«Көршілерге тұшпара сатудан бастадық»

2301

1

«Адал ас». Қызылордалық кәсіпкер ­Гүлдана Бисенова бір жарым жылдан бері осындай атаумен жартылай фабрикат түрлерін шығарып келеді. Несие алмай, көп шығындалмай кәсіп бастау туралы ойды оған анасы айтыпты. Идея аяқсыз қалған жоқ. Бүгінде өз алдына цех құрып, 15 адамға жұмыс тауып беріп отыр.

Цехта тефтель, қайнақша, тұшпара, лағман кес­песі, котлет әзірленеді. Дәмі тіл үйірерлік мұздатылған өнім облыс орталығындағы сауда нүктелерінің шамамен 80 процентінің сөрелерінде тұр. Бағасы тым қымбат емес.

– Карантин кезінде көпшіліктің жағдайын ескермесе болмайды. Сондықтан ешкімнің қалтасына артық салмақ түсіргіміз келмейді, – дейді кәсіпкер.

Кейіпкеріміз кәсіпкерліктегі алғашқы қадамы туралы естелікпен, жұмыстың қиындығымен бөлісті.

– Тұшпара жасап бастағанымызда оны көрші-көлемге сатып жүрдік. Одан кейбір дүкендерге өткіздік. Қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қамыр жаятын аппарат сатып алдық. Осылайша ісіміз алға басты, – дейді ол.

Г.Бисенова тұшпара түйіп, оны сақтаудың машақаты көп екенін айтты. Дүкенде ұзақ тұрып қалса, оны ауыстыру керек. Дегенмен, кәсіпкер мұнымен шектеліп қалғысы жоқ. Цехта өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, оны аудандар мен елдің басқа өңірлеріне де өткізуді жоспарлап отыр. Өйткені адал еңбек, маңдай тердің өтемі болатынына әлдеқашан көзі жеткен.

Оның үстіне, жартылай дайын мұндай тамақ түрлері уақыты тапшы қыз-келіншектер үшін өте тиімді. Ал сұраныс барда оған сай әрекет те болатыны анық.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<