Азық-түлік нарығын тұрақтандыру Қазақстан тауар өндірушілеріне жаңа мүмкіндіктер ашады

507

0

Биыл Қазақстан Ұлттық банк инфляция дəлізін 4-6 процент аралығында бекіткен болатын. Бірақ соңғы уақытта Президент пәрменімен әлеуметтік қолдау бағытында бөлінген миллиардтаған теңгелер тұтыну рыногына қысым жасап, қазірдің өзінде инфляция көрсеткіші өсті. Жыл соңына дейін азық-түлік бағасы жоғарыда айтылған себепке байланысты біршама қымбаттайды. 2020 жылдың басынан оның əсері біртіндеп азаяды. Бұл азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының көтерілу үдерісін үдетеді. Жуырда жария етілген Ұлттық банктің тоқсандық есебінде осындай болжам бар.
Жалпы, рыноктық қатынастарда биліктің бағаны реттеуге араласуы тиімділік бермейді. Бірақ алаңсыз барлығын бетімен жіберуге және болмайды. Бұл орайда жаңадан құрылған Сауда жəне интеграция министрлігі азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылығына қарсы қызу күресіп жатқаны байқалады. Жуырда Үкімет отырысында ведомство басшысы Бақыт Сұлтанов Премьер-Министрге бірқатар ұсыныс айтып, бағаны түсірудің амалдарын ұсынды.
Министрдің ұсынысына орай, Үкімет əлеуметтік маңызды 10 түрлі тағам бағасына бақылауды күшейтіп, саудагерлердің 15 пайыздан артық үстеме қосуына тыйым салуға жəне дүкендердегі тауарлардың кемінде 30 пайызының отандық өнім болуын қадағалауға келісті. Əрине мұның бəрі нарықтық экономиканың заңдылықтарына томпақ келетін «мемлекеттік менеджмент» екені түсінікті. Дегенмен, халықты қымбат­шылық қысқанда Үкімет нарықтың заңдылықтарына бас қатырып жатпайтыны анық.
Ұлттық банк сарапшыларының мəлі­метінше, орта мерзімді бола­шақта инфляция біртіндеп төмен­дейді. Өзара сауда жасайтын əріптес елдердегі инфляцияның бекітілген дəлізде сақталуы теңге үшін де оң əсер етеді. «Болжамдық шекте сыртқы инфляциялық ахуал жақ­сарады деп күтілуде. Негізгі сауда əріптестерімізде инфляцияның көр­сет­кіштері өздерінің нысаналы бағ­дарына жақын болады. Еуропалық одақта инфляция болжамдық кезеңнің соңына дейін қазіргі деңгейден көп алшақтамайды. Экономиканың қа­лып­ты өсу қарқыны, ұлттық валю­таның біршама берік бағамы, сондай-ақ энергия тасымалдаушылар бағасы оны төмендетуге ықпал етеді деп күтіледі» деп жазды Ұлттық банк.  
Ал Қытайдағы инфляция юаньның АҚШ долларына қатысты бағамының əлсіреуі аясында 2020 жылдың ортасына дейін бұрынғы болжамнан жоғары болып, 2,2%-ке дейін жетпек. Есесіне Ресейдегі инфляция Орталық банкінің мəліметі бойынша, 2019 жылдың соңында 4-4,2 процентке шамасында сақталмақ. Солтүстіктегі бағаның баяу өсуі ішкі жəне сыртқы сұраныстың əлсіздігіне байланысты қалыптасуда.
Нарықтық экономика жағдайында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын тұрақтандыратын бірден-бір сала – ауыл шаруашылығы. Қазақстан стратегиялық даму бағдар­ламасы бойынша әлемдегі азық-түлік өнімін өндірушілер арасында жетекші елдердің бірінен саналады. Бұл туралы мемлекеттің 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында да кеңінен қамтылған.
Былтыр Буэнос-Айресте өткен Үлкен жиырмалық елдері G20 ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесуінде «бірнеше жылдық әлсіреуден кейін, 2016 жылы әлемдегі аштық күшейіп, қазіргі уақытта одан 815 млн адам зардап шексе, 2 миллиард адам күнделікті тұтынуға қажетті өнімдердің тапшылығын сезініп отыр» деген қорытынды мәлімдеме жасалған болатын. Қазіргі таңда Жер шарының әрбір жетінші тұрғыны аштықтан зардап шегіп отыр. Бұл мәселе жүздеген миллион адамды тарықтырғанымен қоймай, адамдардың денсаулығы мен өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді.
БҰҰ есептеуі бойынша әлемдегі аштық пен кедейшілікті түп-тамырымен жою, білім беру мен денсаулыққа теңдей қолжетімділікті арттыру және тұрақты экономикалық өсімді қалыптастыру үшін жылына 4,5 млрд доллар қаражат қажет екен. Қазіргі таңда әлем халқы 7 млрд-қа жетсе, 2040 жылы 9 млрд-қа дейін өседі деген болжам бар. 2030 жылға қарай қазіргі кезеңмен салыстырғанда азық-түлікке қажеттілік 50%-ке, ал энергияға сұраныс 45%-ке өседі. Осы ретте ғалымдар 3 млрд адам аштық пен кедейшілікке ұшырайды деп дабыл қағып отыр. Бүгінгідей беталыс­пен ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс 2030 жылы 1,3 есеге өседі. Ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныстың артуы әлем бойынша жаңа ауылшаруашылық жерлерді пайдалануды талап етіп отыр. 1980-2010 жылдары жер ресурстарының тапшылығы тыңайтқыш пен пестицидтерді қолдануды арттыру арқылы қалпына келтіріліп отырды. Ал әрі қарай ауылшаруашылық жерлерді кеңейту көптеген елдерде шектеулі болып отыр, яғни егін және мал шаруашылығына қажетті жерлер барған сайын азайып барады.
Осы мақсатта белгілі ғалым Сансызбай Абылай Қазақстан Жер шарының 1 млрд тұрғынын азық-түлікпен қамтамасыз ете алады деген тұжырым жасады.
Кез келген жоба инвестиция тартудан басталады. Бір кереметі – Израиль мемлекеті осы идеяны жүзеге асыруға, қаржылай қолдау көрсетуге қатты қызығушылық танытып отыр. VP Group басшысы Владимир Полевой БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының Қазақстан Республикасындағы орга­ни­­калық ауыл шаруашылығы бағы­тын дамыту мүмкіндіктері туралы тұжырымдамасымен танысып, VP Group консорциумы өзін аталған жобаға қажетті озық технологиялар мен қаржы ресурстарын табуға мүмкіндіктері бар екендігін жеткізген. Ендігі жерде шетелдік компания осы жобаны жүзеге асыруға қазақстандық ғалымдар мен мемлекет тарапынан қолдау күтіп отыр.
Профессор Абылай Рысбай­ұлы­ның айтуынша, Қазақстан айналымға игерілмеген, яғни химиялық өңдеуден өтпеген және тиімсіз қолданылған 100 млн гектар жерді ұсына алады. Бұл – жерді сату емес, жалға беру де емес. Жергілікті фермерлерге субсидия беріледі, келесі жылға егу үшін тұқымды инвесторлар әкеліп береді.
Бұл бағытта шетелдіктер зондтау технологиясын қолданатынын да ескеруіміз керек. Ғарыштан жердің ылғалдылығы қандай, не ексе болады, қандай өнім жақсы шығады, қанша өнім береді деген мәселелерді анықтайтын технология бар.
Бұл – егін шаруашылығын дамытуда өте қажетті технология. Ал мал шаруашылығымен айналысушыларға келсек, қандай және қанша мал қажеттігін фермерлер айтады, мал басын инвесторлар әкеледі. Бір жылдан кейін жаңа туған еркек бұзауларын етке алады, ал ұрғашы бастары келесі жылға мал басын көбейтуге қалады. Бұл асылтұқымды мал шаруашылығымен айналысуға да өте тиімді, әсіресе Қазақстан үшін маңызды – сүтті бағытты дамытуға мүмкіндік береді.
Біз жоғарыда инвестордың дайын екендігін айтып өттік. Ендігі кезек мал және егін шаруашылығына арналған жерді анықтау және да­йындау болып табылады. Осыдан соң инфрақұрылымы жасалып, құжаттары рәсімделіп, жергілікті фермерлер іріктеліп, оқудан өтеді.
Енді бұл жоба Қазақстанға не береді деген мәселеге тоқталсақ. Ең алдымен, жобаны іске асырудан түскен жылдық табыстың 10%-і аштық пен кедейшілікті жою мәселелерімен айналысатын Халықаралық Қорларға аударылады. Ал, ең бастысы, Қазақстанның 100 млн гектар ауылшаруашылыққа пайдалы жері игеріледі. Игеріледі дегеніміз, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Осыдан келіп еліміздің аграрлық саласына инвестиция тарту жеңілдейді. Сонымен қатар елдің ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі артып, республикалық және жергілікті бюджет салық есебінен көбейеді. Осының барлығы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан келелі міндеттерімен ұштасып жатыр.  Мұндай жағдайда Қазақстан шетелдік біліктілігі жоғары мамандарды да жұмысқа тарта алады. Келе-келе жобаға көмекші шаруашылық, диқандық және фермерлік шаруа­шы­лықтар тартылады. Бұл өз кезегінде урбанизацияны тежеп, шаруа­шы­лық­пен, кәсіппен айналысам деген жастарға жаңа мүмкіндіктер береді. Жобаны жүзеге асыру аясында сапасы жоғары, экологиялық таза, ұзақмерзімді негіздегі әлемдік стандарттарға сай қазақстандық өнімдер бренді қалыптасады.
Елімізде бос игерілмей жатқан жерлер туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде егістікке жарамды 16 миллион гектардан артық алқап игерілмей жатыр. Ал жайылымдық жерлердің тек 40 проценті ғана мақсатты пайдаланылуда», – деген болатын.
Игерілмей жатқан жерді тиімді пай­далану Қазақстанның әлемдік на­рық­тағы орнын айқындай түседі. Соны­­мен қатар бұл Қазақстанның ішкі нарығын азық-түлікпен қамта­ма­сыз етеді де, отандық өнімдердің екін­ші тынысы ашылып, ендігі жерде экс­порттық әлеуетті дамытуға болады.
Қорыта айтқанда, әлем халқын азық-түлік жетіспеушілігі мен кедейшіліктен сақтау сынды ауқымды ғаламдық мәселені Қазақстан Үкіметі әлемдік деңгейдегі экономикалық, қаржы және технологиялық институттармен тығыз қарым-қатынас орната отырып шешуі тиіс. Бұл ішкі рынокта қалыптасқан проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.

Әзірлеген
Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<