Биыл шыны зауыты іске қосылады ма?

855

0

Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, биыл облыста 48,5 млрд. теңгені құрайтын 4 ірі индустриялық жоба іске асырылады. Оның ішінде Арал ауданындағы ас тұзы және түйе сүтінен құрғақ сүт дайындау өндірісі, Қармақшы ауданындағы құс фабрикасы және шыны зауыты бар. Бүгінде бұл жобалардың жұмыстары аяқталуға жақын.


– Пандемияға байланысты біраз жоба тоқтап қалды. Қазір соның бәрін қайта қолға алып, жандандырып жатырмыз. Мәселен, биыл Қармақшы мен Аралдағы жобалардан бөлек, Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту комбинатын, «Абдулла» шаруа қожалығы құс фабрикасының және Аралдағы кальцилендірілген сода зауытының құрылысы басталатын болады. Айта кетейін, сода зауыты жобасы бойынша инженерлік инфрақұрылымы «Бизнестің жол Картасы – 2025» бағдарламасы аясында жүргізілуде, – деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.
Сонымен қатар, бүгінде қуаттылығы жылына 5 мың тонна өндіретін ет комбинаты және сүт өңдеу кешенінің ІІ кезеңі жобалары бойынша қажетті инженерлік инфрақұрылымдары жеткізіліп, құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Жалпы индустрияландыру бағдарламасының ІІІ бесжылдығы аясында облыста 7 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын 41 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Арал ауданындағы экспортқа бағытталған балықты тереңінен өңдеу цехтарының І кезеңі, облыстағы алғашқы кварц құмын байыту комбинатының желісі, Жаңақорғанда тротуарлық плитка, бордюр, лего кірпіш өндірісі және Жалағашта түйіршіктелген аммоний-сульфаты өндірістері пайдалануға берілді, – дейді салалық басқарма басшысы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<