Коронавирус дерті әлем экономикасына мықтап салқынын тигізе бастады. Сарапшылар бүгінгі ахуалды сараптан өткізіп, оның зардабы әсіресе, жаңа басталған екінші тоқсанда күрт сипат алатынын айтады. Қазір Қытай экономикасы есін жия бастады. Бірақ Еуропа елдеріндегі жағдай әлі күрделі. Оған АҚШ экономикасында орын алған дағдарысты қосыңыз.
Сол сарапшылардың пікірінше, әлем экономикасы, оның ішінде бизнес 2020 жылы рецессияға ұшырайды. Қазірдің өзінде орта және шағын бизнестің жағдайы ауыр. Мемлекеттер салаға көмектесу бағытында көптеген шараларды қолға алды. Франция үкіметі шағын және орта бизнеске жалдамалы жұмысшы қызметкерлерді қолдау бағытында 45 млрд еуро бөлді. Сондай-ақ үкімет наурыз, сәуір айында салаға тиісті салықтық төлемдерді төлеуді кейінге қалдырды. Сонымен бірге несие төлемін шегеру үшін 300 млрд еуро бөлінді.
Германияда осындай шаралар қолға алынды. Қаржы министрі Олаф Шольц компанияларға 500 млрд бөлінетінін мәлімдеді. Австрия үкіметі экономиканы қолдауға 4,4 млрд бөлуге шешім қабылдады. Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен орта және шағын бизнесті қолдау арқылы олардың дағдарыстан кейінгі жұмысының өрге басуына ықпал жасайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың пікірінше, бүгінгі күрделі кезеңде бөлінген қаржы экономиканың дағдарыстан кейінгі ахуалына оңды ықпал жасайтын болады.
Украинаның Жоғарғы Радасы кәсіпкерлердің салық ауыртпалығын жеңілдету, бұл бағыттағы пенялар мен айыптарды тоқтату туралы заң қабылдады. Бизнестің несие өтеуіне каникул, ұлттық валютаны қолдау үшін Ұлттық банк өз қорынан интервенция жариялады. Бірақ Еуропа елдеріне қарағанда Украинаның жағдайы біршама күрделі. Себебі қор тапшы, қаржы жетіспейді. Рада осыған орай 2021 жылдан бастап жер сатуды жүзеге асыру жөнінде заң ережелерін қабылдады. Бұл орайда бүкілхалықтық референдум жүргізілмекші.
Коронавирустен Италия барынша зардап шекті. Үкімет декрет қабылдап, экономиканы сақтап қалу бағытында 25 млрд еуро бөлмекші. Бұған қосымша денсаулық сақтау жүйесіне 3,5 млрд еуро бөлінеді. Банктің мемлекеттік кепілдігі бойынша бизнес пен халықтың қарызы және ипотекалық несиелер бойынша өтем жасалады. Карантин салдарынан жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылған халық тобына арнайы төлемдер төленеді. Сонымен бірге әлеуметтік қорғау шараларымен көптеген отбасылар қамтылатын болады.
Испания премьер-министрі Педро Санчес экономиканың тұралап қалмауы үшін 200 млрд еуро қаржы бөлетін болды. Сарапшылардың атап өткеніндей, мұндай мемлекеттік қолдау Франко режимінен кейін, яғни 50 жыл көлемінде болған емес. Үкімет басшысы мемлекет бүкіл қиындықты өз жауапкершілігіне алатынын мәлімдеді.
Польша және Словакия мемлекеттері тиісті шаралар қабылдауда. Словакия экономика министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтылғандарға 3 ай бойы әлеуметтік және медициналық төлемдер төлеуді кейінге қалдырды. Жұмыс істейтін азаматтардың бірі карантинде болған жағдайда оған орта табысының 80 проценті сақталатын болды.
Эстонияда экономикалық қолдауға 2 млрд еуро бөлінеді. Бұл сарапшылардың пікірінше елдің ішкі жалпы өнімінің 8 процентін құрайды. Ел премьер-министрі Юри Ратастың пікірінше, қазіргі таңда бизнесті банкроттықтан сақтап қалу саланың алдағы мерзімде жемісті еңбек етуіне негіз қалайтын болады. АҚШ-та жалпы зардаптың күшін жоюға 6 трлн. доллар бөлуге шешім қабылдады. Орасан зор қаржының негізі шағын және орта бизнеске бөлінетін болады.
Дания үкіметі жеке компанияларға олардың әрқайсының жалақыларын өтеуге тиісті қаржы бөлуге тапсырма берді.
Қазір әлемде логистика, тұрмыстық қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыру, жанар-жағармай сату, туризм, қонақ үй салаларына қиын болып тұр. Еуроодақ, Қытай және АҚШ әлемде жанар-жағармайдың 60 процентін тұтынады. Қазір оларды сату төмендегендіктен және қызмет көрсету саласы уақытша жұмыстарын тоқтатқандықтан олардың табыстары 50-60 процентке төмендеді. Әуе компаниялары банкроттыққа ұшырауға жақындады. Бүкіл әлемдік еңбек ұйымының деректері бойынша бүкіл жұмысшы күшінің 81 проценті карантинде отыр. Тығырықтан шығудың жолы қандай? Кім, қандай шығынмен шығады? Болашақта әлем экономикасы қандай бағытта дамитын болады? Қазір осы сұрақтардың жауабы төңірегінде саясаткерлер барынша бас қатыруда.
Сарапшылардың пікірінше, экономиканы сауықтыру оңайға соқпайды. Бизнес саласындағы, сондай-ақ жалпы экономикадағы оңды ахуалдың нышандары 2020 жылдың соңына қарай байқалатын болады. Бірақ бұл орайда пікірлер сан алуан. Жалпы созылмалы рецессия 2021 жылдың көктеміне дейін созылуы ғажап емес. Оптимисті көзқарастағы сарапшылар дағдарыстан кейін әлем эконономикасы 1,5-2 жылдан кейін жақсы өсіммен дамитынын болжайды. Бұл орайда әлемдік валюта – АҚШ долларына деген сенімсіздік біртіндеп жоғалады. Мемлекеттердің валюталарын алтынға балап бағалау негізге алынады. Халықаралық валюта қорының құрылымы, мазмұны өзгереді. Бұл орайда сарапшылар Қытайдың, Үндістанның, Жапонияның, Скандинавия елдерінің, Ресейдің мүмкіндіктері мол екенін айтады. Әлбетте, осының барлығына уақыт төреші.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<