Күнделікті өмірімізге онлайн сауданың қалай еніп кеткенін байқамай қалдық. Зер салып қарасаңыз, адамдар қолма-қол ақша төлеуден алшақтап барады. Оның орнына қаржыларын интернет қосымшасы арқылы басқарады. Бұл уақыт талабына сай тиімді әрі ыңғайлы болып отыр. Себебі, ең біріншіден, уақытты үнемдейсіз.
Қазір сауда нүктелері мен тауар өндірушілердің барлығының дерлік интернет дүкендері бар. Алатын затыңызды көрсетіп, интернет арқылы төлем жасасаңыз болғаны қажетіңіз тез арада өтеледі. Еліміздегі супермаркеттер ғана емес, шағын дүкендердің өзі карточкалар қабылдайды. Коммуналдық төлемді де осы қосымшалар арқылы төлеуге мүмкіндік бар. Тек шотыңызда қаражат болса… Сондай-ақ, ақшаны үйде отырып-ақ, банк қосымшасы арқылы екінші адамның шотына әп-сәтте аудара аласыз. Жұмсаған ақшаның есебі де телефоныңызда тұрады. Кейбір банктер электронды төлем жасау бойынша кэшбэк тағайындаған, яғни белгілі процент шотыңызға бонус түрінде қаражат боп қайтады. Үлкен сомамен сауда жасалса, оған түсетін бонустың көлемі де көбейеді. Демек, кэшбэк арқылы сауда жасасаңыз, карточкадан комиссия ұсталмайды, керісінше, қаражатыңыз толығады. Электронды саудада, ең бастысы, ақша ұрлығы аз болады. Бұл саланы дамытуда салық төлеу тұрғысынан кәсіпкерлерге де жеңілдіктер қарастырылған.
– Елбасы Н.Назарбаев “Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге, яғни елде 3Д принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг секілді денсаулық, білім салаларында қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамытуға баса назар аударған болатын. Осыған орай электронды коммерцияны қолдау және дамыту үшін тиісті институттық база құрылды. 2018-2020 жылдарға арналған электронды сауданы дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Салық кодексінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды сауда саласында табыстардың (КТС және ЖТС) мөлшерлемесін 0%-ке дейін азайту бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Оны алу үшін электронды сауда субъектілері тауарларды сату кезінде мәмілелерді электронды түрде тіркеуді жүзеге асыруы, тауарларға ақы төлеуді қолма-қол төлемсіз жүргізуі, сатып алушының (алушы тарап) өз тауар жеткізу қызметінің болуы немесе жүк тасымалдау қызметімен, курьерлікпен және пошта қызметімен айналысатын тұлғалармен шарттары болуы тиіс, – дейді облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқарма басшысы Гүлнар Исаева.
Онлайн сауданың бірден-бір тиімділігі халықтың қаржылық сауаттылығы артады. Сонымен қатар, интернет-дүкендер, электронды сауда алаңдары неғұрлым көбірек ашылған сайын, соғұрлым тікелей-тапсырыстар саны артып, ол өз кезегінде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемін ұлғайтады. Оған қоса халықтың белгілі бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтиды. Бұл жұмыссыздық деңгейінің түсуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына өз септігін тигізбек.
– Елімізде электронды сауда саласы шағын және орта бизнес субъектілерінің әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді интернет арқылы сатуға деген халықтың сенімін арттырады, бизнестің құзыретін күшейтеді, қолма-қол ақшасыз төлемдердегі комиссияларды азайтады, – дейді Гүлнар Болатқызы.
Жалпы электронды сауданың артықшылығы – тауарды жеткізуде көлік тасымалына кететін шығынның көлемі азаяды әрі орта және шағын бизнесті дамытудың жеңіл жолдарын ұсынады. Бұл кәсіпкер мен тұтынушы үшін өте қолайлы. Себебі, төлем жасау, тауарды алу, төлем жасау кезіндегі қаржының кәсіпкердің қолына тигендігі туралы ақпараттың барлығы бір алаңда, яғни көз алдында жүргізіледі. Оны көріп, бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, кәсіпкер электронды сауда арқылы әлем нарығына шыға алады.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<