Сыр еліндегі «Шалқия» кен орнының ел экономикасындағы маңызы айрықша. Өйткені, «Шалқия» мырыш қоры бойынша әлемдегі ірі кен орындарының бірінен саналады. Мамандардың айтуынша, бұл кеніште барланған руданың қоры – 120 млн тонна.
Осындай рудаға бай кеніште кен өндіру ісі 40 жылға жуық тоқтап тұрды.
«Шалқияның» қайта өркендеуі 2014 жылы басталды. Сол жылдың шілде айында кеніште кен өндірумен айналысатын «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-нің 100 проценттік үлесін «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық компаниясының сатып алу жұмыстары аяқталды. Жобаның жалпы құны 500 млн АҚШ долларын құрайды. Оның 350 млн доллары «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылады.
Соңғы 3 жылдан бері аталған кен орнында инвесторлармен бірге жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, кеніште қорғасын мен мырыштың 30 жылға жететін қоры бар. Кен 800 метр тереңдіктен қазылады. Шикізатты қазып қана қоймай, оны өндіріске жарату мақсатында кен байыту комбинаты бой көтереді.
Қуаныштысы, «Шалқия» кенішінде тау-кен байыту комбинатының құрылыс жұмыстары басталды.
Айта кетейік, ауқымды жоба республикалық Индустрияландыру картасына енгізілген. 2016-2019 жылдары 39,7 млрд теңге игерілді. Биыл тағы 8 млрд теңге қаражат игерілмек. Қазір кен орнында 625 адам жұмыс істеп жатыр. Фабрика іске қосылғанда мұнда 1,5 мың адам еңбек етеді. Жылына 4 млн тонна қорғасын мен мырыш өндіріледі деп күтілуде.
Нақты кезеңде «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС тау-кен байыту комбинатының жобасын бастады. Комбинатқа әлемдегі жетекші елдердің мырыш-қорғасын өндіретін сандық технологиялары енгізіледі. Өндіріс орны тоқырап қалған кезде өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар қайта елге оралуда. Олар жаңа технологияны меңгеру мақсатында шет мемлекеттерде біліктіліктерін арттыруда.
Айта кетерлігі, тау-кен байыту комбинатының жобасы «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландырылады. «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішіндегі қуаттылығы жылына 4 млн тонналық кен-байыту комбинаты – «Қызылорда облысында тау-кен металлургия кешенін дамытудың жол картасына» енген 3 ірі жобаның бірі.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<