Басты кедергінің бірі – кадр тапшылығы

1496

1

Біздегі жеңіл өнеркәсіптің жолы неге ауыр? Киім-кешектің басым бөлігі Түркия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан тасымалданатыны белгілі. Қашанғы шетелдің өніміне қарайлаймыз? Бұл сұрақтардың жауабын ұлттық құндылықтардың жанашыры, «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орталығының құрылтайшысы Аида Керімқұловамен бірге іздедік.

«Алып-сатудан кейін өндіріске көшу керек»

– Сұхбатымызды жеңіл өнер­кәсіп саласының дамуына кедергі келтіретін себептерді анық­таудан бастайықшы. Былтыр Сыр елінде «Жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орын­дарының халықтық қа­уымдастығы» құрылды. Қауым­дастық қазір жұмыс істеп тұр ма?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Ділмұхамед Абизов жейде шығаруға негізделген «Далатекс» компаниясын құрып, облыста жеңіл өнеркәсіп саласындағы ауқымды жұмысын бастаған болатын. Бастама лайықты бағаланып, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан  «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Сыр елінде жеңіл өнеркәсіпті дамытуға басымдық беріліп, қауымдастық құру Ділмұхамед Нарбекұлына сеніп тапсырылған болатын. Қауымдастықта 20-ға тарта мүше болса, қазір 10-ға жуығы ғана белсенді жұмыс істеуде. Мемлекет мүлде қолдау көрсетпейді демеймін. Қазір «Қарапайым заттар экономикасы» секілді бағдарламалар бар. Бірақ сол бағдарлама бойынша кәсіпкер субсидия алуы үшін міндетті түрде кепілдеме керек. Ал, кепілдемеге келгенде кәсіпкер қиналады.

Екіншіден, ЖШС, ЖК аштың делік. Ол мекемеде міндетті түрде бухгалтерлік есеп жүргізілуі керек. Себебі, екінші деңгейлі банк соны талап етеді. Сол жағынан жұмыс көбіне ақсап жатады.  Қызмет көрсету сапасы да түседі, оған қоса қазір әр тұтынушы чек талап етеді. Көбінде чек шығаратын аппарат та жоқ. Кәсіпкерлердің бухгалтері жоқ, ал өзі оның қызметін атқара алмайды. Кәсіпкердің шамасы жетпесе, бухгалтерді қалай жалдайды? Бухгалтер есеп жүргізбесе, екінші деңгейлі банк субсидия­ны қалай жасайды? Бұл – өте ауқымды проблема. Бірақ, қазір «Атамекен» ҰКП мамандары бухгалтерия саласы бойынша кәсіпкерлерге барынша білім беруге тырысады, бірақ бөлінген бір сағатта көп дүниені түсіну қиын. Сондай-ақ, тегін гранттар тек инновациялық, облыс­та мүлде болмаған жобаларға ғана бөлінеді. Оған санаулы кәсіпкер ғана қол жеткізеді.

Үшіншіден, бұл салада кәсіп бас­тап, ісіңді дамыту үшін жаңа техника өте қажет. Сапалы тігін машиналары 150 мыңнан басталады. Жоқ дегенде кәсіпкерде 4-5 түрі болуы қажет. Оның бірі – түзу, бірі – зигзаг тігісін, бірі кес­телеу жүргізеді. Оның бәрін қамтып, кәсіпті ая­ғынан тұрғызу үшін 10 миллион теңгеден астам қаражат қа­жет. Осы 10 миллионды алу үшін кә­сіпкер лайықты ке­пілдеме іздейді.

Бұл қиын­дық­тар­дан өтіп, жаңа дең­гейге көтерілген кә­сіптің да­муына басты кедергі – кадр тапшылығы. Біз осы салаға келгенде түрлі кезең­нен өттік. Ал­ға­шында «Қолөнер» деген атаумен танылсақ, қазір «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орталығы деп аталамыз.  Себебі, «Қолөнерде» өрнекті де, тігінді де, кестені де қолмен жасайтын­быз. Қазір жұмыстың 80 процентін автоматтандырдық. Өте үлкен теже­гіш­тегі машинка кестелеген кезде, оның жарамдылық мерзімі 20 жылдан асады. Жіптері де сырттан әкелінеді. Бірақ машиналарды алдырғанымызбен, маман табу қиынға соқты. Жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша еліміз көршілес Өзбекстан, Қырғызстанның өзінен 15-20 жылға қалып қойған. Түркия сынды елдердің деңгейі тіпті жоғары. Облыстың бұрынғы басшысы Қырымбек Елеуұлы бір жиында «Кәсіпкер 10 жыл алып-сатумен айналысқаннан кейін, міндетті түрде өндіріске көшу керек. Егер өндіріске көшпесе, кәсіпкер емес. Тендер, мемлекеттік сатып алуға бейімделумен кәсіпкер өспейді» деген болатын.

Басты кедергінің бірі – кадр тапшылығы

Облысқа «Көрме» ғимараты қажет

– Ұлттық киім тігіп, нарыққа шығару ісіне сіз де бірден келген жоқсыз…

– Иә, бастапқыда біз де алып-сатумен айналыстық. Облыста 100-ден астам қолөнершінің басын қосып, өнімдерін нарыққа шығардым. Бірақ аудан-ауыл­дағы қолөнершілерде сенімсіздік бар. Олар жасаған бұйымдарды алға­ныммен, кейбірін өткізе алмайтынмын. Мойныма жауапкершілік алғандықтан, кейде ақысын өз қалтамнан төлейтін де кездерім болды, сондайда көп шығынға ұшырадым. Бірақ менің мақсатым қол­өнер­шілердің бұйымын жарыққа шығару болды. Түкпір-түкпірдегі шеберлер Қызылордада өтетін көрмеге арқаланып, қаншама затын алып келеді. Сол кезде мынадай үлкен мәселе барын байқадым.  Еліміздегі қалаларда «Көрме» орталығы бар, тек қана Қызылордада жоқ. Бізге «Көрме» ғимараты керек. Неге қолөнершілер әр жерде жүреді? Көрме болады дегеннен артынып-тартынып, затын әкеліп, қамзол киіп тұра қалады.  Бұйымдары өтсе өтті, болмаса шығындалып қайтады. Кейде өзім жол қара­жаттарын төлеп беремін, рес­пуб­ли­калық көр­мені Ха­лыққа қыз­мет көрсету ор­та­лығы, «Aray City Mall» сау­да орталығында да өткіздім. Бұл уа­қытта да шы­ғын­далдым, бірақ үлкен тәжірибе жинадым.

Басты кедергінің бірі – кадр тапшылығы

– Тәжірибе, қиындық сізді шыңдады. Қазір орталықтағы бұ­йымдар тек қолмен жасалмайды. Солай емес пе?

– Жолдасым екеуміз ақылдасып, жобамды қорғап, 2016 жылы кепілдеме қойып, несие алдық. Несиенің 15 проценттік үстемақысының өзім – 7, «Даму» қоры – 8 процентін төлеп беретін болды. Сол қаражатқа тігін машинасын ала бастадық, бірақ алдымыздан маман тапшылығы мәселесі шықты. Бір машинаны қосу үшін ІТ мамандар 100-130 мың теңге ақы талап етеді. Әр бағдарламаны қосу үшін де аз ақша сұрамайды. Сонымен кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Аға сеньор» деген жоба бойынша жұмыс бастадық. «Аға сеньор» жобасы осы салада тәжірибесі бар азаматты шетелден жұмысқа тартуға негізделген. Біз Түркиядан арнайы маман шақырып, 20 күн бойы сабақ алдық. Кәсіпкерлер палатасы арқылы 1500 долларға жуық еңбекақы төленді. Бірақ ойлана келе 20 күннің өзі аз екенін байқадық. Әрі қарай өз қаражатымыз арқылы білім ала бастадық.

Біздің жастар аздап білім алса, мен кәсіпкермін деп шыға келеді. Олармен келісімшарт жасауым керек. Екі-үш ай оқытамын. Үлкен фабрикада жұмыс істеудің орнына олардың бір әдеті кішкентай машина сатып алып, үйінде, Instagram ашып алып, құрақ көрпе, тюрбан тігіп отырғанды жақсы көреді. Меніңше, бұл – «мен біреуге жұмыс жасамауым керек» деген эгоизм.

– Идеясын бөліскісі келмейтін болар…

– Ол – әлеуметтік желідегі 5000 оқырманнан аспайтын идея. Ал үлкен идеяны іске асыру үшін кішкентай тігін машинасының шамасы жетпейді ғой. Жастардың көбісі келісімшарт жасалып, шамалы білім алғаннан кейін кетіп қалады. Кәсіпке баулу кезінде де тәлім мен тәрбие қажет. Ең бірінші төзімділік, ұжыммен, халықпен жұмыс жасау барысында мәдениеттілік керек. Ал қазіргі жастарға жұмыс тапсырсаң істейді де, «мынауың дұрыс емес» десең, телефонын көтермей қояды. Сосын біз өспейміз. Мәселенің мәнісін іздегенде осы жағдай алдымыздан шыға береді. Кәсібіне адал, сөзіне тұрақты жас маманды табу өте қиын.

Басты кедергінің бірі – кадр тапшылығы

– Шикізат қайдан келеді?

– Жеңіл өнеркәсіптің дамуына кедергінің бір себебі – шикізаттың жоқтығы. Шыны керек, маска тігу кезінде шикізаттың тапшылығынан қиналдым. Тіпті халыққа «үйлеріңізде қолданылмай қалған резинкалар бар ма?» деп сұрау салдым. Жанашыр азаматтар резинка әкеліп берді. Себебі, бұл Қытай, Түркиядан, не басқа шетелден келетін. Шекара жабық, енді қайттік? Сонымен материалдардың құрылымына қарап, созылатын, түтеленбейтінін таңдап, лазерлік аппаратпен кесіп, матадан резинка жасаған кезіміз болды. Осы әдіспен 10 мыңнан астам маска жасадық. Кейіннен құлақты ауыртпайтындағына қарап, сол резинканы тауып берші дейтіндер болды. Ал біз «негізі оны матадан жасағанбыз» деп күлеміз. Осылай амалын табуға, тығырықтан шығуға тырыстық. Қорқыт ата университетімен келісімшартқа отырып, дизайн мамандығындағы студенттердің практикасын бізде өткізуге келістік. Ең қызығы, өз еркімен бірде-бір студент практикаға келген жоқ. Сол салада оқып жүріп, өндіріске қызықпауы, үйренсем, білсем екен деген ниеттің болмауы мені қынжылтады. Кейіннен сол студенттердің не істеп жүргенін сұрастырсам, бірі – дая­шы, бірі – үй қызметшісі, бірі – хатшы болып жүр екен.

«Айналым

8 процентке өсті»

– Қызылордада бірыңғай мектеп формасы шығарыла бастаған еді. Жоба неге тоқтап қалды?

– Мектеп формасы жобасы – қауымдастық құрамындағы цехтардың атқарған жұмысы. Сол кезде «неге мектеп формасының үлгісін ауыстыра бересіздер?» деген сұрақ көп қойылды. Кейбір мектептер жеке ательелермен байланыс орнатқан. Қауымдастықтың мақсаты үлкен консалтинг құру болды. Бірақ бұл үшін өте мықты төзім керек екен. Қауымдастықтағы кәсіпкерлер бірігіп, «Qobyz» брендімен үш айда 1-4 сынып оқушыларына арналған 8 мың дана мектеп формасын дайындадық. Кәсіпкерлер палатасында жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Мұрат Балабай мектеп формасын тігу кезінде жеңіл өнеркәсіптің айналымы 8 процентке өскен деді. Сол уақытта 100-ден астам қыз-келіншек жұмыспен қамтылды, салыққа қаншама қаражат төленді. Қаншама айналым болды, қаншама жас­тар тәжірибе жинады.  Келесі жылы да бұл жоба жалғасуы керек болатын. Бірақ пандемия басталып, жүзеге аспады.

– Келер жылы қолға алынуы мүмкін бе?

– Ондай жоспар бар. Себебі, осы уақытта жеңіл өнеркәсіп саласы айтарлықтай алға жылжыды. Бір фабрикада киім үлгісі дайындалып, пішіліп, қауымдастық құрамындағы ательелерге көлемі бекітіліп, тігу тапсырылды. Қаншама студент жұмыспен қамтылды. Қазір сол студенттер шағын цех ашып, өздері мектеп формасын тігіп бастады. Ойлап қараңызшы, бізге 20 жыл уақыт берсе, осы салада үлкен жетістікке жеткен болар едік. Отандық өнімді қымбат дейді. Рас, аз дайындалады, аз сатылады. Шикізатының құны шықпаса, кәсіпкер минусқа кетеді. Ал миллиондаған данасын сату үшін алдыңнан әлгінде айтқанымдай, маман тапшылығы, субсидия алу, кепілдеме табу секілді кедергілер шығады.

Қазір біз «Qobyz» деген брендпен өнім дайындап жатырмыз. Қауымдастыққа мүше кәсіпкерлердің бәрі «Qobyz» брендін пайдалана беруіне болады. Арамызда сондай келісім бар. Өзінің брендімен шығарса да мейлі. 

– Қауымдастық мемлекет тарапынан қаржыландырыла ма?

– Өкінішке қарай, қаржы­лан­дырылмайды. Ол үшін арнайы сертификат дайындалу керек екен. Кәсіпкерлер палатасындағы маман­дардың кеңесі бойынша біз аккредитациядан өтіп, сертификат алуы­мыз қажет. Сонда ғана біз мемле­кеттік жобаларға қатыса аламыз. Қауымдастық құрамындағы әр цех бірлесе жұмыс жасай алатынын дәлелдеу керек. Әзірге заңды түрде болғанымен, әр цех қаражат шығарып, бірлесе жұмыс жасаудамыз.

– «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орта­лығының жұмысы елдің көз алдында. Ұлттық киімдерді жарыққа шығару, сәнге айналдыру ісінде ештеңге қара­мастан еңбек еттіңіз. Қазір қандай жаңалықтар бар?

– Бүгінде жұмысты дамыту үшін облыс орталығында екі қабатты фабрика салып жатырмыз. Пандемияға байланыс­ты әзірге жұмысы тоқтап қалды. 2021 жылдың көктемінде ашамыз деген жос­пар бар. Тігін машиналарының санын арттыру да болашақтың еншісінде.

– Сұхбат үшін рахмет!

Сұхбаттасқан

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Фотолар «Sapa KA» жеңіл өнеркәсіп орта­лығынан алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<