Қызылорда қаласында қауіпсіздікке арналған гидроизоляциялық қорғаныш каскаларын шығаратын шағын цех іске қосылып, жаңашыл жоба сәтті жүзеге асырылуда. «NP Consulting» ЖШС қолға алған өндіріс өз тұтынушыларын тауып, облыс аумағында ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріне тапсырыспен өнім шығаруда. Тұтынушылардың басым көпшілігі – мұнай және құрылыс компаниялары. Өндіріс «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірегей бағдарламасы аясында қолдау тауып, қуатын арттырып отыр.
«NP Consulting» ЖШС бизнесін дамытуға «БанкЦентр Кредит» АҚ-дан 14%-пен несие рәсімдеп, оның проценттік үстемесін «БЖК – 2020» бағдарламасы шеңберінде екі есеге дейін арзандату мүмкіндігіне қол жеткізді. Сонымен қатар, кәсіпорын несие рәсімдеу барысында кепіл мүлкі жетіспеушілігі мәселесін «Даму» қорының жартылай кепілдендіру құралының арқасында шешіп отыр.
Несие қаражатын кәсіпорын жаңа қондырғы алуға бағыттап, өндірілетін өнім түрін арттырды. Серіктестік жаңа қондырғымен қолданушыға касканы бастан шешпестен, оңай, әрі бірсарынды реттеуге мүмкіндік беретін шаппа механизмді қорғаныш каскаларын шығаруды қолға алды. Мұндай касканың тағы бір ерекшелігі, жұмысшы биікте атқарылатын жұмыс барысында еңкейгенде, бастан жылжып немесе түсіп кетпейтін, ыңғайлы болып келуінде.
Серіктестік басшысы Ғалым Прекешовтың айтуынша, қорғаныш каскалары неміс технологиясымен отандық шикізаттан өндіріледі. Сонымен қатар, өңірімізде бәсекелесі жоқ кәсіпорын саналады.
– Жаңашыл бизнесті жүзеге асырудың өзіндік қиыншылықтары мен ерекшеліктері бар. Инновацияның ең басты артықшылығы, нарықта бәсекелестердің болмауы. Бірақ бұл ерекше фактор кәсіпкерге бірден табыс әкелмейді, бастысы өндірілген өнімнің жоғары сапалы болуында. Тұтынушыға қолжетімді бағада, жоғары сапалы өнім ұсынсаң, осы қағида сені жетістікке жетелейді. Сонымен қатар, кәсібің табысты болсын десең, оған уақытылы қаржы құю қажет. Ал бұл мәселені біз мемлекеттік бағдарламаға қатысу арқылы оңтайландыра алдық, – дейді Ғалым Прекешов.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<