Еңбек десе елгезектік танытып, кәсібін нәсібіне айналдырамын деген жандарға қолдау күшейтілмесе, кемімейтіні белгілі. Жұмыр жердің тұрғындарын жұдырықтай жұмылдырған пандемия әлегі кәсіпкерлер үшін оңай соқпады. Десе де, шағын және орта бизнесті дамыту мемлекет үшін қашан да маңызды болып қала бермек.
Шағын және орта бизнес – экономиканы әртараптандыру мен жұмыссыздар санын азайтуға, макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты болуына ықпал ететін басты фактор. Соңғы үш жылда облыс шағын және орта бизнесті дамытуда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 30, жұмыспен қамтылғандар саны 17 процентке ұлғайды. Ал, ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 13,2-ден 17,8 процентке артты.
Биыл елдегі экономикалық ахуал, ең алдымен, кәсіпкерлік саласына айтарлықтай әсер еткені рас. ШОБ субъектілерінің 74 процентінің қызметі ішінара тоқтатылып, оның ішінде азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудасы, туризм саласы, қоғамдық тамақтану және мейрамхана, жолаушыларды тасымалдау қызметтерінде кәсібін жүргізетін шамамен 10 мыңға жуық субъекті зардап шекті. Бұл жағдай экономиканы әртараптандыру, шикізаттық емес секторды, сондай-ақ шағын және орта бизнесті одан әрі жедел дамыту қажеттігін тағы да растады. Ол үшін Үкімет бұрын-соңды болмаған дағдарысқа қарсы түрлі шаралар қабылдап, облыс деңгейінде іске асырылды. Атап айтсақ, биылдан бастап ШОБ үш жылға табыс салығынан және бақылау-қадағалаушы органдардың тексерулерінен босатылды. Сондай-ақ, 4 мыңға жуық шағын кәсіпкерлік субъектісінде жұмыспен қамтылған азаматтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен, 147 ірі сауда нысаны бойынша 8822 сауда алаңы жалпы құны 695,8 млн теңге көлемінде жалдамалық төлемдерден, 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік мүлікті жалға алып отырған 189 шағын және орта бизнес субъекті 34,5 млн теңге болатын жалдау ақысынан босатылмақ.
Айта кету қажет, салықтық түсімдер бойынша бюджет жоғалтылымы шамамен 2020 жылға – 4,6 млрд, 2021 жылға – 4,8 млрд және 2022 жылға 5,2 млрд теңгені құрады. Мұнан өзге, 9 мыңға жуық ШОБ субъектілерінің банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы міндеттемелерінің ай сайынғы төлемдері кейінге шегерілді. ҚР Ұлттық банкінің мәліметіне сүйенсек, биыл 9 айда екінші деңгейлі банктер ШОБ-қа 17,3 млрд теңге көлемінде несие берген. Кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында банктер ШОБ-тың 362 жобасына 14,6 млрд теңге, қаржы ұйымдары 772 кәсіпкерге 3,3 млрд теңге көлемінде шағын несие ұсынды.
Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдық кәсіпкерлерге шағын несие беру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына 200 млн теңге, одан бөлек, «Даму» қоры арқылы 1 млрд теңге қаржы тартылды. Бүгінгі күннің өзінде орталық 89 кәсіпкердің жобасына 357,8 млн теңге көлемінде шағын несие берді.
Сонымен бірге, орталық дәріханалардың айналымын толтыруға жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлу пысықталуда.
Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар аясында 2863 жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтың кәсібін бастауына 1,2 млрд теңге көлемінде қайтарымсыз грант қаражаттары бағытталды. Оның ішінде, «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 58 шағын және жас кәсіпкердің жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға 131,5 млн теңге қаржы бөлінген.
Бағдарлама аясында жастардың жаңа бизнес идеяларын қолдауға республикалық бюджеттен қосымша 50 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражат аясында қазіргі таңда басқарма арқылы конкурстық іріктеу шаралары басталды.
«Бизнеске арналған Үкімет» платформасы аясында жыл басынан бері несие және грант қаражатын алуға арналған жобаның жалпы құны 1 млрд 426 млн теңгені құрайтын 1436 бизнес-жоспар әзірленіп, оның бүгінгі күні 535-і мемлекеттік бағдарламалар аясында 475,7 млн теңгеге қаржыландырылды. Бұл өз кезегінде «Бизнеске арналған Үкімет» платформасының қызметін жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімділігін көрсетеді.
Елімізде пандемия жағдайында бизнеске жасалған қолайлы жағдайлар облыста ШОБ саласының дамуына, оның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері өсімінің қайта қалпына келуіне өзіндік ықпалын тигізуде.
Республика халқының 9,2 млн адамы еңбекке қабілетті болса, соның ШОБ саласында 14,7 проценті немесе 1,6 млн бірлігі кәсібін жүргізеді. Онда еңбекке қабілетті 3,3 млн адам жұмыспен қамтылған. Ал облыс бойынша 342 мың еңбек күшінің ШОБ саласында 92,5 мың адамды жұмыспен қамти отырып, 47,4 мың субъекті кәсібін жүргізуде. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенді халықтың 13,9 процентін құрап отыр. Бұл көрсеткіш бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда облыс 8 орында келеді.
Жалпы биылғы жылдың 9 айында облыста тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 1570 бірлікке немесе 2,9 процентке, жұмыс жасап тұрғандардың саны 1150 бірлікке немесе 2,5 процентке ұлғайған. Бұл ретте, жұмыс жасап тұрғандардың тіркелгендердің ішіндегі үлесі 87,9 процентті құрап отыр. Осы көрсеткіш бойынша облыс Түркістан облысынан кейін 2 орында.
Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта облыста ШОБ саласында 92470 адам жұмыспен қамтылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1 процентке өскен.
ШОБ саласының бұл көрсеткіштерінде өсім болғанымен, пандемия жағдайында зардап шеккен өңір экономикасының негізгі салаларының төмендеуі әлі де орын алып отыр. Көтерме және бөлшек сауда айналымының нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда – 10, облысқа жалпы сырттан келушілер саны – 50, келушілерді орналастыру орындары (қонақ үй, хостел т.б.) бойынша көрсетілген қызметтер көлемі – 58, өнім шығарылым көлемі 16,7 процентке төмендеген.
ШОБ-тың жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 13,9 процентті құраған. Былтырғы жылмен салыстырғанда 1 процентке төмен.
Пандемия шектеулері облыста электронды сауданың өсуіне жағдай жасады. Барлық сауда нысандары «Клиентке дейін жеткізу» қағидаты бойынша жұмыс істеп, сауда арнайы сайттармен қатар, мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желілер арқылы жүргізілді.
Былтырғы электронды сауда айналымы 367 млн теңгені құраған болса, биылғы жыл қорытындысымен 700 млн теңгені құрайды деп күтілуде.
Пандемия салдарынан зардап шеккен қызметердің тағы бірі – тойхана қызметі. Облыста тіркелген 128 тойхана басшысымен кездесу өткізіліп, оларға қызметтерін қайта бағыттау жөнінде ұсыныстар берілді. Облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары шеңберіндегі дайын жобалар ұсынылды. Бүгіннің өзінде 10 тойхана басшысы қызметін қайта бағыттау жұмысын бастап кетті.
Қазіргі жағдайда облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыпқа келтіру, нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл әр аймақтың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері ескеріле отырып,
«2023 жылға дейін Қызылорда облысын экономикалық дамыту жоспары» әзірленді. Оның аясында өңір халқының тұтынушылық қажеттілігі бойынша сұранысын қанағаттандыру мақсатында экономиканың түрлі салаларында іске асыруды қажет ететін 265 жобаның тізімі жасақталып, бизнес өкілдеріне таныстырылды.
Биыл жалпы мемлекеттік бағдарламалар мен өзге де қаржы көздерінің есебінен жалпы құны 26 млрд теңгені құрайтын 110 жобаны іске асыру қолға алынды. Қазірдің өзінде оның жалпы құны 4,7 млрд теңгені құрайтын 63 жобасы іске қосылып, 545 жұмыс орны құрылды.
Аймақтың туристік әлеуетін арттыру да басты назарда. Аты елге белгілі «Жаңақорған» шипажайы – «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасына енгізілген үш жобаның бірі. Одан бөлек, аталған картаға «Қамыстыбас» демалыс аймағы мен «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы енгізілген. Бүгінде Жаңақорған ауданында 122 орындық заманауи шипажайдың құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, іске қосу жоспарланып отыр.
Күрделі уақыттың қиындығына қарамастан өңір экономикасын дамыту, кәсіпкерлерге серпін беру мақсатындағы жұмыстар легі осындай. Еті тірі, ебі бар, жоспары айқын жандар қашанда қолдау табады. Тек «апам тойға барса, мен де барамын» дегендей ниетпен іске кіріскендер болса, жөн басқа. Қазір кәсіпкерлер үшін бастысы – жағдайға бейімделіп, тиімді бағытта бизнесті жалғастыру.
Фердоуси ҚОЖАБЕРГЕНОВ,
облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<