Тамақ табу кез келген тіршілік иесі үшін әрқашан бірінші орында. Солай болған, бола бермек. Адамзаттың да барлық іс-әрекетінің жеме-жемге келгенде осы төңіректе болуын заңды құбылыс десек, әлемде қалыптасып отырған қазіргі жағдай үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Баршамыз жұдырықтай жұмылып жұмыс жасайтын сәт туды. Көпшіліктің көкейінде жүрген «не істеу керек?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.
Елімізде ауыл шаруашылығына әрдайым мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. Нәтиже де баршылық, жетістік те аз емес. Жеміс-жидек, көкөніс-бақша, т.б. мәдени дақылдар өнімдері қала мен ауыл тұрғындары дастархан мәзірінен берік орын алды. Бір қарағанда бәрі жақсы сияқты. Алайда, бұларды өндіретін өндірістер бизнестік бағытта болғандықтан, бүгінгі әлемдік дағдарыс жағдайында, азық-түлік қауіпсіздігін нақты қамтамасыз ете алмайтыны байқалып қалды. Мысалы, жылыжай шаруашылықтарын алайық, мемлекеттен қаржылай көмек алса да, өнімдерінің сату бағасы өте қымбат. Азық-түлік – жалпы ұғым, ал олардың қатарында халықты тамақтандыру ісінде алдыңғы орынға шығатындары барын ұмытпағанымыз абзал. Нақтылай түссек – бидай, күріш, арпа, жүгері, картоп, пияз, қызылша, т.б. ауылшаруашылық дақылдары мен мал және балық шаруашылығы өнімдері. Бұлардың еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі орны айрықша маңызды.
Жалпы, азық-түлік қорын молайтуда қарапайым заттар экономикасын басшылыққа алғанымыз дұрыс. Ол үшін ауылдық округтар әкімдерінің жұмысын жаңаша ұйымдастыру мәселесі туындайды. Себебі, ауыл әлеуетінің шамасы мен ауқымын жақсы білетін солар.
Бір ауылда орташа есеппен 200-300 түтін тұрады деп, ал олардың есік алдындағы егіске жарамды жерін 20 сотық деп алсақ, әр ауылдан кемінде 50-60 гектар егістік жер шығады. Көпшілік ауылдарда, аудандар мен облыс орталығында аяқсу мәселесі шешілген. Қызылорда облысындағы елді мекендердің 80 проценттейі (шамамен 200 елді мекен) есік алдындағы жерді игерсе, көкөніс-бақша дақылдарын өсіретін қосымша 8-12 мың гектар жер пайда болады. Орташа есеппен әр гектардан 5-6 тонна өнім жинағанда, 50-60 мың тонна сапалы, дәрумендерге бай өнім өндіруге, тұтынуға немесе сатуға мүмкіндік туады. Аталған экологиялық таза азық-түліктер ауладағы жерқоймаларда еш шығынсыз ұзақ сақталады. Орташа сату бағасы 100 теңге болған жағдайда өнімнің құны 5-6 миллиард теңгені құрайды. Шамамен 60-70 мың адам жұмыспен қамтылады және әрқайсысы 100 мың теңгеден аса табыс таппақ. Бұл – әрине, күніне 1-2 сағат қана айналысып, орындауға болатын шаруалар.
Сондай-ақ сүт өндіру мәселесін шешуге де мүмкіндік бар. Әр ауылдан кемінде 20 отбасы шыққанда, 40 сиырдан күніне 200 литр, 8-9 айда 50-60 тонна сүт сауылады. Демек, аудандар орталығында бұрынғы сүт зауыттарын қайтадан қалпына келтірудің болашағы зор. Ал, ұйымдасқан сүт фермалары, шаруа қожалықтары оларды шикізатпен толық қамтамасыз ете алады. Жалпы сүт өнімдерін дайындау саласында үлкен өндіріске ұмтылудың еш қажеттігі жоқ, шағын зауыттардың қуаты жеткілікті. Экономикалық жағынан да тиімді. Өйткені, әр ауылдан жылына 500-600 тонна сүт жинауға болады әрі сүтті тасымалдау қашықтығы 100 шақырымнан аспайды.
Сүттің тазалығы, майлылығы секілді көрсеткіштерді портативті құралдармен анықтап, бағаларын белгілеп отырса, су қосу сынды келеңсіз құбылыстар өзінен-өзі жойылады. Мысалы, майлылық көрсеткіші 3,5%-дан жоғары болса, қосымша ақша қосып, ынталандыру сүт сапасын одан әрі арттыруда өз жемісін береді.
Ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу оңай емес. Ал экономиканың даму заңдылықтары бойынша қай жерде де тауар өндірісі болуы шарт. Осындай жұмыстардың ұйымдастырылу деңгейін қоғамдық саралау – ауылдық округ әкімдерінің жұмысын бағалаудың бір жолы. Статистикалық мәліметтер мен алғашқы ақпараттарды жинақтау да ауыл әкімдерінің құзырында болғаны дұрыс. Себебі, мемлекеттік бағдарламаларды жасауда негізге алынатын ақпараттар қателіктерге ұрындыруы мүмкін, 60 мың тонна етті экспорттау бағдарламасы – айтылғанға нақты мысал.
Дақылдардың өнімділігі, т.б. сол іспеттес көрсеткіштер әкімдердің жұмысын бағалаудың сенімді критерийіне жатпайды, себебі оларға тікелей қатысты емес.
Өз басым келешекте ауыл әкімдерін халық сайлайтынына сенемін. Сол кезде экономикалық үрдістерді сауатты іске асыра алатын, парасаты биік, елжанды, іскер азаматтардың аренаға шығатындығы сөзсіз.
Жеке ауланың шаруашылық әлеуетіне жеткілікті мән бермей жүрміз. Бес-алты қой, ешкі өсіру, тауық, қаз асырау – ұйымдастыруға болатын шаруа. Сүті, еті, жұмыртқасы ағзаға азық болса, жүні, терісі, асығы, қауырсынына дейін кәдеге жарайтыны күмәнсіз. Ауыл іргесіндегі егістіктерде мал азықтық шөптердің мол қоры жеткілікті.
Жұмыс, табыс көздері ізденсе, баршылық. Нақты мысал келтірсек. Біздің аймақта кәдімгі Бұқар жидесі мен сары өрік өте жақсы өседі, яғни, табиғат сыйы. Осы жиденің денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Базарда Өзбекстаннан әкелінген жидені саудаласаңыз, бір келісі 600-700 теңге. Ал, бізде құсқа жем болып жиналмай қалады. Өріктен курага жасауды үйрену оп-оңай. Дәнін бөлек шақсаң, қып-қызыл ақша. Міне, ағайындар пайда қайда жатыр.
Ойдан ой туады. Ауылдарда ақша тігіп, ит төбелестіру көрінісі белең алғандай. Төбелесетін иттерді сапалы қорекпен қамтамасыз ету үшін қомақты қаржы жұмсалатыны да түсінікті. Ойланайық, ағайын! Дарақылықты тоқтатайық. Одан да әлгі иттерге арналған құнарлы тамақ қалдықтарын үй малы мен құсына берген пайдалы. Мал-құстың қиларын дереу жинап, қамбаларда шірітіп, егістікке пайдалансақ, топырақ жақсарып, өнім көбейетініне әлемдік тәжірибе кепіл. Базарда бір қорап көң 20-25 мың теңге, есептей беріңіз ақша қайда жатыр. Экономикалық әсерден бөлек экологиялық әсері тағы бар.
Бұрынғы тұтынушы кооперациясы жүйесінің тәжірибелерін қолдану (агенттер), бүгінде далаға тасталып, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқан мал терілерін, жүнді, макулатураларды жинақтап, қарапайым престерді қолданып формаларда қалыптап, өңдеу зауыттарына өткізу қолға алынса, сапалы да арзан жеңіл өнеркәсіптік шикізат тұрақты табыс көзіне айналады.
Есік алдындағы жерлерді өңдеу көп қол күшін қажет етеді. Сол себептен қолжетімді кішігабаритті техникалар мен құрал-жабдықтарды шығару – мемлекеттік деңгейдегі өткір мәселе. Қажетті ауылшаруашылық техникаларды алуға жеңілдетілген кредиттер немесе қабылдау пункттері арқылы өнімдермен төлеу механизмдерін қарастыруға болады. Бұл бағытта ауыл әкімдерінің белсенділігіне көп нәрсе байланысты.
Аталған жұмыстарға балалардың қатысуы, олардың ата-ана, бауырлары, туысқаны, көрші-көлемі, сыныптастары, достары алдындағы жауапкершіліктерін көтеріп, Отанға, елге, ұлтқа, жалпы адамзат баласына деген ізгі ниеттерінің қалыптасуына әсері тиеді. Құс өсіріп жұмыртқа, уақ мал бағып, ет пен сүт сатуға ерте бастан атсалысу – жас өскінді дүние қадірін бағалауға үйретіп, бизнеске бейімдейді.
Қазақстан жағдайында «болашағы жоқ елді мекендер» деген ұғым мүлде болмауы керек. Ойымды оқырманға түсінікті ету үшін Жалағаш ауданындағы Аққолқа (Қышбөгет) ауылының тағдырына тоқталғым келеді. Жаңадария өзенінің суға бай, шабындықты, табиғаты керемет, шаруаға қолайлы Сыр мен Қызылқұмның тоғысқан жерінде орналасқан ауылдың бастауыш мектебі, фельдшерлік пункті мен поштасы бар еді. Әрбір жан басына шаққандағы мал басының үлесі жоғары, мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құны төмен әрі өнімі сапалы болатын. Міне, осы ауыл болашағы жоқ елді мекендер бағдарламасы аясында таратылып тынды. Не ұттық, кім ұтылды деген сұрақтар бүгінде өткір күйінде қалуда. Егер «болашағы жоқ» ауылға мемлекет тарапынан жол мен электр желісі мәселелері шешілгенде, облыс және аудан орталығы тұрғындарын мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуде үлкен септігін тигізетін еді. Не нәрсені де бұзу мен құрту оңай, ал қайта қалпына келтіру қиынның қиыны.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі – табыс табудың жылғасы. Ауыл тұрғындары экологиялық таза, жаңа ғана егіс алаңдарында өндірілген бау-бақша (қауын-қарбыз, жеміс-жидек, т.б.) және сүт (шұбат, қымыз, айран, қатық, т.б.) өнімдерін, жеңіл тағамдар, қолөнер туындыларын (кеудеше, жүншұлық, т.б.) сатуға шығарып, күнкөріс жағдайларын жақсарта алады. Тек жол бойындағы ауылдар тұсында маусымдық сауда жасау орындарын ашуға рұқсат берілсе, жеткілікті. Бұған арнайы маусымдық өнімдерді сатуға ашылған қаланың «Шұғыла» шағын ауданындағы базардың тыныс-тіршілігі дәлел.
Күзде су тартылған кезде күріш атыздары мен каналдардың құрғаған табандарында қалған миллиондаған шабақтар іріп-шіріп, қоршаған ортаға зиянын келтіруде. Құзыретті органдар шабақтарды құтқару шараларын атқармаған шаруашылықтарға көп жағдайда айыппұл салумен шектеледі. Меніңше, аталған күрделі мәселенің күрмеуін тарқатудың бірден-бір амалы – тауарлы балық өндірісін ұйымдастыру. Ол үшін біріншіден, жыл бойы суы тартылмайтын көлдерді анықтап, телінген су көздерінен оларға күзде немесе ерте көктемде еселеп су құйып отыру қажет. Екіншіден, балық өсіру мақсатында әрбір елді мекен аумағында арнайы жасанды көлдер қазып, солардағы балық қорын күріш алқаптарынан жиналған шабақтар есебінен көбейтіп отыру жақсы нәтиже бермек. Балық шабақтарын көлдерге жіберуді ұйымдастыруды айыппұл салу арқылы емес, керісінше, ынталандыру шаралары арқылы жүргізген дұрыс. Балық қорғау инспекциясы, экология, орман, су шаруашылығы мекемелерін жұмылдыру немесе тұрғындарды қатыстыру жұмыстары жергілікті ауыл әкімдерінің ұйымдастыруымен жүргізілуі тиіс. Балық қорын көп шығынсыз көбейту азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосылатын қомақты үлес болмақ.
Қазіргі күні Қазақстанада құрылыс қарқынды жүруде. Оған қыруар қаржы жұмсалуда. Құрылыс жұмыстарына еліміздің барлық аймақтарында гастарбайтерлер (шетелден келген жұмысшылар) тартылуда. Өз азаматтарымыз жұмыссыз жүр. Басқа жағдайларды айтпағанда (салықтан жалтару, қосымша шығындарды азайту, т.б.), жұмыс берушілер арасында «қазақтар жалқау, жұмыс істей алмайды» деген орынсыз пікір қалыптасып, жергілікті мамандарды шеттету орын алған. Қаншама қаржы сыртқа кетуде. Құрылыс мамандарын пайдалануда заң талаптарын күшейту – пісіп-жетілген мәселе. Мұнай-газ саласындағы шетелдік компанияларға қойылған талаптар қазіргі күні өз нәтижелерін беріп, отандық мамандар үлесі де, айлықтары да көтерілуде. Ендігі кезек – құрылыстыкі.
Өзбек ағайындардан үйренетін мәселелер де бар. Біздің құрылыс нысандарын үлкен тәжірибе алаңына айналдырған олар тіпті кәмелетке толмаған балаларын да ертіп келіп, бірнеше жылда маман қылып шығаруда. Ал бізде сылақшы, кірпіш қалаушы, т.б. құрылыс мамандарын мемлекет қыруар қаржы бөліп дайындай алмай жатыр. Колледждерде жұмысшы мамандар даярлаудың дуальді жүйесін енгізудің әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Дуальді жүйе мамандардың бәсекелік қабілетін арттырып, жұмысқа орналасуына ықпал ететін бірден-бір фактор десек, қателеспейміз.
Өңір экономикасын өркендетудің тиімді көздерінің бірі – туризм. Оны дамытуда тарихи артықшылықтарымызды оңтайлы пайдаланудамыз ба? Мысалы, теміржол бойында сонау патша заманынан қалған вокзал, тұрғын үйлер, көпірлер, су мұнаралары, су алу құбырлары, қасиетті жерлер, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Аралдың кепкен табаны, гидротехникалық нысандар, сәулет-құрылыс ескерткіштері – туристік маршруттарға кіруге сұранып тұрған дүниелер. Енді шамалы уақытта бәрін жоғалтып алуымыз ғажап емес.
Кейбір мамандардың сапалық деңгейі төмен немесе біліктіліктері атқарып жүрген қызметтеріне сай келмейді. Тапсырмаларды орындауды ғана біледі. Креативті ойлар, өміршең ұсыныстар, жаңа бастамалар жоқтың қасы. Қорқыт ата университеті, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында және өңірдің озық өндірістерінде арнайы курстар ұйымдастырып оқыту – олардың біліктілігін көтеретіні талассыз.
Иә, қазір ауыл жастары қалаға жаппай көшіп жатыр. Мемлекет тарапынан осынау үрдісті тоқтату бағытында қабылданған бағдарламалар ойдағыдай нәтиже бермеуде. Сондықтан, өмір сүруге қолайлы жағдайлар туғызу (өркениет жетістіктерін жеткізу, тұрмыс сапасын жақсарту), шағын кәсіпорындар ашып, табыс көздерін көбейту халықтың ауылда тұрақтануына қызмет етеді. Ал, ауылдың ұлтымыздың рухани құндылықтарын, мәдениетін сақтап, қайта түлетудегі айрықша маңызы баршамызға белгілі.
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
техника ғылымдарының докторы,
ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымдары
академиясының академигі,
«Ауыл» ХДПП
облыстық филиалының төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<