Букмекерлік кеңселер: Залалы жұртқа, пайдасы кімге?

2835

0

Қала көшелерінен бір көріністі байқайсыз ба? Букмекерлік кеңселер жылдам ашылып жатыр. Бұрынғы шағын дүкен, оңаша әрі жайлы дәмхана, шаштараздардың орнын таппай қаласыз. Орнында жарнамасы жер жаратын – «1XBET», тұрақты тұтынушылары бойынша көш басында тұрған – «OLIMPBET», бонусы көп – «Фонбет». Бұл тенденция жыл санап артып келеді. Букмекерлік кеңселердің мұндай танымалдылығының себебі неде?


Осы оймен сондай кеңселердің біріне кіріп те көрдік. Аты-жөнін атамауды сұраған жап-жас кассир қыз таратып ештеңе айтпаса да, «Бәс тігіп пайда тауып жүрген адам бар ма?» деген сұрағымызға қысқа жауап қайырды.
– Тіпті әуре болмаңыз, – деді де, әңгімесін әрі жалғады.

– Менің қай жерде жұмыс істейтінімді біле сала барлығы қалай бәс тіксе ұтыс алуға болатынын сұрайды. Нақты айту мүмкін емес. Бір мысал айтайын. Жұмыста отырмын. Түнгі сағат екінің шамасы. Зал бос. Бір ағай кіріп:


– Қарындас, маған ең дұрыс ставканы айтшы, – деді.


Ережеге сәйкес мен оған «мынау матчқа былай бәс тігіп, нәтижесін күт» деп айта алмаймын. Бәс тікпеуге де үгіттеуіме болмайды. Сондықтан «Өзіңіз қандай спорт түрін ұнатасыз? Қай құрамаға жанкүйерсіз?» деген сияқты сұрақтармен тіке жауап бермеуге тырыстым.


– Қарындас, сен мені түсінбедің. Маған ең дәл ставка керек. Коэффициенті көп, ұтатыным анық болуы тиіс. Менің ипотекам бар, – деді әлгі ағай.


Не айтарымды білмедім. Мұнда бар ақшасын алып, кездейсоқ, үміт етіп келетін адамдар көп. Біздің де қолымызда ойын нәтижесі алдын ала жазылып тұрған дәптер жоқ. Компьютерім матчтың қа­лай аяқталатынын көр­сетпейді. Өзі бәс тігіп бүкіл ақшасынан айрылған кейбір құмар ойыншылар, тіпті алаяқтар осындай аңқау адамдарға болжамдар сатады. Оның барлығы – адамды алдау ғана. Қолындағы қағазға қарап бәс тігетіндер де көп. Әдетте олар тіпті қай спорт түріне бәс тігіп жатқанын білмейді. Болжамды сатып алып, барлық жалақысын бәске тігуге келеді. Өйткені оған біреу «бұл – 100 процент вариант» деп айтқан.


Бір ғана қарапайым нәрсені есте сақтаңыз – жүз процент сенімді ставка жоқ.

«Барселона» да ұтылуы мүмкін. Ал ең әйгілі боксшы бірінші раундта нокаутқа түсіп жатады. Кез келген спортта айқын фавориттер де ұтылатын кез болады, – деді.
Осы әңгімені естіп, өзімізше ой қорытқан бол­­дық. Біріншіден, бук­­мекерлік кеңселер жұмы­сы облыс деңгейінде то­лық қадағаланбайды. Сон­­дықтан, олардың қан­ша нүктесі бар, табысы қан­ша, олар қанша салық тө­лейді, тағы да басқа ресми дерек алу мүмкін емес. Екіншіден, ел аумағындағы букмекерлік бизнес туралы да нақты дерек жоқ.

Тәуелсіз сарапшылардың болжамдары, әртүрлі статистика ғана бар. Айта кетерлігі, ол деректер де бір-бірімен үйлеспейді.

• Бейресми дерек бұл салада Қазақстанда 30 мыңға жуық адам жұмыс істейтінін айтады. Елімізде жарты миллионға жуық адам тұрақты түрде бәс тігеді. Олардың ұтқанынан ұтылғаны көп екені айтпаса да түсінікті. Тіпті, еліміздегі әрбір бес ажырасудың біреуіне осы бір зиянды әдет себеп болады екен. Онда бұл бизнес неліктен соншалықты танымал?

Бұрын, 2007 жылы ойын бизнесі туралы заң қабылданғанға дейін букмекерлік кеңселерді жаппай ашудың қажеті жоқ еді. Өйткені Қазақстанның кез келген ірі қаласында казинолар мен ойын автоматтары еркін қолжетімді болды. Ойын бизнесінің бұл сегменті букмекерлік кеңсеге қарағанда әлдеқайда көп пайда әкеледі. Бірақ қазір, заң қабылданып, тек арнайы аймақтарда ғана казино ашу мүмкін болған кезде, букмекерлік кеңселер заңдағы кішкене олқылықты ұтымды пайдаланып кет­ті. Расында да олардың қызметіне ты­йым салатын заң жоқ. Бірақ кейбір шарттар бар. Кеңсе иесінің лицензиясы болуы, ұтысты алу үшін ойыншы кемінде 21 жаста болуы керек.


Жалпы, букмекерлік – кез келген ойын бизнесі сияқты, өзін-өзі ақтау тұрғысынан ең жылдам бизнестің бірі. Оған бастапқы капитал да көп керек емес. Шағын орынды, кассир немесе операторды жалдау, компьютер, принтер, кассалық машина және плазма сатып алу жеткілікті. Виртуалды кеңсе ашу одан да тиімді. Интернетте бизнес жүргізу үшін үй-жай, қызметкерлер қажет емес. Оған қоса лицензиясыз, ешқандай тіркеусіз, тіпті, салықтан жалтарудың да жолын тауып жұмыс жасай аласыз. Егер коэффициенттер сауатты құрастырылған болса, букмекерлік кеңсе бір жылға жетпей байып шыға келеді.

• Осы жерде «бәрін жауып тастауға не кедергі?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Біріншіден, заң рұқсат береді және ол букмекерлік кеңселер жағында. Екін­шіден, мемлекетке мұн­дай салық көзін жабу тиімсіз. Бейресми деректер бойынша, Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жылдық табысы шамамен 600 миллиард теңгеге дейін жетеді. Тағы бір дерек 800 миллиард теңге дейді.

Ал Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы бұл нарық бюджетке 16,5 миллиард теңге салық түсірген. Тағы бір таңғаларлық жағдай, өткен жылғы пандемияға байланыс­ты шек­теулерге қарамастан, бук­мекерлер табысы еселеп өскен. Осы ретте мемлекет бұл бизнесті қадағалау шараларын қабылдап та жатыр.


Айталық, биылдан бас­тап 2020 жылғы 2 шіл­дедегі «Ойын бизнесі туралы» жаңа заң күшіне енді. Заң құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге ба­ғыт­талған. Пәтерін, бү­кіл жиған-тергенін бәске тігіп, барынан айырылған жандар туралы естіп жатамыз. Құмар ойындарға тәуелділікті «лудомания» деп атайды. Кез келген тәуелділік сияқты, оның алдын алу емдеуден гөрі оңай.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл патологияны психикалық ауытқушылық ретінде ресми түрде мойындады. Сонымен қатар, жаңа түзетулер букмекерлік бизнестің ашықтығын қамтамасыз етуі керек. Осылайша, беделді компаниялар нарықтың заңсыз қатысушылары бәсекесінен арыла алады.


Жаңа заң аясында Ұтыстарды тіркеу орталығы құрылады. Орталық қызметі тек құмар ойыншыларға көмектесумен шектелмей, алаяқ­тардан қорғайды. Кәмелетке толма­ғандардың бәс тікпеуін қадағалап, ересек ойыншылардың өз ұтысын алуына кепілдік береді. Өйткені, өкінішке қарай, қазақстандықтар ұтысын ала алмай жататын кездер де болып тұрады.


Мысал үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Өткен жылдың қараша айының басында алматылық тұр­ғынның әңгімесі үлкен резонанс туғызды. Ақтауда іссапарда болған кезде ол бірнеше бәс тігіп, 19 миллион теңге ұтып алған. Алайда букмекерлік кеңсе ұтысты төлеуден бас тартты. Нәтижесінде ойыншы сотта өз ұтысының әділ екенін дәлелдеді. Бұл бір ғана жағдай емес. Спорт жанкүйерлері мен букмекерлік кеңселер арасындағы дау көп. Көп жағдайда мұндай даудың себебі өте аз мөлшердегі ақшаға қатысты болған соң елеусіз қалып жатады.


Салық органдары да сотқа жиі жүгінеді. Олар қазіргі уақытта сайттар арқылы тігілген бәстерге бақылау жасай алмайды. Көп компаниялар осы олқылықты өз мақсатында пайдаланып жүр. Мысал ретінде қазақстандық ірі букмекерлік компа­ния­лар­дың бірінің иелеріне салық төлеуден жалтаруына байланысты қозғалған қылмыстық істі айтуға болады. Оның иелері іздеуде және құқық қорғау органдарының айтуынша, шетелде жасырынып жүр.

Сондықтан, Ұтыстарды тіркеу орталығы басқалармен қатар, табысын жасырып, салықтан жалтаруға тосқауыл болып, заңсыз компаниялардың іс-әрекетін тоқтатудың ма­ңызды элементіне айналады деп сендіреді мамандар.


Тәуелсіз сарапшылардың пікі­рінше, ойын бизнесіндегі нақты табыс­тың үштен екісі көлеңкеде қалып отыр. Букмекерлік кеңселердің көпшілігі шетелдерде тіркелгенін ескерсек, бұл – азаматтардың ақшасы тура мағынасында желге ұшып жатыр деген сөз. Басқаша айтқанда, жалпы айналымдағы 600 миллиард теңге табыстың 400 миллиардтан астамы жасырын күйінде.

Демек, мемлекет жыл сайын 40 миллиард теңгеге жуық салықты жоғалтады. Анығында, елге және азаматтарға зиян одан әлдеқайда көп.


Биболат СӘТЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<