Халықтың сатып алу қабілеті қандай?

1915

0

Қазақстан халқының бүкіл әлемдегі сияқты карантин режиміне шығуына байланысты экономикада біршама қиын жағдай қалыптасты. Еліміздің барлық өңірлерінде сауда көлемі төмендеді. Аталған жағдай экономикадағы тоқырауға байланысты орын алып отыр.


Бөлшек сауда көлемі ха­лықтың нақты тұрмыс өлшемін, оның сатып алу қабілетін айқындайтын болғандықтан біз төменде Қазақстан Республикасы Экономика министрлігінің мәліметтері негізінде дайын­далған еліміздегі бөлшек тауар айналымының көлемі туралы деректерді жариялап, оған біршама түсініктеме беруді жөн көрдік. Салыстырмалы кезең ретінде 2019 жылдың 5 айы мен 2020 жылдың 5 айы алынды.


ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БӨЛШЕК САУДА КӨЛЕМІ
қаңтар-мамыр 2019-2020 жыл (млрд. тг)
барлығы салыстырғанда
2020/05 2019/05 %
1 Қазақстан 3543,8 3961,1 89,5%
2 Алматы қ. 1 047,4 1 256,6 83,4%
3 Нұр-Сұлтан қ. 376,6 464,8 81,0%
4 Қарағанды 352,5 372,0 94,8%
5 Шығыс Қазақстан 332,5 360,5 92,2%
6 Ақтөбе 189,9 203,5 93,3%
7 Алматы 145,6 144,1 101,0%
8 Шымкент 130,6 131,1 99,7%
9 Павлодар 123,6 142,2 86,9%
10 Қостанай 122,0 118,6 102,9%
11 Батыс Қазақстан 117,0 129,4 90,4%
12 Атырау 111,3 120,0 92,8%
13 Қызылорда 106,5 113,2 94,0%
14 Жамбыл 105,4 109,4 96,4%
15 Солтүстік Қазақстан 84,8 88,3 96,0%
16 Ақмола 80,6 87,1 92,5%
17 Маңғыстау 64,0 63,1 101,4%
18 Түркістан 53,6 57,4 93,3%

Кестеден байқалып отыр­ғандай, Қазақстанда 2019 жыл­дың алғашқы 5 айында 3,9 трлн теңге көлемінде бөлшек тауар саудасы жасалған. 2020 жылдың 5 айында бұл көрсеткіш 3,5 трлн теңгені құрайды, өткен жылғы 5 аймен салыстырғанда 89,5 %.


Сауда көлемі барлық өңір­лерде төмендеген. Атап айт­қан­да, Алматы қала­сында 83,4, Нұр-Сұлтан қала­сында 81% құрайды. Алматы, Қостанай, Маң­ғыстау облысындағы жағ­­дайды кестеден көріп отыр­ға­­нымыздай, өте жоғары дең­­гейде бағалауымызға болады. Аталған кезеңде олар сау­да көлемін сақтап қалды. Не­­лік­тен? Олардың біреуі мұ­най­лы өңірлердің қатарында бол­са, Алматы және Қостанай облыс­­тарында бөлшек тауар айна­лымының жоғары көлемде қа­лып­тасуын халықтың ма­те­риал­­дық жағдайындағы ерек­ше­лік­термен түсіндірген болар едік.


Қызылорда облысында өт­кен жылдың 5 айында 113 млрд теңгенің бөлшек та­уар айналымы жасалса, оның 2020 жылдың 5 айындағы көрсеткіші 106,5 млрд теңге, яғни салыстырмалы түрде ал­ғанда 94%. Сарапшылардың алдын ала болжағанындай, көр­сеткіштердің осылай қалып­тасуы – бүгінгі күннің заңды құбылысы.

Өткен сәуір, мамыр айларында Қазақстанның 3 млн-нан астам халқына 42500 теңге әлеуметтік қолдау, сонымен бірге көпбалалы аналарға, бас­қа да мұқтаж жандарға көп­теген көмек көрсетілді. Осы­ның нәтижесінде Үкіметтің қолдауы кестеден көрініп отыр­ғандай, бөлшек тауар айна­лымының, яғни ішкі тұ­тынудың оншалықты күрделі сипат алмағанын айқындап берді. Ал қазір көрініс беріп отыр­ғанындай, экономиканың кейінгі жағдайы біршама күр­делі сипат алатын сыңайы байқалады. Оны біз 6 айдың қорытындысы шыққанда бай­қай­тын боламыз.


Білгенге, түсінгенге эконо­микадағы цифр – жанды құ­былыс. Оны ведомостволық, аймақтық мүдде үшін бұрмалауға болмайды. Аталған цифрлар әлеу­меттік сала органдарының басшы­ларына тиісті шешімдер қабылдауға негіз болады деген үмітпен жарияланып отырғанын назар­ларыңызға салғымыз келеді.


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<