«Қазақинвест» ҰК» АҚ пилоттық жобаларын Сыр өңірінен бастауға ынталы. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен инвесторларды тарту және аймақтың инвестициялық климатын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңес отырысында компанияның басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев осылай мәлімдеді.
– Мақсатымыз – бір ай көлемінде осы өңірден шамамен 15 жобаны бекітіп, жыл соңына дейін нәтижеге қол жеткізу. Біздің бастамаға біртіндеп басқа да аймақтар тартылады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдармен, бизнес қауымдастығымен бірлесе жұмыс жасау маңызды, – деді басқарма төрағасы.
«Қазақинвест» ҰК» АҚ елімізге инвестиция тарту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау әрі олармен әріптестік байланысты нығайту мақсатында құрылған болатын. Сапарбек Тұяқбаев елімізде инвесторлар айтарлықтай көп емес екенін, әзірге 100 шақты жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
– Көпшілік аймақ территориясы шағын, халық саны аз деген уәж айтуы мүмкін. Бірақ Еуропа елдерін, оның ішінде Голландияны алып қараңыз. Көлемі кіші болғанымен, сауда-саттықты жақсы жолға қойған. Біріккен Араб Әмірлігі ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын жандандыра бастады. Бұған біздің де мүмкіндігіміз жеткілікті. Тек кәсіпкерлер ынта танытса, жеткілікті, – деді ол.
Экономикаға инвестиция тарту, инвесторлар үшін өңірде қолайлы климат қалыптастыру – Елбасы Жолдауынан туындайтын негізгі міндет. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорданың инвесторлар үшін аса тартымды аймаққа айналғанын, осы 5 айдың өзінде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 15,4%-ке өсіп, 65,9 млрд теңге болғанын атап өтті. Одан бөлек, барлық қызмет түрін бір жерден алуға мүмкіндік беретін кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Орталықта кәсіпкерлерге қызмет көрсету процесі толық автоматтандырылған. Техникалық шартты бұрынғыдай 1 ай бойы күтудің қажеті жоқ, қазір ол небәрі 3 күн ішінде беріледі.
– Біздің тәжірибені басқа аймақтар да қолданысқа енгізіп жатыр. Қомақты табыс әкелетін инвесторларды тарту мақсатында биыл 5 айда 11 роуд-шоу ұйымдастырылып, нәтижесінде шетелдік инвесторлармен бірлескен 3 меморандум қабылданды, – деді аймақ басшысы.
Жиында облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Абзал Мұхимов инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасын таныстырды. Жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат – инвесторларды түрлі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту. Осыған байланысты аптаның барлық күнінде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел топ құрылды және ол «Қазақинвест» ҰК АҚ филиалы үйлестірушісімен тығыз қарым-қатынаста.
– Шілде айында аталған филиал мен облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жанынан жобаның фронт-офисі ашылады. Инвесторлар ол жерден мемлекет кепілдік берген қолдау шараларын ала алады әрі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуекелдерден қорғау шараларымен қамтылады, – деді департамент басшысы.
Одан кейін «Orda Glass» ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев – Қызылорда қаласындағы шыны, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС бас директоры Ли Цзиньцин – Шиелі ауданындағы тампонажды цемент, «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ өңірлік директоры Болат Рамазанов керамикалық плитка зауыттарының құрылысы туралы айтып берді. Аймақтағы ірі индустриялық жобаларды жыл соңына дейін ел илігіне беру межеленген. Құрылыс шаралары жоспарға сәйкес атқарылып жатыр.
Кеңес отырысы барысында облыс әкімдігі мен «Қазақинвест» ҰК» АҚ өзара әріптестік жөніндегі меморандум қабылдады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<