Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар жемісі

210

0

Қызылордада  мұнай кен орындарының табиғи сарқылуынан мұнай өндіру көлемі жылдан жылға төмендеп келеді.  Мәселен, 2008 жылы 11,2 млн тонна өндірілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 3,3 млн тонна болып, 16 жылда 3 есеге төмендеген. Биылғы 6 айда 1,5 млн тонна мұнай өндірілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 205,4 мың тоннаға кем. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыровтың айтуынша, облыста 27 мұнай компаниясы 46 келісімшарт негізінде жұмыс жасайды. Бүгінде мұнай-газ саласын дамыту мен оған инвестиция тартуға ерекше басымдық берілуде.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында Арал шөгінді бассейнінде басталған өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстары өткен жылы аяқталды. Нәтижесінде 1,1 млрд көмірсутек болжам ресурсы анықталды. Ол аукцион арқылы әлеуетті инвесторларға ұсынылады. Сондай-ақ былтыр Сырдария шөгінді бассейнін зерттеу жұмыстары басталған еді. Зерттеу жұмыстары жоспар бойынша 3 жыл жүргізіледі. Қазір мердігер анықталды,  жоба құны 4,3 млрд теңге, – дейді басқарма басшысы.

Аймақта «Саутс ойл» серіктестігі «Құмкөл» кен орнында орналасқан «Қарағансай» учаскесінде дәстүрлі емес (тақтатас мұнай) көмірсутекті игеру жұмыстарын бастаған. Қазіргі уақытта, қабат ішінде жану әдісін қолдануда. Сонымен бірге «Geo-Jade Petroleum» компаниясы «Созақ» кен орнында күрделі жолмен алынатын газды өндіру жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті талқылау жұмыстары жүргізілуде. Ал «ҚазГермұнай» компаниясын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында басқа компаниялардың кен орындарынан газ ресурстары тартылмақ. Осыған сәйкес «Ақшабұлақ» кен орнына газ құбырын салуды «KazPetrol Group» компаниясы аяқтады, «Галаз», «ТұзкөлМұнайГаз Оперейтинг»  компаниялары да күзге дейін толық бітірмек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деген болатын. Осы тұрғыда Сыр өңірі үдеден шықты десек, артық айтпағандығымыз болар. Себебі аймақ экономикасын қалпына келтіру мен дамытудың драйвері болатын жобаларға басымдық берілуде.

Бұл  бағытта  атқарылған жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар есебінен бірінші жартыжылдықта 295,1 млрд теңге инвестиция тартылған, оның 70,3%-ы – жеке инвестициялар.

Алдағы бесжылдықта экономиканы әртараптандыруда құны 2,3 трлн теңге болатын 89 инвестициялық жоба іске асырылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 302,5 млрд теңгеге 27 жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Түрік инвесторы «Акса Энерджи» компаниясының жаңа жылу-электр орталығы, қуаттылығы жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас және айна шығару өндірістері іске қосылады.

Сондай-ақ «Марал Нұр» серіктестігінің жолаушылар вагондарын жөндеу кешені, түрік инвесторының «OрхунМедикал» медицина орталығы, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешені, түйе сүтінен жылына 392 тонна құрғақ ұнтақ өндіру зауыты және әрқайсысы 2 мың шаршы метрлік екі шағын өнеркәсіптік аймақ ел игілігіне берілмек.

– Инвестиция тарту – басты басымдықтың бірі. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде өңірге шетелден тікелей инвестиция тартыла бастады. Бұл – үлкен жетістік. Биыл 14 жоба, кальцийленген сода зауыты, «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, көкөніс пен жеміс сақтау, алма шырынын шығару кешені және бес жұлдызды «Rixos» қонақүйі, «Севен Риверс» компаниясының бөтелке шығаратын зауыты  және испандық  «Рока Групп» компаниясының санфаянс өндіру жобалары жүзеге аспақ. Қазіргі таңда  кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауытының құрылысы басталды.

Мемлекет басшысының Қатар еліне жасалған іссапары нәтижесінде қуаттылығы 1,1 ГВт бу-газ қондырғысының жұмысы да қолға алынды. Жобаға арнайы 250 гектар жер телімі бөлінді. Сондай-ақ 2025-2026 жылдары қуаттылығы 300,5 МВт 6 күн және 2 жел электрстанциясын салу көзделуде, 4 жобаның құрылысы басталды. Бұл өңірімізді толықтай «жасыл энергетикаға» көшіруге мүмкіндік береді, – дейді Дәурен Тұрғанбайұлы.

Аймақта шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауға  ерекше көңіл бөлінуде. Өңір экономикасына инвестиция тартуда осы сектордың маңызы зор. Жыл басынан бері жеке кәсіпкерлердің 1324 жобасына 23 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар 105 жобаға субсидия бөлініп, 32 жобаға кепілдік берілді.

«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібіне бағытталған пилоттық жоба жалғасуда. Бұл өнеркәсіп саласын жандандыруға серпін беріп отыр. Бизнеске жеңілдікпен несие беру бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Мәселен, тамақ өнеркәсібіне бейімделген шағын өнеркәсіптік аймаққа орналасқан кәсіпкерлердің 5 жобасы жылдық 3 пайыздық мөлшерлемемен 121 млн теңгеге несиелендірілді. Сондай-ақ «Іскер» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы тартылған 300 млн теңге қаражат есебінен ауыл кәсіпкерлерінің 53 жобасын қаржыландыру жоспарланып отыр.

Биыл жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға түрлі көздерден 41 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталған. Бұл – аймақта кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған жүйелі қолдаудың айқын көрінісі. Осы ретте өңдеу өнеркәсібінің өсімін 106,4%-ға, сауда айналымының өсімін 109,3%-ға, шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін  20,7%-ға, орта кәсіпкерліктің экономикадағы үлесін 4,7%-ға жеткізу көзделуде. Сонымен қатар негізгі капиталға 631,4 млрд теңге инвестиция және 280 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда.

Жалпы қолға алынған бұл кешенді шаралар өңір экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық белсенділіктің артуына және кәсіпкерлік саласының өркендеуіне негіз болмақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»