Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының орындалу жайы талқыланды.
«Қарапайым заттар экономикасы» туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылды. Елбасы тапсырмасын іске асыру – басты міндет. Бағдарламаның ерекшелігі, жергілікті жобаларды жеңілдікпен несиелеуге жете мән беріледі. Оны жүзеге асыру есебінен 2025 жылға қарай елімізде импорт үлесі 59 проценттен 37 процентке дейін қысқарады.
15 қарашадағы статистикаға сәйкес бағдарлама аясында өңірде құны 10,3 млрд теңге болатын 104 жоба ұсынылды. Оның ішінде 2,3 млрд теңгенің 32 жобасы мақұлданса, құны 5,9 млрд теңгені құрайтын 25 жоба қазір қаржы институттарының қарауында.
– Қолдау тапқан жобалардың 18-і – Қызылорда қаласы, 4-і – Арал, 3-і – Жалағаш аудандарының үлесінде. Жаңақорған ауданы бойынша бірде-бір жоба мақұлданған жоқ, – деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
Айта кетейік, Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындар үшін 600 млрд теңге көлеміндегі қолжетімді кредиттің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалды. Қызылорда облысына соның 2,3 млрд теңгесі бағытталды.
Басқарма басшысы мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту көрсеткішіне кеңінен тоқталды.
– Ол жеңіл өнеркәсіпте – 64 процентті, тамақ өнеркәсібінде – 79 процентті, жиһаз өнеркәсібінде – 78 процентті, құрылыс индустриясында 72 процентті құрап отыр. Жеңіл және жиһаз өнеркәсіптеріндегі игерілмеген қаражат көлемі – 5,5 процент, – деді Р.Сұлтангереев.
Жиын қорытындысында аймақ басшысы жергілікті тауар өндірушілерді қолдау басты назарда болу керегін жеткізді.
– Халық күнделікті тұтынатын тауар түрлері көптеп шығарылып жатыр. Солардың есебін ұдайы жүргізіп отыру керек. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктен құр қалмай, бағдарламаның жүзеге асырылуына белсенді атсалысу қажет, – деді облыс әкімі.
Назерке Саниязова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<