Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновты қабылдады.
Онда департамент басшысы бюджетке түсетін кіріс көлемінің көрсеткіштеріне тоқталып, жоспарлы жұмыстарды баяндады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақта тамыз айына дейін межеленген жоспар 106,4% болып, 4,070 млрд теңге артығымен орындалған. Бұл ретте өңірдегі түсімдердің өсу қарқыны 81%-ке жеткен. Оның ішінде республикалық бюджетке 36,556 млрд теңге, жергілікті бюджетке 30,973 млрд теңге өндіріліп отыр.
Қабылдау барысында облыс әкімі экономика салаларынан түсетін түсімдер барысын саралап, ол бойынша сараптамалық есеппен танысты. Соңғы 6 айда жергілікті бюджеттен түскен түсімдердің 14%-і мұнай компанияларынан құралса, шағын және орта бизнес субъектілерінің түсімі 23%, ал бюджеттік саланың кірісі 28%-ке жеткен.
Құрылыс саласы бойынша кіріс 6,9%, яғни бюджетке бұл саладан 4,115 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,6%-ке артық. Сауда саласында да түсім үлесі 19,4%-ке артқан. Ал, ауыл шаруашылығы саласында кіріс 1,6%, 966 млн теңге болса, өткен жылдан 242 млн теңгеге артық.
Карантин жағдайы жылдық жоспардың орындалуына да әсер етіп отыр. Жергілікті бюджеттің жылдық жоспары 47,650 млрд теңгені құрады. Дегенмен, төтенше жағдайға байланысты шілде айында жоспар 3,058 млрд теңгег азайтылып, 44,852 млрд теңге болды. Әйтсе де қосымша резервтер есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіру нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 5,660 млрд теңге қосымша қаржы түскен.
Мұнай өндіру көлемінің төмендеуі және нарықтағы шикі мұнай бағасының тұрақсыздығы салықтық түсімдердің азаюына алып келуде. Мәселен, мұнай компанияларынан түсетін салықтық түсім өткен жылы 29%-ті құраса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 14% болған.
Департамент тарапы қазіргі уақытта түсім көлемін межелі орындау үшін салық төлеушілер жанынан 28 баcым бағытта «Мақсатты топтар» белгілеп, әкімшілендіру істерін жүргізіп, түсім көлемін төмендетпеу бағытында жұмыс жасауда.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<