Әлемдік мұнай және астық өндіру нарығы:
Дәйектер мен болжамдар
Короновирустан кейінгі әлем экономикасының тұралауына қатысты қазіргі және таяу уақытқа арналған болжамдық деректер әзірге көңіл көншітпейді. Дегенмен, бұрын айтылған болжамдардың кейін расқа айналып, біршама оңды көрсеткіштермен сипатталғанын атап өткіміз келеді. Бұл орайда Қазақстан Республикасының экспорттаушы өнімдерінің қатарында белді орын алатын мұнай және астық нарығы бойынша әлемде қалыптасқан жағдайға шолу жасағанды жөн көрдік.
Мұнай
Осыдан біршама уақыт бұрын әлемдегі мұнай экспорттаушы елдер мен оған енбейтін елдер (ОПЕК+) арасындағы өнім көлемін қысқарту туралы келісім-шарттары әзірге міндеттемеге сәйкес орындалып отырғанын атап өткіміз келеді. Қазір әлемде мұнай нарығында біршама оңды жағдай қалыптасып келеді. Мұнайдың «Brent» сортының бағасы барреліне 42 доллардан қалыптасты. Бұл – Ресей үшін қолайлы, Қазақстан үшін біршама қанағат етуге тура келетін баға.
Мұнайды көп өндіретін Сауд Арабиясына қазіргі нарық өте қолайсыз. Сарапшылардың айтуынша, бұл елдің бюджеті мұнайдың барреліне 80 доллар бағамына негізделген. Әзірге әлем экономикасындағы жағдай әлі күрделі. Көптеген елдерде шикізат, әсіресе мұнай өнімдеріне деген сұраныс өте төмен. Себебі карантин режимі алынбаған елдерде экономика толыққанды жұмыс істеп кету үшін біршама уақыт керек.
ОПЕК келісіміне қатысты АҚШ президенті Трамптың өзі бас болып қолдау білдірген еді. Алайда соңғы күндері АҚШ-та пандемияға қатысты жағдай ушыға түсті. Бұл экономиканы тұралатып, мұнайға деген сұраныстың күткендегіден біршама төмендегенін аңғартты.
Алдағы тамыз айында ОПЕК келісіміне сәйкес мұнай өндіру көлемінің қысқаруы біршама бәсеңдейді. Қазіргі әлемдік өндіру тәулігіне 9,7 млн баррельден тамызда 7,7 баррельге түседі. Сарапшылар осы көлемнің мұнай бағасының тұрақтануына немесе көтерілуіне әсері болады деген еді. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Себебі әлем экономикасындағы ахуал әлі күрделі күйінде қалуда.
Сарапшылардың пікірінше, соңғы айларда әлемде алтын бағасы күрт көтерілді. Себебі оған сұраныс артты. Өткен жылмен салыстырғанда, баға өсімі 50 процент. Бұл бір жағынан Қазақстанға қолайлы. Әлемнің алтын өндіруші алғашқы 14 мемлекетінің қатарына кіретін Қазақстанның алтын-валюта резервін сақтап қалуға мүмкіндігі мол.
Астық
Әлемдік сарапшылардың үстіміздегі жылғы мамыр айындағы болжамдарына қарағанда Қазақстанда 2020-2021 жылдар маусымында астық көлемі ұлғайып, экспорттық мүмкіндік артатын болады. Әрине, бұған тек қуануымыз керек. Себебі аграрлық секторда бидайдан өнделген ұн – Қазақстанның басты экспорт мүмкіндігі. Дегенмен, әлемде қалыптасуы мүмкін жағдай агросектордың ақуалына сын болғалы тұр. Кейбір пікірлерге қарағанда АҚШ пен Еуропа елдерінде бидай өндіру біршама төмендейді. Оның бір жағынан жүгеріге де қатысы бар.
Халықаралық астық жөніндегі кеңес сарапшыларының пікірінше, әлемде астық өндіру көлемі бұрынғы көлемнен 1 млн тонна артатын болады. Есесіне оны тұтыну көлемі 11 млн тоннаға, яғни 2 млн 192 мың тоннадан 2 млн 180 мың тоннаға кемиді. Демек, өндіру мен оның тұтынуы арасындағы теріс баланс 5 млн тоннаны құрайтын болады. Оның себебін сарапшылар толық айта алмайды. Бұл жағдайдың баға құрылымына әсер етуі әбден мүмкін деген пікірлер де жоқ емес.
Бидай өндіруде Еуропалық одақ әлемдегі алдыңғы қатардағы қауымдастықтың бірінен саналады. Одан кейінгі орындарды Қытай, Индия, Ресей алады. Ресейде соңғы жылдары санкцияларға қарамастан агросектор өнімдерін экспорттау алдынғы қатарға шықты. Бұл орайда Қазақстанның өз деңгейіндегі экспорттық мүмкіндіктері бөтен еместігін атап өткіміз келеді.
Жолдасбек Ақсақалов,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<