Бизнес үшін тартымды сала

1004

0

Агроөнеркґсіп кешені – экономиканың тұрақты дамып келе жатқан секторының бірі ғана емес, бизнес үшін тартымды сала. Оның маңыздылығы карантин уақытында қатты білінді. Мемлекет қолда­уы­ның арқасында салаға ерекше екпін беріліп, серпін артты. «ҚазАгро»  Ұлттық бас­қарушы холдингіне қа­расты «ҚазАгроҚаржы» АҚ да мүмкіндігінше агро­өнер­кґсіптегі шағын жґне орта бизнестің дамуына қол­дау көрсетуде. Жуырда акционерлік қоғам баспасөз турын ұйымдастырып, ат­қа­рылған ауқымды іс пен қолға  алынған бастамалар жа­йын таныстырған болатын.

«ҚазАгроМир» серік­тес­тігінің жылыжайында өт­кен шарада маңызды мәсе­лелерге басымдық берілді. Сонымен қатар қазір сауда орындарындағы қияр бағасы арзандағаны да айтылды. Бағаның тұрақталуына қа­лаға қарасты Махамбетов ауы­лындағы қияр өсіретін осы жылыжайдың іске қо­сылуы септігін тигізіп отыр. Жергілікті халық үшін игілігі мол агрожоба испан технологиясымен салынған. Алып жылыжай кешенінің аумағы 2 гектарды құрайды. Агроном Ақылбек Тілеуовтің айтуынша, мұнда қысы-жазы 22 градус жылы температура сақталады екен. Жылыжайда ТМД елдеріне кең тараған қиярдың «Мономах» тұқымы егіледі. Тұқым себілгеннен кейін 45 күнде алғашқы өнімін береді. Жабық кешен тамшылатып суару әдісімен автоматтандырылған жүйеге қосылған. Ал, мұндағы жұ­мыс­шылардың барлығы дер­лік осы ауылдың азаматтары.

Жалпы, «ҚазАгроҚаржы» облыста осындай кешендерді дамытуға 41 миллиард теңге инвестициялаған. Оның ішін­де 34 миллиард теңге 2050 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, ал 7 миллиард теңгесі инвест-жобаларды қолдауға, мал сою цехтары, сүт-тауар фермалары, мал бордақылау алаңдары мен жылыжайларға бағытталып отыр.

– Мемлекет қолдауының арқасында бүгінгі күні шаруа­ларда айтарлықтай мәселе жоқ. 10-15 жыл бұрын оларға қаржы қолбайлау болып, қандай техникамен егіске кірісемін деп бас қатырса, қазір оларды ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарының шы­ғым­дылығын арттыру және оларды қайта өңдеу толған­дырады. Өткен жылдың қоры­тындысы бойынша «Мағжан и К», «Таң ЛТД» серік­тес­тігі және «Бақдәулет» шар­уа қожалығының өкілдері күрішті өңдейтін оңтүстік­кореялық зауытты іске қосты, – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Оразбек Қарақожаев.

Баспасөз туры барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ­басшысы Сейілбек Нұрымбетов те саладағы қарқынды баян­дап, өңір жаңа ауыл шар­уа­шылығы техникаларымен қам­­тылғанын айтты.

– Агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту шеңберінде мем­ле­кеттік қолдау шараларымен өңірдің ауыл шаруашылығы паркі айтарлықтай жаңар­тылды. Соңғы бес жылда «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 26 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 760 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Соңғы бес жылда түскен техникамен  күріштің 50-60 процентін егуге және жинауға болады, – деп толықтырды басқарма басшысы.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, бүгінде облыстағы техниканың 80 проценті – жаңа. Бұдан бөлек, сыйақының проценттік ставкасын субсидиялау, салынған инвестиция­ларды ішінара қайтару және лизингтік компанияның тиімді механизмі секілді мемлекеттік қолдау шаралары нәтиже беруде. Соңғы онжылдықта негізгі дақыл – күріштің де өнімділігі 1,8-2 есеге өскен.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<