Дамыған елдерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше роль атқарады. Себебі, халық кәсіпкерлікпен шұғылдануға бейімделсе, мемлекеттің экономикалық мүмкіндігі арта бермек. Біздегі қарқын да қуантарлық.
Жаппай кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған толассыз шара нәтиже беруде. Бизнес сенімді қорғауда, кәсіпкер құқығының тапталуына жол берілмеген. Мәселен, биыл бір ғана облыстық кәсіпкерлер палатасының көмегімен кәсіпкерлердің 208 млн теңгесі еш кетпеді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізілген кезекті баспасөз мәслихатында хабарлады.
Жиында Ғалымбек Жақсылықұлы палата құрылған сәттен бастап, яғни 6 жылда бизнесті қорғау бойынша 1481 өтініш түскенін айтты. Қорытындысында 50-ден астам тұлға жауапкершілікке, оның 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Өтініштерді қарау барысында кәсіпкерлердің 2 млрд 136 млн теңгеден астам қаражаты сақталып қалды. Аталған сома күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдардан, мемлекет тарапынан қайтарылған қаражат есебінен, сақталып қалған бизнес мүлкінің құнынан құралып отыр. Ал, 9 айдың көрсеткіштеріне тоқталсақ, кәсіпкерлерден 222 өтініш түсіп, оның 72-сі немесе 32 проценті оң шешімін тапты. Нәтижесінде бизнес өкілдері 208 млн теңгеден аса қаржысын сақтап қалды. Қаржының 73 проценті орта кәсіпкерлік субъектілеріне, 27-сі шағын бизнеске тиесілі, – деді ол.
Бұдан бөлек, палата басшысы 2015 жылмен салыстырғанда 2018 жылы кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кедергі жасаған мемлекеттік қызметкерлердің саны 3,8 есеге артқанын ортаға салды. 2015 жылы кәсіпкерлердің жұмыс жасауына кедергі жасаған 5 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 2018 жылдың қорытындысымен ол 19-ға өскен. Ал, биыл облыстың 8 мемлекеттік қызметкеріне тәртіптік шара қолданылған. Өзекті мәселе турасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Болат Нұрхожаев пікір білдіріп, атқарылған жұмыстардың әр уақытта сараланып, оның қорытындысында тиісті шаралардың қолға алынып отырғанын жеткізді.
Спикерлер әкімшілік кедергілерді азайту, бизнес өкілдерін құқықтық қолдау бағытында қабылданған шараларға да тоқталды. Олардың ішінде Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетовтің облыс әкімімен бірге қабылдаған 8 тармақтан тұратын арнайы «Жол картасы» да бар.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,
«Сыр бойы».
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<