БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ, ИНФЛЯЦИЯ, ҚАРЖЫ НАРЫҒЫ, «INVEST ONLINE», «7-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ жайлы

487

0

Осы және басқа да тақырыптарға 

Қазақстан Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының директоры 

Асет Мұстафин былайша түсініктеме береді

Базалық ставка жайлы

Бүгінгі таңда Қазақстанда бірқатар макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оңды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осының нәтижесінде қаржы, бағалы қағаздар нарығында, сондай-ақ несиелеу бойынша қолайлы ахуал қалыптасып отыр. 2018 жылдың 17 сәуірінде Қазақстан Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізімен 9,25%-ке төмендету жөнінде шешім қабылдады. Осыған орай, инфляциялық үдерістер төмендеді. Ұлттық Банк болжамы бойынша 2018 жылы инфляция 5-7 % деңгейінде қалыптасатын болады.

Сыртқы нарықта Қазақстан үшін қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Мұнайдың орташа бағасы барреліне АҚШ-тың 65 долларынан жоғары көлемінде қалыптасуда. Негізгі сауда әріптестердің инфляция бойынша көрсеткіштері қалыпты деңгейде сақталуда. Осыған орай Ұлттық Банк ақша несие саясатын қатаң ұстауды қажет деп есептемейді. Ұлттық Банк бұл орайда 2018 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі қысқартуды болжамдап отыр.

Облыстың қаржы нарығы жайлы

Қызылорда облысының аумағында 12 екінші дәрежелі банктің филиалдары жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазпошта АҚ – 1 филиалы, микроқаржы ұйымдарының 11 филиалы бар.

Қазақстандағы АҚ «Qazaq Banki» және «Астана банкі» ұйымдарында болған қиындықтар олардың филиалдары облыста болмағандықтан, біздің аймақ тұрғындары үшін келеңсіздіктер тудырмады.

2018 жылдың 1 сәуірінде депозиттер көлемі 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,2 % артып 114,7 млрд теңгені құрады. Заңды тұлғалардың депозиттері 26,2 млрд теңгеге азайып, ал жеке тұлғалардың депозиттері 88,4 теңгеге ұлғайды.

2018 жылдың 1 сәуіріне облыс экономикасын несиелеу көлемі 169,2 млрд теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,3 % жоғары.

2018 жылдың бірінші тоқсанында екінші дәрежелі банкілер 37,4 млрд теңге несие берді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 27,2 % жоғары.

Шетел валютасына қарағанда ұлттық валютамен несие беру көлемі ұлғайып келеді. Теңге несиелерінің үлес салмағы 97,2 % көлемін құрады. Жыл басынан бері кіші кәсіпкерлік субъектілерінің банк алдындағы берешегі 3,7 %-ке ұлғайды.

Жалпы несиелер бойынша тұтастай алғанда өтеу мерзімі өтіп кеткен несиелердің көлемі 9,7 млрд теңгені немесе жалпы қарыздың 5,7 %-ін құрайды.  

Облыстың айырбастау пункттерінде 2018 жылдың 3 айында 20648,9 мың АҚШ доллары сатылып, 13136,6 мың АҚШ доллары сатып алынды. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда шетел валютасының белсенділігі біршама төмендегені байқалады. Сонымен бірге евро сату көлемі азайды, есесіне евроны сатып алу көлемі ұлғайды. Ресей рублімен операция жасау ұлғайды. Бұл жағдайды Қытай валютасы жөнінде де айтуға болады.

2018 жылдың 1 сәуіріне өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қызылорда облысында төлем карталарын ұстайтындардың саны 12,4%-ке 484,7 мың адамға дейін артты, айналымға жіберілген төлем карталарының саны да 14,2%-ке 544,3 мың бірлікке дейін өсті. 

Қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау. 2018 жылдың І тоқсанында Қазақстан Ұлттық Банкінің Қызылорда филиалына микроқаржы ұйымдарынан қаржы қызметін тұтынуға, осыған байланысты тұтынушылардың құқығын қорғауға 82 жазбаша шағым, оның ішінде жеке тұлғалардан – 79, заңды тұлғалардан 3 шағым келіп түсті. Филиалдың қоғамдық қабылдауында кеңестер беріліп, 83 азаматқа құқықтық көмек көрсетілді.

«Invest Online»

2018 жылдың наурызында Ұлттық Банктің «Invest Online» инновациялық өнімі шығарылды. Онда бірінші рет «блокчейн» технологиясы қолданылды. Осы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, қазақстандықтар онлайн режимінде қаржыларын Ұлттық Банктің ноталарына сала алады. «Invest Online» жүйесінің жұмысы негізіне 3 инновациялық шешімдер енгізілген.

Аталған жүйе өзінің технологиялық мүмкіндігіне орай Ұлттық Банктің бағалы қағаздарымен ғана емес, сондай-ақ IPO жүйесімен, оның ішінде халықтың қаржысын тарта отырып, ірі қазақстандық компаниялардың бағалы қағаздарымен жұмыс істей алады. Сонымен бірге Ұлттық Банк «НБК Online» бағдарламалық жүйесін іске қосты. Ол халыққа Ұлттық Банкпен өзара іс-қимыл жасаудың маңызды құралы болып табылады.

«7-20-25» бағдарламасы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде Ұлттық Банк «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Бұл бағдарлама әрбір отбасына тұрғын үй алудың жаңа мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді. Осының негізінде халықтың қалың тобының қолжетімді тұрғын үй алуға мүмкіндігі артатын болады.

Бағдарламаның жеңілдетілген шарты бойынша 25 жыл көлемінде алғашқы жарнасы 20%, мөлшерлемесі 7% жылдық көлемінен аспайтын несие беру қамтамасыз етіледі. Бағдарламаға өзінің жеке үйі жоқ азаматтар ғана қатыса алады. Несие беруге екінші дәрежедегі барлық банктер қатысады. Кейін несиені банктен Ұлттық Банктің еншілес «Баспана» АҚ арнайы ұйымы сатып алады. Екінші дәрежедегі банк берілген несиені сатудан түскен қаржыны кейінгі ипотекалық заемшыларды несиелендіруге бағыттайтын болады.

Бағдарлама бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызы тек теңгемен берілетін болады. Мұндай жағдайда банктер бағдарлама шеңберінде ипотекалық заемдарды алу және оларға қызмет көрсету бойынша ешқандай да комиссиялық алымдар алмайды.

Ипотекалық қарыздарды қайта 

қаржыландыру бағдарламасы туралы

Қазақстанда 2015 жылдан бастап ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде 23 мыңнан астам қарызгерлерге көмек көрсетілді. Олар өздерінің жалғыз тұрғын үйін сақтап, ипотекалық қарыз бойынша төлемдерді жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік алды. Ұлттық Банктің 2018 жылғы 25 наурыздағы қаулысы бойынша қайта қаржыландыру бағдарламасының жаңа редакциясы бекітілді. Бұл бағдарлама бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары және сот актілері шығарылған қарыздар Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы (188,35 теңге) бағамы бойынша қайта қаржыландырылады. Бағдарламаға енгізілген қосымшалар 21 мың қарызгердің қарызын тиімді жолмен өтеуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде банк секторын сауықтыру бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін айтқан болатын. Осыған орай Ұлттық Банк қазірдің өзінде Қазақстан Республикасының банк қызметтерін реттеу бойынша заң актілеріне өзгертулер енгізуге байланысты кешенді шараларды қабылдауға кірісті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<