Бүгінгі уақыт, жаңа индустриалдық революция қай салада болмасын мамандардың кәсіби біліктілігі жаңа деңгейде болу керегін көрсетті. Бұл бәсекелестік орта қалыптасқан бизнес өкілдеріне де қатысты.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың түрлері мен әдістері ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу барысында жетілдіріледі. Бүгінде елімізде кәсіпкерлік әлеуетті дамыту мәселелеріне ерекше басымдық берілуде. Осы орайда, кәсіпкерлер санының артуы, бизнестің сәтті дамуы мемлекеттің тиімді бағдарламалар қабылдауына және жаңа заманға сай білім беру жүйесіне тікелей байланысты болмақ. Қазір елімізде экономиканың болашағы зор секторы саналатын шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлінуде.
Соңғы жылдары отандық білім беру мен бизнес саласы арасындағы әріптестік байланыс күшейіп келеді. Мұндағы басты міндет – ел экономикасының дамуына қажет мамандар даярлау. Бұл бағыттағы жүйелі жасалған жұмыстар екінші жағынан аймақтық бәсекені арттырары сөзсіз. Дей тұрғанмен, елімізде кәсіптік білім беруді көздейтін стандарттарға енді ғана көңіл бөлінуде. Осы ретте ірі кәсіпорындар кәсіптік білім беру жүйесіне қыруар қаржы салып, жас мамандарды даярлау ісіне белсене қатысуда.
Білім беру жүйесін дамыту үшін елімізде аталған сала құрылымдық, мазмұндық бағытта жаңаруда. Озық әлемдік технологиялар енгізіліп, ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Осы мақсатта қабылданған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аталған мәселелерді шешуге арналған қарқынды жоба болып табылады. Қай уақытта да маманның білімі мен кәсіби біліктілігі – экономика дамуының басты тетігі екені белгілі. Сондықтан жоғары оқу орындары мен әлеуметтік серіктестіктер байланысының жақсарғандығы игі бастамалар мен кәсіпкерліктің қанат жаюына әкелетіні анық.
Қамар БЕКЕТОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы, экономика ғылымдарының кандидаты
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<