Әлемдік сарапшылар 2020 жылғы коронавирус салдарынан болған жаһандық экономиканың құлдырауын 2021 жылы біршама деңгейде қалыпқа келеді деген болжам жасаған болатын. Болжамдар қазір шындыққа айнала бастады. 2020 жылдың соңынан басталған мұнай нарығындағы баға едәуір көтеріліп, ол барреліне 70 долларға дейін өсті. Кейін біршама төмендегені болмаса, баға өндірушілер үшін тиімді болып қалыптасты. Бірақ асығыстық жасауға әлі ерте, әлемдегі жағдай тағы күрделі сипатқа ене бастады. Коронавирустың үшінші толқыны Еуропаның бірқатар елдерінде карантин шектеулерін қабылдауға мәжбүрледі.
Өткен жылы әлемдегі мұнай өндіруші және оған енбейтін елдер ұйымы (ОПЕК) өзара мәмілеге келіп, нарықтағы «қара алтын» өндірісін төмендетуге келіскен болатын. Әртүрлі пікірлердің қалыптасқанына қарамастан, аталған шешім тиісті нәтижеге жеткізді. Қазір нарықта қолайлы жағдай қалыптасты. Бұл – Қазақстанға да тиімді.
Сәл шегініс жасайық. 2020 жылы әлемдік мұнай нарығында құлдыраудың бірнеше толқыны болды. Оған бірнеше фактор әсер етті. Олар сұраныстың күрт төмендеуі кезінде шикізаттың шамадан тыс өндірілуі, пандемия және оған қатысты шектеулер еді. Бір ғана наурыз айында мұнай бағасы екі есе арзандады. Баға барреліне 20-25 долларға дейін төмендеді. Бұл – әрине, мұнай өндіруші елдер үшін алаңдатарлық жағдай.
Алайда, күздің соңында нарықта қуатты серпін пайда болды. Батыстық вакциналардың сәтті сынақтары туралы оңды жаңалықтар, АҚШ президенті сайлауының нәтижелері мен Джо Байденнің жасыл технологиялардың жақтаушысы ретінде америкалық мұнайшыларды қолдамайтыны туралы мәлімдеме жалпы дәстүрлі энергияның бағасы көтерілуіне оңды ықпал жасады. Алдағы уақыттан не күтуге болады?
Өткен жылдың желтоқсан айының басында ОПЕК+ альянсының елдері қаңтардағы өндірісті тәулігіне 500 мың баррельге көбейту туралы шешім қабылдады. Әрі қарай жоспар министрлердің ай сайынғы кездесуінің нәтижелері бойынша нақтыланатын болып шешілді. Алайда, жаңа келісімдердің әрекет ету мерзімі белгіленген жоқ.
Brent барреліне 50 долларға сенімді түрде жақындады. Кейінгі айларда ол тіпті 65-70 долларға дейін өсті. Соңғы оқиғаларға тоқталайық. Суэц каналындағы мұнай тасушы танкерлердің қайраңға тұрып қалуы салдарынан әлем экономикасы өзіне тиісті «қара алтын» сұранысынан айырылды. Бұл өз кезеңінде нарықтағы бағаға әсер етпей қалған жоқ. Еуропалық сарапшылардың атап көрсеткеніндей, қазір қайраңда тоқтаған баржалардың зияны аптасына 10 млрд доллар көлемінде бағаланып отыр. Осының өзі алдағы уақытта мұнайға деген бағаның төмендемейтінінен хабар бергендей. Қазір каналдағы қозғалыс қалпына келтірілді.
Сарапшылар қазір пандемияның екінші толқыны аяқталмай жатып, тіпті, үшінші толқыны басталғанын айтуда. Еуропа елдері карантин жариялап экономика өсімін баяулатуда. Олардың қатарында Португалия, Бельгия, Чехия тағы басқа елдер бар. Демек, мұнай нарығындағы сұраныс қалпына келтірілгенімен әлі айқындылық байқалмайтын сыңайлы.
Бірқатар сарапшылар АҚШ-тың соңғы айларда өндірісті миллион баррельге арттыруына байланысты бірінші тоқсанда мұнай бағасы 40-42 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Содан кейінгі жағдай әлемдік державалардың пандемиядан қалай шығуына байланысты болады деген пікір айтуда. Бірақ әзірге бұл болжамдар расқа айналмады.
Бұл орайда америкалық жетекші банктердің мұнай бағасының 60 долларға дейін артуын болжағанын еске алғанымыз абзал. Атап айтқанда, Bank of America (BofA) 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңында Brent 60 доллар деңгейінде қалыптасатынын болжайды.
Жалпы экономикада алдын ала болжам жасау күткендегідей нәтижелерге жеткізе бермейтінін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Коронавирус дерті басталғанда бірқатар сарапшылар енді «дәстүрлі отынның күні бітті» деген сәуегейлік айтқан еді. Бүкіл әлем бойынша ендігі жерде «жасыл экономиканың» қадамы басталды деген пікірлер жаппай айтыла бастады. Қазір жағдай өзгерді. Әлем технологиялық жағынан түбегейлі өзгеріске дайын болмай шықты. Себебі дәстүрлі емес отынның өзіндік құны қымбат. Ол өзін-өзі ақтамайды. Әңгіме бұл тұрғыда әлем жұртшылығын алдап, саяси мәлімдемелерден әріге аспай отыр. Мұны – бір деңіз. Екіншіден, АҚШ әкімшілігі де әзірге бұл идеяны қолдайтын сыңайы байқалмайды. Себебі саясатты қанша алға тартқанмен, бұл жобаның тым қымбатқа түсетіні күн өткен сайын айқындала түсуде.
Қорыта айтқанда, әзірге Қазақстан мен Ресей сияқты дәстүрлі отынға бай елдердің жағдайы бөтен болмайтын сыңайлы. Бұл – әлбетте, жақсылықтың нышаны.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<