Экономика популистік мәлімдемені көтере алмайды

614

1

Экономика өзінің табиғи болмысы бойынша тиісті заңдылықтарға бағынады. Егер ол заңдылық бұзылса, бүгінгі тыныс-тіршілігімізге кері ықпал жасайтын жағдайлар қалыптасуы мүмкін.


Соңғы кездері әлеуметтік желілерде ақылға сыймайтын мәлімдемелер жасалуда. Кейбір қоғам белсенділері ха­лық­тың бүгінгі ашу-ызасын өз мүддесіне пайдаланып, Үкі­мет­тен халықтың банктен ал­ған несиелеріне ке­шірім жасауды талап етуде. 2019 жылы Президенттің отбасы жағ­­дайларының төмендеуіне байланысты бірқатар аза­мат­тар­дың несиелеріне ке­шірім жасағаны мәлім. Бірақ Мемлекет басшысы бұл акцияның бір рет­тік екенін мәлімдеп, несие беруші қаржы ұйым­дарының халыққа қарыз беруге қатысты та­лаптарын бұрын­ғыдан қатайтқан еді.


Мәселенің байыбына көз жеткізу үшін біз бірқатар цифр­ларға талдау жасауды жөн көрдік. 2020 жылдың ба­сында 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қазақстандықтардың жалпы несие көлемі 22% өсіпті. Әрине, осының барлығы – пандемия әкелген зардаптың алдындағы көрсеткіш. Соңғы уақытта жағдайдың біршама күрделі сипат алғанын ескерсек, бұл цифр айтарлықтай өзгерді дей алмаймыз. Себебі халық міне, 3 айдан бері толық көлемде еңбек етіп, материалдық игілік өндірмеген соң берілетін несие­нің көлемі де оншалықты көп болмағанын айтқымыз келеді.


Қаржы сарапшыларының пі­кі­рінше, қазір заңды тұлғалар мен жеке тұлғалардың банк­терге жалпы қарызы шамамен 25 трлн теңгеден сәл асады. Бірақ кейбір сарапшылар оның көлемі біршама төмен екенін атайды. Қазақстан Ұлттық банкінің ресми дерегі бойынша қазақстандықтардың жыл басындағы несие қарызы шамамен 14 трлн теңгеден астам көлемді құрайды. Цифр­лардың біршама алшақтығына алаңдаудың реті жоқ, себебі бізде қаржы беретін ұйымдар көп болғандықтан, олар­дың кейбір деректері жалпы көлем­ге енгізілмеуі әбден мүмкін.


Қазақстан экономикасына қа­тысты тағы бір қызықты дерек­терді назарларыңызға ұсын­­ғымыз келеді. Еліміздегі эконо­мика­лық бел­сенді ха­лықтың саны – 9,2 млн, олардың ішінде несие алғандар – 7,4 млн адам. Несиемен қам­тамасыз етілмеген адамдардың саны 1,7 млн адамды құрайды. Бұл ересек, яғни экономикалық бел­сенді халықтың 19%-і. Жыл сайын несие алу нарығына жаңа­дан 500 мыңнан астам заем иелері қосылатын көрінеді. Сарапшылардың пікірін­ше, халықтың несие алуға деген тәбеті бұрынғыдан өзгерген. Жаңа заем иелерінің орташа несиесі бар болғаны 300 мың теңгені құрайды.


Қарап отырсаңыз цифр­лар онша­лықты көңіл көн­шітетіндей дең­гейде емес. Демек, қазақстандық эконо­микалық белсенді халық саны­­ның 80%-і қарызға өмір сүруде. Бірақ сол халықтың қарызды қайтару қабілеті қандай деңгейде деген сұрақ барлығынан маңызды. Бұл, әлбетте, дағдарыс жағдайында күрделі түйінге айналды.

Осы жылдың 5 айының қоры­тындысы бойынша несиені қайтару мүм­кіндігіне қатысты деректер бірша­ма алаңдата бастады. Бірақ, бұл біздіңше, тиісті оңды шешімдер қа­былданса, таяу болашақта өзі­нің түйткілін табатын мәселелер қатарына жатады.

Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп азаматтардың несие төлеу мерзімін кейінге ше­герсе, бұл экономикадағы тұрақ­ты­лықты сақтап қалуға үлкен ықпал жасайды.


Ал несиені кешіру деген по­пулистік шешім экономиканы бар­лық жағынан тұралатып тастайтындығын түсіну үшін көп ақылды болудың қажеті шамалы дегіміз келеді. Біз, ең алдымен, нарық жағдайында жұмыс істеп, өмір сүріп жатқанымызды сезініп, көр­пемізге қарай көсіліп, дұрысы, халық көктен түсетін әлдебір мырзашылыққа алаң­дай бермей, орын­сыз несие алудан бас тартуға дағды­лануы абзал дегім келеді. Алдағы уақыт қаласаңыз да, қала­масаңыз да сізден осыны талап етеді.


Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<