Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде, анығын айтқанда, тәуелсіздік жарияланған сәттен бастап ауқымы жағынан бұрынғымен салыстыруға келмейтін өзгеріске тап болды. Мұны әлемдік дағдарыс дейді.
Әртүрлі деңгейдегі сарапшылардың пайымдауынша, дағдарыс ғасыр көлеміндегі таразы өлшемімен салыстырылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында мәселенің түйінін дәл осылай атап көрсетті. Сонымен бірге мемлекет басшысы ел алдында тұрған таяу кезеңнің міндеттеріне барынша дәйекті сипаттама берді.
Әлбетте, ғасыр бұрынғы дағдарыс туралы айтқанда біз ең алдымен өткен дәуірдегі депрессияны ой елегінен өткізуіміз маңызды. Өзгешелігі, сонымен бірге ұқсастығы бар. Сол дәуірде капиталистік әлем өзінің либералдық ұстанымынан уақытша бас тартып, ең бастысы күйзелістен шығудың бағыт-бағдарын белгілеуде мемлекеттік басқару тетігін мықтап қолға алған болатын. Бұл орайда Қазақстан Президентінің күні кеше белгілеген міндеттерін сараптан өткізу біз үшін маңызды болып табылатынын атап өткіміз келеді.
Мемлекеттік комиссияның жұмысын тоқтату туралы жария еткен Президент індеттің толығымен жойылып кетпегенін, сондықтан шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын мәлімдеді. Сақтық шаралары, әрине, керек. Себебі, індеттің екінші кезеңі басталып кетуі әбден мүмкін, оған ешкім кепілдік бере алмайды.
Мемлекет басшысы бұл тұрғыда көптеген дәйектер келтірді. Дағдарыстың зардабын жоюға қатысты жүргізілген қаржылық қолдау шаралары айтылды. Олардың бәрін қазір қайталап жату артық деп есептеймін. Ең бастысы, қазір біз үшін дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтары маңызды болып табылады. Президент біріншіден, Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттыру мәселесін міндет етіп қойды. Осыған орай еліміздегі қуатты шикізат базасы негізіндегі өнеркәсіп саласындағы өндеудің тың тәсілдерін дамыту қажеттігі аталды. Айтатыны жоқ, бұл – маңызды мәселе.
Өзіміздің қолда бар деректерге сүйеніп көрейік. Экономиканың өзін-өзі қамту деңгейі деген ұғым сан-салалы. Ол негізінен біздің пайымдауымызда, экономиканың бірқатар салаларында импорт алмастыру саясатын көздейді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда аз нәрсе атқарылған жоқ. Бірақ ол қазіргі әлемдік жанкешті бәсекелестік жағдайында жеткізіліксіз. Президенттің көздегені – жіберген олқылықтарымыздың орнын толтыру, сыртқа өнім шығару, осының нәтижесінде сатылған өнімнен келетін қаржы түсімін молайту. Бізде әлі де анықтауды қажет ететін мына цифр біршама алаңдатады. Экономикада импорт үлесі 60 процентті құрайды.
Президент жалпы табысы көп салалар ретінде энергетиканы, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету буындарын атап көрсетті. Нақ осы сектор экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруға ықпал жасайтын болады. Түсінікті тілмен айтқанда, энергетика дегеніміз – мұнай-газ, уран тағы басқалар. Сонымен бірге индустрияландыру үдерісіне қатысты ұстанымды қайта қарау қажеттігі туралы айтылды. Индустрияландырудың екі бесжылдығында бірқатар шаралар іске асырылды. Бірақ ол жаһандық экономиканың бүгінгі жанкешті бәсекесіне төтеп бере алмай отыр. Біздің пайымдауымызда, цифрлар тым көтеріңкі. Осыған орай, Президент экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүмкіндіктерді айқындап алу мәселесін бірінші кезекке шығарды. Біздің түсінгеніміз, алдағы уақытта неге басым бағыт беретінімізді айқындау маңызды. Ең алдымен алға қойған мақсаттарды, әдіс-тәсілдерді белгілеп, ілгерілей түскен абзал. Мемлекет басшысы отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі биылғы тамыз айына дейін жалғасатынын айтты. Бұл – дағдарыс зардабын жеңілдетудің жолы.
Атқарушы билікке орасан зор міндеттер жүктеліп отыр. Президенттің пайымдауынша, инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жергілікті мүмкіндікті пайдалану деңгейін 40 проценттен 60-70 процентке жеткізу керек. Түсіндіре кетейік, бұл дегеніңіз жергілікті жерде жұмыс көзін қамтамасыз ету, сонымен бірге бюджет кірісін қалыптастыру бағытында ауқымды шаралар кешенін көздейтін болады.
Қазақстан Президенті азық-түлік мәселесіне айрықша тоқталды. Қазақстандағы 1 млн 700 мың жеке қосалқы шаруашылықтың өнімі сауда орындарында сатылмайды. Бұл салықтан жалтарудың жолы емес пе? Мемлекет ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетуде, жеңілдіктер көп. Егер қосымша резервтерді іске қоса алсақ, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін қазіргі 53 проценттен 70 процентке дейін арттыруға мүмкіндік бар. Сонда біздің сол жеңілдіктерге берген жауабымыз қайсы?!
Әлемде талай дағдарыстар болды. Бұл рынокқа тән, сұраныс пен ұсыныс үйлесімділігінің бұзылуының салдары болып табылады. Бірақ өмір қазіргі таңда бұл көзқарасқа біршама өзгеріс енгізе бастады. Биылғы дағдарыстың коронавирус дертімен ұласуы әлемдік ахуалды тым ушықтырып жіберді, ендігі жерде рыноктың өзін-өзі реттеуі деген түсінік бұлыңғыр тарта бастады. Мұндай жағдайда мемлекеттің басқару ролі арта түсетіні анық.
Президент әлемдік тәжірибеге сүйенеді. Сол тәжірибені Қазақстан жағдайына бейімдеп, тұйықтан шығудың жолдарын іздестіреді. Бұл жол табылды. Қазақстанда өңірлердің мүмкіндіктерін артығымен пайдалану арқылы тоқыраудан шығудың алғы шарттарын қамтамасыз ету, міне, осы инфрақұрылымдық жобаларды тиімді жүзеге асыру. Өткен ғасырдың 30-40 жылдардағы депрессия кезінде АҚШ президенті Франклин Рузвельт осы жолды таңдады. Сол жолы АҚШ әлемге дағдарыстан шығудың озық үлгісін көрсетті.
АҚШ-тың ауылшаруашылық саласы дағдарыс жылдарында көп зардап шекті. Өнімдер артық шығарылып, өтпей қалды. Тауарлар бағасы үш есе арзандап кетті. Бұл фермерлердің жағдайын күйзелтті. Дағдарыс жылдарында 900 мың фермерлік шаруашылық қысқартылды.
1929-1933 жылдарда АҚШ-тың банк жүйесі айтарлықтай дағдарысқа ұшырады. Осы жылдарда 5800 банк жабылды. Миллиондаған американдық өздерінің банкке салған жинақтарынан айырылып, қайыршылық жолға түсті. Экономикалық дағдарыс американ халқының психологиясына айтарлықтай әсер тигізді. Ең бай елдің қайыршылыққа душар болуы халықтың молшылыққа деген үмітін үзе бастады.
Ф.Рузвельт сайлау алдында өзінің жаңа экономикалық реформасын ұсынды. Негізгі бағыты милиондаған кедейленген халықтың мүддесін қорғау деп түсіндірді. Реформаның бұл бағыты тарихта «жаңа бағыт» деп аталды. Ф.Рузвельттің жаңа бағытын американ қоғамы онша түсіне алған жоқ. Оны социалшыл деп айыптады. Бірақ сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмысының барысында экономикалық дағдарыстан шығудың жолы мемлекеттік тұрғыдан реттеу екенін капиталистер де түсіне бастады.
Қазақстан жағдайына келейін. Ғасыр өтсе де, дағдарыс сипаты ұқсас, бірақ бізде экономика салаларына теңдесі жоқ қолдау көрсетілуде.
Президент халықты жұмыспен қамту, қолжетімді тұрғын үй құрылысы мәселесіне ерекше тоқталды. Осылардың барлығы экономиканы көтерудің маңызды шарты. Бірінші рет әлеуметтік әділдік үшін жалақы және басқа кіріс түрлеріне қатысты және жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтаудың қажеттігі айтылды. Үдемелі өлшемге сәйкес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді. Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады. Бұл мәселе бұрын Ресейде және Қазақстанда ауызекі әңгімеде жиі қозғалатын. Біздің пайымдауымызша, оның біршама теріс тенденция тудыруы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Бірақ қалай болғанда да біз нақты нәтиже беретін экономикаға бетбұрыс жасайтын уақыт пісіп-жетілді. Себебі экономиканың көлеңкелі тұстары әлі көп. Салықтан жалтарамыз, кәсіп түрін жасырамыз, мыңдаған жалдамалы жұмысшылардың зейнетақы қорына қаржы аудармаймыз. Сол мыңдағандардың міндетті медициналық сақтандыру бойынша шарасыз жағдайына күні ертең кім жауапты болады? Президент емес, әрине өзіміз.
Біз қандаймыз? Президенттің ойынан ұққаным, кешегі дағдарыс кезінде миллиондаған азамат әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Мемлекет жалпы дағдарыстың сипатын аңғарып, оларды жіліктеп, кім қанша табыс табады деген мәселеге келгенде жаппай теңгермешілікке баруға мәжбүр болды. Өйткені оларды анықтауға қыруар уақыт қажет болатын еді. Бірақ біздің ойымызша, бұл мәселе келешекте бір жүйеге түсетін болады. Мемлекет азғантай болса да салық міндеттемесіне адал азаматтарға ғана көмекке келеді. Бұл, әрине, келешектің міндеті, дағдарыстан кейін болатын ұстаным. Бірақ әрбір азамат мұны осы бастан түсінгені абзал деп ойлаймыз.
Мемлекет әдеттен тыс шараларға баруды көздеп отыр. Мысалы, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі экономиканы несиелеу көлемін арттыру үшін пруденциялық шектеулерді қысқарту және өтімділікке қысым көрсетуді азайту шараларын қабылдады. Бұл банк секторында шамамен 600 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді. Пруденциялық шектеу деген не? Бұл жерде меніңше, экономика үшін «өгіз өлмейтін, арба сынбайтын» жолды табу қажеттігі айтылып отыр. Тұтастай дағдарыс жалыны шарпыған кезеңде әлбетте, мұндай барлығына қолайлы жолды табу оңайға түспейді. Пруденциялық шектеулерді қысқарту банктерге оңай соқпайды. Оның мәнісі, несие сұрағандарға қойылатын талапты азайту деген ұғымды білдіреді. Әрине, мемлекет қысылғанда барлық жағдайға баратыны түсінікті. Ол бізге кешіріммен қарады. Біз енді жауап ретінде өз жауапкершілігімізді айқын түсінуіміз керек. Біз оған дайынбыз ба?
Президент міндеттерінің қатарында секьюритизация мен сақтандырудың қарапайым әрі оңтайлы тетігін қалыптастыру қажеттігі айтылды. Бұл ағылшын ұғымынан алғанда бағалы қағаздар шығару арқылы ақша ағымын қалыптастыру деген түсінікті білдіреді. Ипотекалық дағдарыс кезінде АҚШ-та бұл тәсіл оң нәтижесін берді. Секьюритизация жүйесі арқылы 2007 жылы АҚШ-та 3 трлн доллар айналымға қосылды. Сарапшылардың айтуынша, көптеген елдерде, әсіресе Еуропада бұл тәсіл оншалықты үйреншікті дағдыға айнала қойған жоқ.
Иә, біз дағдарыстан шығамыз. Біршама қиналамыз. Жұмыс орындарын толық сақтап қалу мүмкін емес. Өмірге деген бұрынғы түсінігіміз де өзгереді. Ал сол өзгерістерді парасатты пайымға жеңдіру әрбіріміз үшін өте маңызды екенін ұғынғанымыз абзал.
Жолдасбек Ақсақалов.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<