Жемқорлықпен күрес жүйелі. Бұл мақсатта өңірде «Ашық бюджеттер интерактивті картасы» жобасы да қолға алынған. Бүгінде бұл платформаға 698 мекеменің бюджеті енгізілген.
Енді кез келген тұрғын тиісті салаға қанша қаржы қаралғанын көре алады. Бұл туралы 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай өткен брифингте облыс бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов хабарлады.
Мәліметке сүйенсек, жоба іске қосылғаннан бастап облыста денсаулық сақтау және құрылыс салаларына байланысты 3 өтініш және 2 ұсыныс келіп түскен.
– Аймақта сыбайлас жемқорлық дерегі біршама азайды. Өткен жылы 103 қылмыс, биыл 63 жағдай тіркеліп отыр. Сондай-ақ, арнайы мониторингтік топ және «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы мүшелері сыбайлас жемқорлыққа қарсы 14 мониторинг жүргізді. Нәтижесінде 45 ұсыным берілді. Бұған қоса, «Protecting bussines and investments» жобасы аясында инвесторлардың жалпы құны 554,3 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жобасы қаралды. Жоба аясында кәсіпкерлерден 61 өтініш келіп түсті, оның 33-і қанағаттандырылды, қалған 28-і бойынша тиісті түсініктемелер берілді, – деді Б.Ниязов.
Сонымен қатар салық органдарында тіркеу, мемлекеттік жылжымайтын мүлікті жалға беруде тендерге қатысу және жер мәселелері бойынша 4 кәсіпкерге қажетті көмек көрсетілген. Спикер ашықтыққа үндейтін шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<