Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің ұйымдастыруымен «Тексеру комиссияларының қызметін жетілдірудің негізгі мәселелері» тақырыбында өткен семинар бейсенбі күні кеңейтілген ауқымда жалғасын тапты. Оның жұмысына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова, комитет қызметкерлері мен аймақтардың тексеру комиссиялары және облыстық басқарма басшылары қатысты.
Облыс басшысы алдымен Қызылорда қаласында алғашқы көшпелі республикалық семинар ұйымдастырғаны және облыста біраз жыл лауазымды қызмет атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін Наталья Николаевнаға алғыс білдірді.
Мұнан кейін облыстың экономикалық даму барысы жайлы айтып берді.
– Біздің өңір тұрақты дамып келеді. Облыс экономикасына салынып жатқан инвестиция көлемі жыл сайын арта түсуде. Кәсіпкерлік қанат жайып, тұрғындар табысы өткен жылдармен салыстырғанда өсіп отыр.
Облыс бюджеті 2012 жылмен салыстырғанда екі есе өсті және ол әлеуметтік басымдыққа ие. Қызылорда облысы – бұрыннан аграрлы өңір. Еліміздегі күріштің 95%-і біздің аймақта өндіріледі. Ендігі жерде облысты индустриалды-аграрлы аймаққа айналдыру бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін облысты абыроймен басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келді. Ендігі міндет – осы жұмыстарды әрі қарай жалғастыру, аймағымыздың одан әрі дамуына барлық күш-жігерімізді жұмсау. Осы жылдың ақпан айында Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында Үкіметтің бастауымен Қызылорда облысының 2019-2022 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Мамыр айының 28-де Кешенді жоспар дайындалып, Үкіметте жан-жақты талқыланды. Оның негізгі бағыттары – өнеркәсіп, «Байқоңыр» кешенінде арнайы экономикалық аймақ құру, агроөнеркәсіптік кешен, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экология, су шаруашылығының ахуалы, әлеуметтік сала мен Қызылорда қаласының бас жоспары болып белгіленді. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде жалпыөңірлік өнім көлемі 2,062 трлн теңгеге дейін ұлғайтылатын болады. 2018 жылдың көрсеткіші 1,684 трлн теңгені құраған еді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы айқындап берген 10 межелі міндет бар.
Қазіргі таңда осы тапсырмаларды нақты жүзеге асыру бағытында тиісті шаралар қабылданып, жұмыс жүргізілуде, – деді облыс әкімі.
Комитет төрайымы семинарға қатысушылардың Шиелі ауданында болып, жақсы әсер алғанын жеткізді.
– Онда аудандық аурухананың құрылысы аяқталуда. Тампонажды цемент зауыты жұмыс істеп тұр. Алдағы кезеңде жобалық қуаттылығына шығады. Бұған дейін елімізге мұндай цементтің жылына 300 мың тоннадайын сырттан тасымалдасақ, енді өзімізді қамтамасыз етіп, сыртқа да шығаратын боламыз. Біз Шиеліде нағыз индустриялық аймақты өз көзімізбен көрдік. Қаншама жобалар жүзеге асуда. Кезінде Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылған бағдарламалар бүгінде өз нәтижесін беруде. Республикалық және жергілікті бюджет түсімдері артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мұның – өзі тек облыс орталығы ғана емес, аудандардың да дамып келе жатқанының дәлелі, – деді Н.Годунова.
Мұнан кейін семинар тақырыбы талқыланды. Комитет төрайымының айтуынша, 2018 жыл мен 2019 жылдың алғашқы жартысында Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары еліміз бойынша жалпы құны 530 млрд теңгенің қаржы бұзушылығын анықтаған. Ал мұндай қаржыға 88 мектеп салуға болады екен.
Н.Годунова бұған дейін тексеру комиссияларының міндеті – бюджет қаржысының игерілуін және мақсатты жұмсалуын бақылау деген түсінік болып келгенін жеткізді. Шын мәнінде солай болып келгені рас. Енді бұл құрылымдарға жүктелетін міндеттер ауқымы арта түсуде. Олар қаржының игерілуін және мақсатты жұмсалуын бақылап қана қоймай, тиімділігіне назар аударатын болады. Комитет басшысы қаржының тиімсіз жұмсалуы және тиімсіз жобалар дайындалғаны туралы мысалдар келтіріп өтті.
Мәселен, Павлодар облысында 800-дей тұрғыны бар елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 600 млн теңгелік жоба шеңберінде ұзындығы 16 шақырымдық құбыр жүргізіп, 400 текше метрлік резервуар салған. Ал осы облыстың 720 адам тұратын басқа елді мекеніне ауыз су жеткізу үшін 18 шақырымдық желі тартып, 1000 текше метр резервуар тұрғызады. Бұл жобаның құны 200 млн теңге. Әрине, кейбір технологиялық айырмашылықтар болады. Бірақ, оған жұмсалатын қаржы көлеміндегі айырмашылық 20-30% шамасынан аспауы керек. Ал екі-үш есе көп қаржы жұмсау ақылға сыймайды. Демек, сметалық құн тым жоғары етіп көрсетілген.
Тағы бір мысал, Солтүстік Қазақстан облысында жалпы саны 20 мыңнан аса халық тұратын 40-қа жуық елді мекенге баратын 90 шақырымдық жолды 2010 жылы бастап, әр жыл сайын шамамен 7 шақырымын іске қосуда. Оның аяқталатын мерзімі 2025 жыл деп көрсетілген. Ол кезде алғашқы төселінген жолды қайта жөндейтін жағдай туады. Есесіне, құрылыс материалдарының бағасы қымбаттауына орай миллиардтаған қаржы жұмсалуда. Комитет төрайымы осындай тиімсіз жобалар мен бағдарламалар әкімшілері жазаға тартылатынын мәлімдеді. Бұрынғыдай жетекші немесе бас маманды кінәлі етіп итеріп салуға жол берілмейді.
Қысқасы, осындай келеңсіздіктерге тексеру комиссиялары баса мән беруі тиіс. Әдетте, тексеру комиссиялары облыстық мәслихат алдында бір рет қана есеп беретін болса, енді тоқсан сайын есеп беруді жолға қойған жөн. Бұл – заңда жазылмаса да, бүгінгі күннің талабы. Н.Годунова семинарда Қызылорда облыстық тексеру комиссиясының атына жылы лебіз білдірді. Аталған ұжым республикада үздік жұмыстарымен танылып отыр.
Семинарда Есеп комитетінен келген мамандар қатысушыларға жаңа стратегиялық талаптар туралы әдістемелік түсіндірмелер жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар Комитет басшысына және сөз сөйлеушілерге сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.
Ыдырыс Тәжіұлы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<