Фердоуси Қожабергенов, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:
Пандемия бизнестегі бәсекені азайтып, кәсіп жүргізуге қолбайлау болғаны рас. Тұтас әлемді алаңдатқан бұл жағдайдан шығудың тиімді шешімдері қарастырылуда. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың бастамасымен өңірлік деңгейде «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» жасалып, бүгінде жаңа жобаларды іске асыру басталып та кетті. Күрделі кезеңде кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде? Осы орайда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновті сөзге тарттық.
– Фердоуси Әбілқасымұлы, бизнеске басты кедергі болған індеттің тарала бастағанына да жылға жуықтады. Кәсіпкерліктің қазіргі халі қалай? Мәселенің түйінін қалай тарқаттыңыздар?
– Бұл ахуал кәсіпкерлік субъектілерінің 74 процентінің қызметіне үлкен өзгеріс әкелді. Бөлшек сауда, туризм, қоғамдық тамақтану, мейрамхана бағыты бойынша бизнесін жүргізген 10 мыңға жуық кәсіпкердің қызметі тоқтап қалды. Бірінші кезекте халыққа аса қажетті қызмет түрлері бойынша кәсіпкерлік нысандары жұмыс істеді. Әрине, мұндай сәтте бағытты бірден өзгерте қою оңай емес. Сондықтан жұмыс орындарының қысқаруы, өнім өндірісінің төмендеуі болғаны белгілі.
Бұл ретте бизнесті қолдау үшін кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері беріліп, несие төлемдері кейінге қалдырылды және кредиттерді жеңіл шарттармен қайта қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың несиелендіру шарттары оңтайландырылып, бюджеттен біршама қаржы бөлінді. Облыс әкімінің бастамасымен өңірлік деңгейде «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» іске асырылды. Бұл құжат қызметі тоқтатылған кәсіпкерлік субъектілерін қайта жандандыруда өз тиімділігін көрсетті.
– Жоспардың басты мақсаты отандық өнімдердің үлесін көбейту емес пе?
– Иә, жоспарды жүзеге асыруға басты себеп – облыс нарығына өз өнімдерімізді шығару, үлесін арттыру. Сондықтан барлық аудандар бойынша жан-жақты зерттеу жүргізілді. Экономиканың түрлі салаларында тауарлар мен азық-түлік өнімдерін өндіру бойынша 265-тен астам жоба әзірленіп, бизнеске ұсынылды. Былтыр жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 89 жоба іске асырылып, мыңнан аса адам жұмысқа орналасты.
Бүгінде облыс тұрғындары тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігі сырттан келеді. Соған жан-жақты талдау жүргізілді. Қазір жоспар бойынша макарон, ет, ұн өнімдерін өндіру секілді жобалар іске асырылуда. Арал ауданында балық өнімдерін қайта өңдеу, Қармақшы ауданында макарон өнімдерін өндіру, Шиелі ауданында шұжық өңдеу цехтары іске қосылды. Мұндай жаңа жобалардың жүзеге асуы жергілікті өнім өндіру көлемін ұлғайтып, тауардың тұрғындар үшін тиімді бағада дүкен сөрелеріне жетуіне әрі жұмыссыздықтың алдын алуға көмектеседі деп ойлаймын. Бұл бағытта алда әлі де ауқымды жұмыс атқарылмақ.
– Бірқатар тойхана иесі өндіріс пен саудаға бет бұрды. Бұл жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Пандемия тойханалар қызметіне тоқтау қойды. Қазір облыс әкімдігімен бірге тойхана иелерін басқа салаға бағыттау жұмыстары атқарылуда. Кәсіпкерлер жұмыссыз және табыссыз қалмауы керек.
«Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» аясында өңірдегі 128 тойхананың 16-сы қызметтерін өзге салаларға бағыттады. Айталық, Арал ауданында орналасқан «Ақниет», «Алмаз» тойханалары сауда нысанына, «Хан шатыр» асханаға, «Нұрсұлтан» мейрамханасы кондитерлік өнім өндіретін цехқа, Қармақшы ауданында орналасқан «Алтын Ғасыр» отбасыға арналған киімдер сататын сауда орталығына, «Мәлике Ана» балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер өндіретін цехқа, «Мирас» құрылыс материалдары дүкеніне ауыстырылса, «Айқын» тойханасы құс шаруашылығына бейімделді. Сол секілді жұмыстар Қызылорда қаласында да жүргізіліп, «Ұлытау» тойханасы шырын, сусын және «Orda» тойханасы автоматтандырылған лаваш шығару өндірістерін іске қосуда. Қазір мұндай жұмыстар барлық аудандарда жүргізілуде.
– Тойхана басшыларының өз қызметтерін басқа бағытқа ауыстыруға қызығушылықтары жоғары секілді…
– Иә, өндіріс саласымен бірге тойхана иелері мал, құс шаруашылығымен де айналысуда. Осы ретте, облыс әкімдігі тарапынан тойхана қызметінің бағытын ауыстыруға ниет білдірген кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жан-жақты қолдау көрсетілетін болады. Айта кету керек, «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары» бойынша экономиканың басым секторларын, яғни тамақ, жеңіл өнеркәсіп салалары мен құрылыс материалдарының өндірісі секілді бағыттарын кеңінен қамту көзделіп отыр. Бұл бағыттағы шараларды атқаруға арнайы жұмыс тобы құрылып, тиісті жұмыстарды бастап та кетті.
– Ауылдардағы кәсіпкерлерді қаржыландыру бағытында тиімділігін дәлелдеген «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қызметі 2025 жылға дейін ұзартылды. Қаржы қандай салаларды дамытуға бөлінді?
– Иә, бизнесті несиелендіру бағытында үлкен сұранысқа ие өңірлік инвестициялық орталық қызметі облыс әкімінің қолдауымен қосымша 5 жылға ұзартылды. Бұл – аймақтағы кәсіпкерлерді қолдаудағы маңызды қадам. «Даму» қоры арқылы 1 млрд, «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 200 млн және облыстық бюджеттен 488 млн теңге қаржы тартылды. Нәтижесінде 251 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Оның 55 проценті мал және өсімдік шаруашылығы, 16 проценті сауда, 10,1 проценті тасымалдау қызметі және 5,2 проценті тамақ өнеркәсібі мен тамақтану салаларын қамтыды. Жалпы орталықтың өзге қаржы ұйымдары мен банктерден ерекшелігі – несиелендіру шартының жеңілдігі мен қаражаттың ауылдық жердегі кәсіпкерлерге бағытталуында.
Бұдан өзге, шағын және орта бизнеске екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында 20 млрд теңге несие ұсынылды. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие портфелі 9 млрд теңгені құрайтын 239 жоба субсидияланып, 658 жобаға 4,8 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді. Былтыр бұл бағдарлама бойынша көрсетілген қолдау шаралары бірнеше есеге артты. Қазалы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласы бойынша белсенділік жоғары.
Сондай-ақ, өңір кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсету мақсатында «Бизнеске арналған Үкімет» платформасы іске қосылып, жыл ішінде кәсіпкерлерге 13488 қызмет көрсетілді. Айта кету қажет, әзірленген бизнес-жоспарлардың 800-ден астамы шамамен 750 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант және шағын несиелермен қаржыландырылды. Жыл көлемінде көрсетілген бұл қолдау шараларының арқасында пандемия салдарынан зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметі толыққанды қайта іске қосылып, жандандырылды.
Ал биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін бюджеттен 6 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаражат арқылы облыста 1600-ден аса жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қайтарымсыз грант, 900-ге жуық шағын бизнеске микрокредит және 200-ден астам тұрақты бизнеске несиелер беру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы 2 мыңнан аса тұрғын кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады деп күтілуде.
– Облыс орталығында көрсеткіштің жоғары болуы заңдылық. Қай аудандар шағын және орта бизнес бойынша көш басында?
– Алдымен айта кету керек, өңіріміз республика көлемінде тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің өсім қарқыны бойынша бірінші, ал белсенді субъектілер бойынша екінші орынға тұрақтады. Бұл салада көрсеткіш нақты цифрлармен бағаланатыны белгілі. Өткен жылдың қорытындысымен облыста шағын және орта кәсіпкерлікте тіркелгендер саны 4,3 процентке ұлғайып, 54700-ді құрады. Белсенді кәсіпкерлердің саны жыл қорытындысымен 2360-қа артып, тіркелген кәсіпкерлердің 88,9 процентін құрап отыр.
Жалпы, облыс аумағында Қазалы, Жаңақорған аудандары алдыңғы қатарда болса, кәсіпкерлер санының азаюы Арал және Жалағаш аудандарында байқалды. Өткен жылдың 9 айында кәсіпкерлік бойынша жұмыспен қамтылғандар саны 4 процентке ұлғайды. Бұл ретте, Арал ауданын қоспағанда, облыстың барлық аумақтарында өсім бар. Сонымен қатар, кәсіпкерлік арқылы 252,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл оның алдыңғы жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 16,8 процентке төмен. Мұның басты себебі карантинге байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын тоқтатуы екені белгілі. Облыс бойынша өнім өндірісі төмен болғанымен, 2 ауданда өсім бар екенін айта кету керек. Қармақшыда 45,2%-ке, ал Сырдария ауданында 26%-ке артық өнім өндірілген.
– Баршаға белгілі, 2018-2020 жылдар облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары болып жарияланды. Бұл кезеңде қандай нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткіздік?
– Бастаманың басты мақсаты – жұмыс орындары мен салық базасын ұлғайта отырып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту. Экономиканың осы секторына қабылданған қолдау шараларының нәтижесінде үш жылда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9,4 процентке, белсенді субъектілердің саны 29,9 процентке, кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 12 процентке артты.
Шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстардың басты нәтижесі сектордың жалпыөңірлік өнімдегі үлесін барынша ұлғайтумен айқындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға қарай облыста шағын және орта бизнестің жалпыөңірлік өнімдегі үлесін 25 процентке жеткізу міндеті қойылған. 2019 жылдың қорытындысымен оның үлесі 14,2 проценттен 17,8 процентке ұлғайды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 18 процентке жеткізу күтілуде.
Айта кету қажет, жалпы үш жылда бизнеске әртүрлі көздерден шамамен 146 млрд теңге қаржы бағытталды. Оның ішінде, Ұлттық банк ұсынған мәлімет бойынша, тек екінші деңгейлі банктер жалпы облыс бойынша шағын бизнеске 78,9 млрд теңге несие берді. Оның 41 млрд теңгесі кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында шағын және орта бизнестің 1100-ден астам жобасына бағытталды. Ал, қаржы ұйымдары 3700-ден астам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар және кәсіпкерлерге 14 млрд теңгеден астам шағын несиелер табыстады. Бизнеске бағытталған мұндай қолдау шаралары нәтижелі көрсеткіштерге жетуімізге негіз болды.
– Эпидахуал республика бойынша құбылмалы. Егер кәсіпкерлік нысандары қайта жабыла қалса, жағдай қалай болмақ?
– Коронавирус бойынша көрсеткіш әлем бойынша ауытқып тұрғаны белгілі. Мұндайда, әрине, қамсыз отыруға болмайды, қандай жағдайға да дайын болуымыз қажет. Эпидахуал күрделенсе былтырғыдай кәсіпкерлік нысандарына бірден әсер ететіні де жасырын емес. Сондықтан, тәжірибені ескере отырып, тұрғындарға да, кәсіпкерлерге де қолайлы болуын қамтамасыз етеміз.
Былтырғыдай сауда, қоғамдық тамақтану салаларындағы кәсіпкерлер «тұтынушыға дейін жеткізу» қағидатымен жұмыс жасайды. Тауарларды сатып алу арнайы сайттармен қатар, Instagram, Facebook әлеуметтік желілері мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі. Қызметі тоқтатылған кәсіпкерлердің саласын «Облысты экономикалық дамыту жоспары» аясында өзге бағыттарға алмастыру, өндірістік бағыттағы жобаларды іске асыру жалғастырылатын болады.
Эпидахуалмен қатар бізде тағы бір түйткіл бар. Ол – өңірдің негізгі табысы болып табылатын мұнай қорының таусылып, өндіріс көлемінің азаюы. Мемлекет басшысы 26 қаңтарда өткізілген Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыстың бұл күрделі кезеңінде шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласын дамыту маңызды екендігін атап өтіп, Үкіметке облысқа нақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін бюджеттен 6 млрд теңге қаржы қарастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл көлемінде бұл қаражаттардың көлемін қосымша ұлғайту көзделуде. Сонымен бірге, микро және шағын бизнесті дамыту мақсатында қала және аудандармен бірлесіп, шағын өнеркәсіптік аймақтар құру мәселесі қолға алынатын болады.
Мемлекеттің қолдау шараларына қолжетімділікті қамтамасыз ету, «бір терезе» қағидатымен қызметтерді аудан орталығынан алуға жағдай жасау үшін «Бизнеске арналған Үкімет» платформасы аудандарда да іске асырылуы көзделуде.
Жалпы бұл бағыттағы шаралар облыс әкімі бекіткен «Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдау және дамытудың 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспарында» қамтылған. Облыста кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында бұл шаралар кеңінен атқарылатын болады.
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<