Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – халқымыздың маңдай терімен жеткен жетістіктерінің рәмізі, сонымен бірге жаңа тарихи сын. Осы уақыт ішінде халықтың еркін санасы қалыптасып, егемен елдің жаңа да жасампаз ұрпағы өсті. Әлемде мәртебелі мемлекет ретінде орнықтық. Әрине, бұл уақыт ішінде мақтануға тұратын, мемлекеттігімізді нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты талай ауқымды істер жасалды. Соның ішінде Тәуелсіздік алғалы ғана қалыптаса бастаған, қалыптасу жолында қиындықтарды егемендікпен бірге еңсерген саланың бірі – кәсіпкерлік.
Алғашқы адымдар
Қазақстанда кәсіпкерлік туралы 90-жылдардың басында, қайта құру басталғанда айтыла бастады. Бұл кезде «комсомолдық кәсіпкерлік» басталды. Белсенді жастар, негізінен комсомол жетекшілері, жастардың шығармашылық ғылыми-техникалық орталықтары негізінде кооперативтер құра бастады. Несиелеуде жеңілдік жасалды. Өспелі инфляция жағдайына дәл осы кәсіпкерліктің алғашқы толқыны төтеп беріп қана қоймай, сондай-ақ қажетті бастапқы капитал жинай алды, себебі несие «қымбат» алынып, «арзан» қайтарылды.
Кәсіпкерлік қызметін бұрынғы Кеңес одағы кезінде 1987 жылы қабылданған «СССР азаматтарының жеке еңбек қызметі туралы» заңы алғаш рет ресмилендірді. 1988 жылы «Кооперация туралы заң» қабылданды. Кооперативтер мен серіктестіктердің жаппай құрылуы басталды. Дегенмен нарықтық инфрақұрылымның болмауына байланысты кооперативтердің аз бөлігі ғана аяғынан тұрып кете алды. Кейінірек 1988-1991 жылдары жалға беру, бірлескен кәсіпорындар мен банк қызметі туралы заңдар экономикалық жағдайды біршама ырықтандырды. Тұтастай алғанда, негізгі меншік мемлекеттікі болып қала бергенімен, жалға беру түріндегі аздаған босаңсулар біршама дәрежеде кәсіпкерлік белсенділікке жағдай жасады.
Тәуелсіздік алғаннан кейін кәсіпкерлік белсенділікті қолдауға байланысты бірқатар заңдар қабылданды. Саланың дамуына «Қазақстанда кәсіпкерліктің дамуы мен шаруашылық қызметтің еркіндігі туралы» (1991), «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» (1992) заңдар түрткі болды. 1994 жылдың басында-ақ жеке кәсіпорындар саны 15,7 мыңды құрады. Салада жұмыспен қамтылғандар саны 164 мыңға жетті. 1998 жылдың басында шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 307 мыңды құрап, оларда 1,2 миллион адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлік қызметтің негізгі үш саласының ішінен бірінші орынға өндіріс те, тұтынушылар мен тауар өндірушілер арасындағы делдалдық та емес, сауда шықты.
Бүгінде мейрамхана бизнесімен қатар, құрылыс, сауда-саттықпен айналысып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырған азамат, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кәсіпкерлікке бет бұрған Қызылорданың беделді кәсіпкері, «Раим» ЖШС бас директоры Ерлан Раимов артта қалған қиын-қыстау кезеңді былай суреттейді:
– Мен өз бизнесімді жүз доллар қаржымен бастаған адаммын. Әу бастан кішкентай дүңгіршекті жалға алып, сусындар сата бастадым. Ол кезде ел білетін кәсіпкерге айналып, үлкен бизнеске аяқ басамыз дегендей арман-ойлар болған да жоқ. Бар ниетіміз – отбасын асырау еді. Кеңес одағы құлап, тәуелсіздікке енді қол жеткізген алғашқы жылдары ел экономикасы үшін де қиын-қыстау кезең болды. Инфляция жоғары еді. Әйтеуір, көп қиындықты еңсеріп, мейрамхана бизнесіне кірісіп кеттік.
Әсіресе, егемендіктің алғашқы жылдары көптеген бизнесмендердің өз кәсібін дөңгеленте алмай, банкротқа ұшырағанын естіп-біліп жүрген Ерлан Қаниұлы ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, отбасының қолдауының арқасында аяққа нық тұрып, кәсібін кеңейтіп отырғанына шүкіршілік етеді.
– Біз – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан жаңа нарықтық қатынастарға икемделіп, жұмыс істей бастаған егемен елдің азаматтарымыз. Шындап келгенде, сол кезеңнен бүгінге дейін бизнеспен айналысып келе жатқан, қиындықты еңсере білген кәсіпкерлер өте аз. Көптеген кәсіпорындар банкротқа ұшырап, жабылып та жатты. Еліміз бірнеше экономикалық дағдарыстан өтті. Ал мұндай қиындықтарды жеңіп шығу үшін табандылық пен қажыр-қайрат керек, – дейді ол.
Ұлттық аспаздық өнерді дәріптеп, әлемдік деңгейде ұлттық бренд ретінде танытуды мақсат тұтатын кәсіпкер шетелде қазақ тағамдарына ынта-ықыластың жоғары боларына кәміл сенеді. Қызылордадағы «Қыз Жібек» мейрамханасы – әр жылдары облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы болуымен қатар, «Жыл мейрамханасы» ретінде танылған. Ал 2016 жылы «Ұмытылған ұлттық асхана» республикалық байқауының сыйлығын алған.
Ерлан Раимовтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген бизнес түрімен айналысуға жағдай жасалған. 90-жылдардан бастап, елімізде үлкен өзгерістер жүзеге асып, тың бастамалар көтерілді. Бұл тұста мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көп жағдай жасалып жатқанын бағалай білуіміз керек.
«Бәрін өзіміз меңгердік»
Сол кезеңде ҚР Президентінің 1997 жылғы «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды белсендету және мемлекеттік қолдауды күшейту шаралары туралы» және 1998 жылғы «Жеке және заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне деген құқығын қорғау туралы» жарлықтары кәсіпкерліктің дамуына жаңа күш берген еді. Осы жарлыққа орай, Қазақстанда шағын бизнесті дамыту жөніндегі алғашқы арнайы орган ретінде сауда және экономика министрлігінің құрамында шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі агенттік құру және оның жұмысын ұйымдастыру ұйғарылды.
Саладағы қызметі Тәуелсіздікпен шамалас, бүгінде қоғамда халықтың әлеуметтік мәселесіне бей-жай қарамайтын, олардың шешілуіне септігін тигізіп жүрген өңір кәсіпкерлерінің бірі Сейітқали Алшынбаев бұл уақытты кәсіпкерлік жандана түскен кезең деп еске алады.
– Кәсіпкерлікке келмес бұрын «Қызылорда жолаушылар автотранспорт кәсіпорны» мекемесінде он жылдан аса уақыт жұмыс жасадым. Аталған кәсіпорынның материалдық жабдықтау бөлімінде қызметте болдым. Сонда бізді алыс-жақын шетелдерге жіберетін. Бизнеске бағытты осы кәсіпорында жүріп алдым десем де болады. Кеңес одағы тарағаннан кейін жұрт абдырап, қай жағына қарай ойысарын білмей қалды. «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, тіршілікті жалғау қажет болып, алғашқы кәсіпкерлікті егін шаруашылығынан бастадық. «Талаптан» шаруа қожалығын құрдық. Кәсібіміз жандана түсті. 1997-1998 жылдары жалпы елдің жағдайы жақсара түсті. Елде құрылыс қарқын алып, жұрт жаңа үйлер тұрғыза бастады. Осы сәтте біз кәсіпкерлікті құрылыс саласына бұрып, қаладағы бірқатар нысандарды салдық. «Нұрай» ЖШС құрылғалы бері қалада және облысқа қарасты елді мекендерде мектептер құрылысын аяқтадық, – дейді ол.
Кәсіпкерлік қызметтің ерекше бір түрі ғана емесін айта кеткен жөн. Бұл – белгілі стиль және тәртіптің типі, жинақтап айтсақ, үлкен бастама. Сонымен бірге дәстүрден тыс шешімдерді іздестіру, тәуекелге бару. Бұл ретте кәсіпкер бүгінгі таңда салаға жасалып жатқан қолдау көп екенін айтады.
– Біздің жас кезімізде бизнеске үйрететін ешкім болмады, бәрін өзіміз меңгердік. Қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға күш салынып жатыр. Көмек жеткілікті. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Қаражатты да беруде. Сондай қолдау болып тұрғанда халық тарапынан, кәсіпкерлер тарапынан үлкен белсенділік көрініп, бизнесте үлкен қозғау болу керек, – дейді Сейітқали Алшынбаев.
Құқық пен мүдде қорғалады
Бүгінде кәсіпкерлік саласын дамыту, қолдау құрылымын қалыптастыруда еліміз кезең-кезеңнен өзінің тарихи жолымен жүріп өтті. Мемлекеттің ішкі жүйесінде кешенді тәсіл мен мемлекеттік қолдау механизмі бар. Онда тұтынушылардың да, кәсіпкерлердің де құқығы мен мүддесін сақтау жұмысы жолға қойылған.
Еліміздегі «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құруда бизнес-қоғамдастықтарды ұйымдастырудың континентальді моделі негізге алынған. Палатадағы кәсіпкерлердің жалпыға бірдей мүшелігі моделі континенталді (еуропалық) моделіне негізделген. Бұл модель Франция және Германияда әзірленіп, Еуропаның жетекші елдерінде сәтті жүзеге асып келеді. Бұл ретте 2013 жылы құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы бизнес пен биліктің тиімді серіктестігі негізінде дамуға қолайлы жағдай жасауда. Соның бір мысалы, өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасының кеңесшілері әзірлеген құны 2,5 млрд теңгені құрайтын 188 жоба әзірленді.
Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып құрылған «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы аймағымызда белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бизнесте белең алған заңсыздықтар мен түсініспеушіліктерді қарап, адал еңбек иесінің табысы арту жолында мәселелердің жедел шешілуі жолға қойылған.
Айталық, өткен жылы пандемия салдары аймақта өндірілген өнім көлемі төмендеуіне алып келді. Алғашқы 6 айда шағын және орта кәсіпкерлікте 144,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,7 процентке аз. Төтенше жағдай, карантин кезеңдерінде Кәсіпкерлер палатасы жұмысын тоқтатқан емес. Бизнес өкілдеріне жан-жақты көмек көрсетті. Елімізде төтенше жағдай енгізілген кезеңнің алғашқы күндерінде Палата мамандары блок-посттарда тұрып кәсіпкерлердің кедергісіз жұмысын ұйымдастыру мақсатында ручной режимде жұмыс істеді. Көрші Түркістан облысы көкөністерді шығаруға шектеу қойылғанда мәселені облыс әкімдігіне жеткізіп, азық-түліктің кедергісіз өңірге кіруіне жағдай жасады.
Еуразиялық экономикалық комиссия күрішті өзге елдерге тыйым салу тетіктерін қарастырып жатқан шақта палата мамандары күрішшілермен бірге дабыл қағып, мәселені дер кезінде Үкіметке жеткізді. Осылайша қызылордалық кәсіпкерлер күрішті кедергісіз экспортқа шығару мүмкіндігіне ие болды.
Жеке кәсіпте барлық әрекет заң аясында атқарылып, мемлекет пен тұтынушылардың қауіпсіздігі сақталып, адал жұмыс істегенде ешқандай мәселе де, қиындық та тумайды деп айту оңай. Бизнес иелерінің алдынан шығатын біз айтқандай түрлі кедергілер мен қиындықтар табысты азайтатыны анық. Осы ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғап келеді.
Бесжылдық белес
Елімізде соңғы 20 жылда сала қарқынды дамыды. Осы уақыт ішінде бизнес өкілдерінің саны 7 есе өсті. Мәселен, 2000 жылдардың басында елде небәрі 200 мың кәсіпкерлік субъект болса, биыл оның саны 1 млн 300 мыңға жеткен. Басым бөлігі сауда саттық және қызмет көрсету саласы. Ал елде өндірілетін отандық тауарлар 100-ден астам елге экспортталады.
Кәсіп иелері елді өніммен ғана емес, 4,5 млн тұрғынды жұмыспен де қамтып отыр. Салаға серпін берген – мемлекеттік бағдарламалардың үлесі айрықша. 2000 жылы шағын және орта кәсіптің экономикадағы үлесі 10 проценттен асқан жоқ. Қазіргі таңда 34 процентті құрып отыр. Үкімет тарапынан көп бағдарлама іске асып жатыр. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» сияқты 10 шақты жобаны ерекше атауға болады. Бұл ретте пандемия әсіресе, шағын кәсіпкерлікті шатқаяқтатып тастағаны жасырын емес. Десе де, бизнес өкілдері заман ағымына сай бейімделуді біледі. Былтырдан бері кәсіптің жаңа түрі – онлайн сауда қыза бастады. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы сауда көлемі еліміз бойынша 98 процентке артқан.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді белгілеп берген болатын. Тарата айтар болсақ, ең алдымен қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру қажеттігіне екпін берді. Осы орайда Президент: «Соңғы жылдары бизнесті алаңдатқан бірқатар мәселе шешілді. Саланы бақылау және қадағалау тетіктерін жетілдіру бойынша шаралар қабылданды. Мемлекеттік органдардың тексерулеріне қатысты жұмыстар реттелді» деді.
Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде тиімді бизнесті қолдау керектігін атаған еді. Бұл ретте өңіріміздің өзінде соңғы бес жылда шағын және орта бизнесті дамытуда біршама қолдау шаралары іске асырылып, айтарлықтай нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткіздік. Айталық, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 8062 бірлікке немесе 17%-ке ұлғайып, 55 498 бірлікті құрады. Олардың жұмыс жасап тұрғандары 14820-ға ұлғайып, 49 434-ке жетті. Бүгінде аймақта кәсіпкерлік салада жұмыспен қамтылғандар саны 97 мың адамнан асып, өндірілген өнім көлемі 266,4 млрд теңгеден 396,6 млрд теңгеге жетті. Ал, ШОБ-тың жалпыөңірлік өнімдегі үлесі 13,2 проценттен 16,7 процентке ұлғайды.
Қаржылай қолдау қалай жүруде?
Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы ретінде көрініс табуда. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірде жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының материалдық негізі ретінде үлкен рөл атқарады. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсару үстінде. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тиімді әрі нәтижелі секторы.
Былтыр бұл саланы қолдау үшін Үкімет салықтық ынталандырулар беріп, несиелендіру аясын кеңейтті. Бизнесті жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету шараларын қабылдады. Бұл шаралар өңірде де өз жалғасын тапты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова саланы дамытуда қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан болатын.
– Пандемия кезінде өңірдегі 54 мыңға жуық кәсіпкер салықтық жеңілдіктерін алып, 8,5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерінен босатылды. 9 мың сауда алаңы шамамен 700 млн теңге арендалық ақыдан, 194 кәсіпкер мемлекеттік меншікті жалдау құнынан босатылды. 8 мыңға жуық кәсіпкердің 11 млрд теңгеден астам несие қарызы кейінге шегерілді. Кәсіпкерлік саласындағы бағдарламалар аясында өткен жылы бизнесті қолдауға банктермен 20 млрд. теңгеден астам қаражат бағытталды. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығымен несиелендірудің қолжетімді шарттары арқылы ауыл кәсіпкерлерінің стартап жобаларына облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлінді, – деді аймақ басшысы.
Пандемия кезінде былтыр өңірдің экономикалық ахуалына терең талдау жасай отырып «Облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту картасы» қабылданды. Қаржы ұйымдары және банктермен бизнеске 30 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып, нәтижесінде шағын бизнестің 800-ден астам жобасы шағын несиелермен, тұрақты бизнестің 600-ге жуық жобасы банк несиелерімен қаржыландырылды.
Бұдан өзге, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы шамамен 2,8 млрд теңге қайтарымсыз гранттар 4770 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жаңа бастамаларына табысталды.
Бұл қолдау шаралары өз кезегінде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың санын 2,5 пайызға арттырды. Бүгінде облыс бойынша бұл секторда 97 мыңнан аса адам жұмыс істейді. Айта кету қажет былтырғы жылы шағын және орта бизнеспен 396 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 16,7%-ті құрады.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысы Фердоуси Қожабергенов жыл басынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 7,9 млрд теңгеге кәсіпкерлердің 666 жобасы қаржыландырылып, 498 жобаға 2,9 млрд теңге көлемінде кепілдік ұсынылғанын айтады.
– Бағдарламаның несие портфелі өткен жылмен салыстырғанда 6 есе ұлғайды. Оған екінші деңгейлі банктермен кәсіпкерлердің жобаларына мақұлдама беру тәртібі автоматтандырылған «скоринг» бағдарламасына қосылуы оң септігін тигізді. Бұдан өзге, биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 300 млн теңгеге 10 жоба қаржыландырылды. Жалпы қаржыландырылған жобалардың басым бөлігі пандемия кезеңінде аса зардап шеккен бөлшек сауда, жолаушылар тасымалдау, қоғамдық тамақтану сияқты шағын қызмет саласында жұмыс жасайтын микро кәсіпкерлік субъектілерінің үлесінде, – дейді басқарма басшысы.
Бұдан бөлек қаржыландыру Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, Аграрлық несие корпорациясы, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы сияқты түрлі қаржы ұйымдары арқылы іске асырылуда. Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта бизнесті қолдауға бюджеттен 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қосымша 3 млрд теңгеге жуық қаржы тартылуда.
Биылғы тағы бір жаңалық, ауылдық елді мекен кәсіпкерлерінің шағын несиелерге қолжетімділігін арттыру мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа микроқаржы ұйымы құрылуда. Бұл ұйым екінші жартыжылдықта өз жұмысын бастайды. Сонымен бірге, өңірде «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында микрокредиттеру құралы іске қосылады. Ол арқылы облысқа 1 млрд теңге қаржы қарастыру көзделуде.
Бұл қаражаттың барлығы кәсіпкерлік субъектілерінің жаңа бастамаларын іске қосуға, бизнесті одан әрі кеңейтуге, нәтижесімен жұмыс орындарын құру және өндіріс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді. Осындай қолдау шараларының арқасында жыл сайын мыңдаған жобалар қаржыландырылып, іске асуда.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<