Доллар – теңге – рубль: арақатынас бағамынан не күтуге болады?

1284

0

Доллар – теңге – рубль. Бұл үшеуінің арақатынасында қандай байланыс бар? Жыл басынан басталған әлемдік дағдарыс қазір біршама саябырсығанымен, тұтыну және қаржы нарығындағы жағдай күрделі сипатын әлі жоғалта қойған жоқ. Егер дағдарыс өріс алған 2020 жылдың наурызынан бастасақ, қазір Ресей рублі де, Қазақстан теңгесі де АҚШ долларына шаққанда құнын үштің біріне жуық жоғалтқанын атап өткіміз келеді.

Сарапшылар, әдетте, Ресей рублі мен теңгенің қатар құнсыздануы заңдылық екенін, олардың арақатынасы бір-біріне байланып қалғанын атап көрсетеді. Неліктен? Біріншіден, Қазақстан мен Ресей – Еуразиялық экономикалық одақтың белді мүшелері, өзара экономикалық байланыс­тар ауқымы жыл санап өсіп келе жатқан, тауар айналымының кедендік ресімдеу тәртібі, басқа да шарттары үйлестірілген мемлекеттердің қатарына жатады. Қаржы нарығы ұқсас болған соң сырттың ықпалымен келетін келеңсіздіктердің ұлттық валютаға әсері де бірдей.

Екіншіден, АҚШ пен бірқатар Еуропа елдері Ресейге соңғы уақытта санкциялар жариялай бас­тады. Бұл өз кезегінде ұлттық валюталардың құнсыздануына ықпал жасауда. Соңғы уақытта Ресейге салынған санкциялар Белоруссиядағы сая­си жағдаймен, Ресейдегі оппозиция өкілі Алексей Навальныйдың тағдырына қатысты күшейе түсті. Сонымен бірге АҚШ Ресейде қызмет істеп жатқан шетелдік инвесторлардан өз қаржыларын кері қайтарып, бизнестерін тоқтатуды талап етуде. Ресейдің Германиямен арадағы «Северный поток-2» газ құбырының құрылысы аяқталуға жақындағанда АҚШ ықпалымен тоқтатылды. Сол сияқты АҚШ-тың ықпалымен Германия бастаған бірқатар мемлекеттер Ресейге қосымша санкция жарияламақшы.

Әлемдік саяси текетірес ядролық мемлекеттер арасында ушыға түсуде. Қазір доллардың Қазақстан мен Ресейдің ұлттық валюталарына қатысты күшеюін қараша айында АҚШ-та өтетін Президент сайлауымен де байланыстырады. Сонымен бірге әлемдегі мұнай нарығындағы жағдай әлі тұрақсыз. Мұнай бағасы көтеріліп, осыдан біршама уақыт бұрын тағы төмен түсті. Еуропа және әлемнің бірқатар елдерін коронавирус дертінің екінші толқыны қайтадан жайлай бастады. Қалыпқа түскен экономика біршама тоқырауға ұшырады. Қоғамдық тамақтандыру орындары, туристік агенттіктерге қатаң шаралар қайтадан қолданылды. Әуе рейстері қысқарды. Осының барлығы мұнайға деген сұранысты төмендетті. Бұл, айналып келгенде, ұлттық валюталардың АҚШ долларына шаққанда құнсыздануына әкеліп соқты.

Алдағы уақыттан не күтеміз? Сарапшылардың пікірінше, Ресей рублі мен теңгенің құнсыздануы жалғасын таба беретін болады. Қазір рубль теңгеге қарағанда тым тәуір құнын жоғалтты. Бірақ сарапшылардың ойынша, теңге оның соңынан көп ұзамай «қуып жететін» сыңайлы. Алдағы уақытты болжау біршама қиын соғатын сыңайы бар. Себебі барлығы әлемдегі саяси ахуалдың өрбуіне және осыған сәйкес экономикадағы жағдайдың қаншалықты тұрақты болатынына  тікелей байланысты.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<