байланысты 2019 жыл­мен салыстырғанда төмен көрсеткіш бол­ғанымен, облыста тұрғын үй нарығын қалып­тастыру, жұмыс орындарын сақ­тау бойынша тиісті нәтижелерге қол жеткізілді.


2020 жылы облыста 1946 пәтерлік 98 тұрғын үй салынды.


Өткен жылы Байқоңыр қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 30 жылда алғаш рет 250 пәтерлік 5 тұрғын үй салынып пайдалануға берілді.
2021 жылы Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үй салу жалғасын табатын болады. Кезекте тұрған 1300-ден астам қазақстандықты ескере отырып, Байқоңыр қаласында тағы 50 пәтерлік 5 үйдің құрылысын 2021 жылы бастау туралы шешім қабылданды.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

Облыста 2020 жылдың 11 айында 136 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда өсім 1,4%-ке артқан.

Ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция 10,7 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өскен. Сондай-ақ, тамақ өнімдерін өндіруде негізгі капиталға 1,2 млрд теңге инвестиция салынып, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,6 есеге ұлғайса, осы жылдың 10 айында облыстан 29,1 млн долларды құрайтын 87,4 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылмен салыстырғанда 114 процентті құрады.


Биыл 551 мың тоннадан астам күріш жиналды. Сонымен қатар, есепті кезеңде 33,8 мың тонна ет, 81,3 мың тонна сүт және 6,9 млн дана жұмыртқа өндіріліп, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет өндірісі 2,6 және сүт өндірісі 2,6 процент артты. Облыста малдың басы барлық түлік түрі бойынша өсті.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

«Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолының қайта жөнделуіне байланысты жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасына енгізілді. Қазір Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі осы жолды қайта жаңғыртудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірледі.


Облыс халқының 97 проценті орталықтандырылған сумен, 63 проценті табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Жыл соңына дейін облыс халқының 70 проценті табиғи газға қол жеткізеді. Үстіміздегі жылы су құбыры және кәріз желілерін қайта жаңғыртуға жалпы құны 4,2 млрд теңге болатын 28 жобаны іске асыру жұмысы жүргізілуде. Осының өзі облыстың 100 мыңнан астам тұрғынын таза ауызсумен қамтамасыз ететін болады.


2020 жылдың соңына Қызылорда қаласы және қала маңындағы елді мекендердің бір бөлігі (Тасбөгет, Қызылжарма, Талсуат, Белкөл, Қарауылтөбе, Досан), 5 аудан орталығы (Арал, Әйтеке би, Тереңөзек, Шиелі, Жаңақорған) және Байқоңыр қаласы, 5 ауылдық елді мекен (Арал ауданы Жақсықылыш кенті, Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылы, Шиелі ауданының Жақаев, Бидайкөл, Байсын ауылдары) табиғи газбен қамтамасыз етілді.


2021 жылы «Жұмыспен қамтудың Жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында жалпы халық саны 59 мың адамнан асатын 10 елді мекенді газбен жабдықтау қолға алынады.


Облыс бойынша 1812 қосалқы станция және 9834,74 шақырым түрлі кернеулі электр желілері бар. 2020 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 3 млрд 53 млн теңге бөлініп, 2 қосалқы станция және 100 шақырым электр желілері қайта құрылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыстың электрмен жабдықтау желілерінің тозуы 71%-тен 69%-ке дейін төмендеді.


2021 жылы Қызылорда қаласында облыстық бюджет қаражаты есебінен 4 қосалқы станцияны қайта жаңарту жоспарлануда.


Облыста 204,5 шақырым жылу желілері бар. «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында 2020 жылы 7,8 шақырым жылу желілері қайта жаңартылды, нәтижесінде жылу желілерінің тозуы 42%-тен 39%-ке дейін төмендеді. 2021 жылы 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 6,5 шақырым жылу желілерін қайта құру жүргізіледі.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА

Әлемді шарпыған коронавирустың салдарынан жіберілген біршама кемшіліктердің орны толтырылды. Қазір аймақта оның екінші толқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. 3000-нан астам төсек-орынды қамтитын стационарлар әзірленді. Жақын арада жұқпалы аурулар ауруханасы іске қосылады.


Әлеуметтік сала бойынша облыста 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласында аудандық орталық аурухана салу мәселесі түбегейлі шешілді.
Жыл ішінде негізгі әлеуметтік саланың бірі – білім беруде мемлекеттік бағдарламалардағы көрсеткіштер толық орындалған.


Айталық, 1-6 жастағы бала­ларды балабақшамен қамту жос­пары 81 процентті құрауы керек болса, 11 айдағы нәтиже 84,9%-ке жетті. Ал, 3-6 жастағы балаларды қамту 100% орындалды.
Биыл 70 орынға арналған 3 мектепке дейінгі білім беру ұйымы ашылды. Ал, 2021 жылға қарай 1500 орынды құрайтын 18 жеке балабақша, 610 орындық 34 қосымша топ ашу межесі тұр.


Сонымен бірге 2021 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде 300 орындық, Жаңақорған ауданы, Майбекет шағын ауданында 300 орындық мектеп ел игілігіне беріледі. Мұнан бөлек, келесі жылы Арал қаласындағы №71 мектептің құрылысы басталады. Ал, Қызылорда қаласынан «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық, жеке инвестор есебінен «Саяхат» шағын ауданынан 300 орындық мектеп құрылысы іске асуда.


Арнайы «Жол картасы» арқылы өңірде бір жыл ішінде 48 балабақша мен 43 мектепте инклюзивті кабинеттер ашылған.


Облыста апатты жағдайдағы мектептерді жою бағытында жұмыстар жалғасын табуда. Үстіміздегі жылы 300 және 500 орындық екі мектеп салынуда. Оның біреуі пайдалануға беріледі. Жеке мектептердің үлесі артып, 500 орындық жаңа «Зерде» мектебі ашылды.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ

Аймақта халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары нәтижесінде бүгінгі күні 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, оның 14 мыңы тұрақты жұмыс көзін құрады. Сонымен бірге «Еңбек» бағдарламасына 35 мыңнан астам азамат тартылған.


Ал, дағдарысқа қарсы шара ретінде қабылданған 2020-2021 жылдарға арналған «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» аясында 291 жоба іске асырылып, 9944 адам еңбекпен қамтылған.


Бағдарлама аяқталғаннан кейін жаңа нысандардың құрылысы арқылы 452 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Өтпелі кезеңнің қиындықтарына қарамастан өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталуда.


Өңірде жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес қысқа мерзімді оқыту бойынша 1036 жұмыссыз азамат жолданса, «Бастау-бизнес» жобасы шеңберінде «Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» курсын 2181 азамат аяқтап, 823 адам шағын несие алды. Ал, 4692 адам жаңа бизнес идеяларды іске асыруға қажетті мемлекеттік грант алып, өз кәсібін ашты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<