ДОКТОР КАКУДЫҢ БОЛАШАҚ ЭВОЛЮЦИЯСЫ ТУРАЛЫ БОЛЖАМДАРЫ

491

0

Енді сегіз жылдан кейін автокөліктер өздігімен жүріп, адамдар сауда-саттықты үйде отырып жасай беретін болады. Тек төлем карточкасына өзінің салмағын, бойының өлшемін енгізіп қойса болғаны, сол өлшемге сай үйге дүкеннен тікелей киім жеткізіледі. Тіпті, сыйлықты да сатып алудың қажеті болмайды, өйткені ғалымдар ойлап тапқан 3D принтері арқылы интернетпен жіберген сыйлықты шығарып алудың мүмкіндігі бар дейді «Болашақ физикасы», «Мүмкін емес физика» кітаптарының авторы Митио Каку.
Тағы бір үлкен жетістік медицина саласын күтіп тұр. Енді 18-23 жылдан кейін адам органдарын био-пластиктерден жасап шығару қарапайым іске айналады деп күтілуде. Көптеген ауру түрлері жойылып, ағзаның жағдайы нанокомпьютерлер арқылы қадағаланатын болады. Науқастың жағдайын білу үшін қан алып, түрлі талдауларды жүргізудің де қажеттілігі қалмайды. Дәрігерлер арнайы чип орналастырылған дәріні емделушіге беру арқылы, оның денсаулығын өз бақылауларына толықтай алады.
2027 жылға қарай адамдардың миынан естеліктері мен әсерлерін Желіге көшіріп алуға, оны басқалардың миына қондыру мүмкіндігіне қол жеткізіледі. 2029 жылға қарай роботтар адамдармен салыстырғанда, қай жағынан болса да ақылды болады. Бірақ, олар бізден билікті алып қояды деп қорқудың қажеті жоқ. Доктор Каку олардың  мықты болатынын, бірақ та тек белгілі бір тапсырмаларды ғана орындайтын «жәндіктер интеллекті» түрінде қалатынын айтады. 2040 жылдарға қарай нанотехнология бағдарламасы бойынша жаңадан зат шығарып, оның формасын өзгертуге мүмкіндік береді.
2050-2060 жылдары Марсты қоныстану басталады. Жеке компаниялар бұл ғаламшарда елді мекендер тұрғызып, ол жаққа барғандар Жердің көмегінсіз өмір сүре алатын болады. Ал, 43-83 жылдар аралығында адамдар мүлдем жұмысқа бармайды. Арнайы көзілдіріктер арқылы басшылықпен және әріптестерімен тікелей байланысқа шығып, тапсырмаларын үйде отырып-ақ орындауға мүмкіндік тумақ. Тіпті, 2100 жылы адам мен роботтардың деңгейі теңестіріледі. Бүгінгі компьютерлер де ол уақытқа дейін жоғалады, яғни, керексіз болып қалады. 100 жылдан кейін Жерде дүниежүзілік ортақ Үкімет болады, оның шешімдері ұлттық биліктердің шешімдерінен маңызды болмақ дейді Каку мырза.
Міне, американдық ғалымның болжамдары осындай. Оған сену-сенбеу, әрине, өз еркіңізде.
Әзірлеген Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<