Бүгінде нарықта тіршілік үшін қажетті тауарлар бағасы ышқынып тұр. Азық-түлік, көкөніс, жеміс-жидек, бақша өнімдері, құрылыс материалдары, мал азығы секілді қажеттіліктердің бағасы шарықтап барады. Мұндайда мемлекет бағаны ырықтандыруға күш салып, барлық тетіктерді жұмылдырып жатқанмен де, көп жағдайда дәрменсіз екенін мойындауға тура келеді. Өйткені нарықтың өз заңдылығы бар. Бағаны нарық реттейді. Түрлі экономикалық жағдайларға, табиғи құбылыстарға, өндірістің кемуіне, сұраныстың артуына байланысты баға өзгеріске ұшырап жатады. Ондайда мемлекет бағаға ықпал жасай алмайды. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде болатын құбылыс.
Дегенмен мемлекет тұрғындар төлейтін коммуналдық төлемдердің ақысын реттей алады және оны сәтті жүзеге асырып келе жатқанын мойындауға тиіспіз. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің негізгі міндеті табиғи монополия субьектілері қызметін бақылау және реттеу екенін білеміз. Табиғи монополия аясына су беру мен сарқынды суды бұру, жылу энергиясын өндіру мен жабдықтау, кірме жолды ұсыну және газды, электр энергиясын тасымалдау қызметтері жатады.
Комитетке қарасты облыстық департамент 53 қызмет түрін көрсететін 33 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді. Одан бөлек, электр энергиясымен және газбен жабдықтау саласындағы 4 қоғамдық маңызы бар нарық субъектісіне қатысты баға белгілеу функциясын жүзеге асырады.
Департамент басшысы Гүлмира Өтегенова бізбен әңгіме барысында тарифтерді қалыптастыру бойынша атқарылған жұмыстарды таныстырып өтті. Жыл басынан бері реттелетін коммуналдық қызметтердің тарифтері, электр энергиясының бағасын қоспағанда, қолданыстағы деңгейде қалған. Оның ішінде төмендегендері де бар. Биылғы 1 қаңтардан бастап 2 табиғи монополия субъектісі тарифінің қолдану мерзімі аяқталуына байланысты департамент қолданыстағы занңаманы басшылыққа ала отырып, тарифті төмендеткен. Атап айтқанда, «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жылумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 5,6%-ке (1 шаршы метрге қосымша құн салығымен 96,76 теңгеден 91,37 теңгеге дейін, ал есептегіш құралдары бар тұрғындарға 1 Гкал-ға ҚҚС-мен 1989,42 теңгеден 1878,44 теңгеге дейін), «Теміржолсу-Қызыл-Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сумен жабдықтау қызметіне тариф тұрғындар үшін 8,2%-ке (1 текше метрге қосымша құн салығымен 53,37 теңгеден 48,99 теңгеге дейін) төмендетілген.
Сонымен бірге, электр энергиясымен жабдықтаушы үш ұйым 1 қаңтардан бастап өз еркімен бағаны түсірген. 1 кВт сағатқа қосымша құн салығымен тұрғындар үшін орташа тарифтер бойынша «Энергосервис» ЕЖШС 16,70 теңгеден 16,33 теңгеге немесе 2,2%-ке, «Шиелі Жарығы» ЖШС 17,95 теңгеден 17,40 теңгеге немесе 3,1%-ке, «Дәулетэнерго» ЖШС 19,16 теңгеден 18,80 теңгеге немесе 1,9%-ке төмендетіпті.
Департаментке 5 айда табиғи монополия субъектілерінен тарифтерді және сметаларды бекітуге 29 өтінім түссе, оның 18-і бойынша ұсынылған құжаттар қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілердің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған. Ал төрт өтінімді субъектілер қайта алған. Келесі 2 өтінім бойынша оңайлатылған тәртіппен тарифтер мен сметалар бекітілгенін айта кету керек. Атап айтқанда, «СЕАД Логистик» ЖШС-на кірме жолды ұсыну бойынша және «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тауарлық газды тасымалдау қызметі (тарифі 1000 текше метрге ұсынылғаннан 64,8%-ке төмендетіліп 7446 теңге мөлшерінде бекітілді) тарифі бекітілді. Қазіргі күні өтінімдер қаралу үстінде.
Департамент басшысы 1 маусымнан бастап электр энергиясының бағасы өзгергенін жеткізді. Оған Энергетика министрінің бұйрығымен бекітілген электр станциялары өндіретін энергия бағасының өсуі басты себеп болды.
Осы орайда Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимовтың жақында жарық көрген мәлімдемесін еске сала кетейік.
– Еліміздегі электр энергиясын өндіруші 37 компания 2020 жылдың қыркүйек айында жарықтың шекті бағасын 36% өсіру туралы өтініш білдірді. Жарты жыл бойы оның қаншалықты негізді екендігіне талдау жасадық. Техникалары ескірген, жұмыcшыларының айлығы төмен. Басқа да мәселелер бар екені анықталды. Осыны ескеріп, Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін 15% өсіру туралы бұйрық шықты, – деген еді ол.
Осы ретте «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның өндіретін электр энергиясының бағасы 11,30 теңгеден 12,54 теңгеге дейін немесе 11%-ке өскенін ескерте кетелік. Бірақ бұл орталық облысты электр қуатымен толық қамтамасыз ете алмайды. Энергияны қосымша Екібастұздан, Жамбыл ГРЭС-нен аламыз. Оларда да көтерме бағасы өскен.
Г.Өтегенованың айтуынша, электр энергиясының бағасы 3 бөліктен тұрады. Оның біріншісі – Энергетика министрлігі бекітетін өндіруші станциялардың бағасы, екіншісі – Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен оның жергілікті департаменті бекітетін электр энергиясын тасымалдау тарифі, сондай-ақ, департаментпен келісілетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемеақы шығындары.
Осыған сәйкес, сатып алынатын бағасының өсуіне байланысты облыстағы энергиямен жабдықтаушы үш ұйым департаментке бағаның 7,7%-тен 16,4%-ке дейін өзгеретіні туралы ақпараттарын ұсынған. Оларды қарау кезінде қабылданатын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін департамент сәуір айында 7 аудан мен облыс орталығында жария тыңдаулар өткізді. Жария тыңдауға мәслихат депутаттары, жергілікті басқару органдарының, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және тұтынушылар қатысты. Айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, негіздеуші құжаттарды тексеру нәтижесі бойынша электр энергиясымен жабдықтау қызметінің бағасын келісіп, орташа баға 1,9%-тен 6,3%-ке дейін өзгертілді.
Соған сәйкес «Энергосервис» еншілес жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бойынша тұрғындар үшін орташа босату бағасы қолданыстағы бағамен салыстырғанда 1 кВт сағатқа қосымша құн салығынсыз 75 тиынға өзгерген. Ал «Шиелі Жарығы» ЖШС бойынша 69 тиынға, «Дәулетэнерго» ЖШС бойынша 33 тиынға өсіп отыр.
Аймақта су, жылу құны 2020, 2021 жылдары өзгерген жоқ, керісінше баға төмендеген тұстар бар. Тек электрстанциялар шығынына байланысты көтерме баға өсті. Ал газдың бағасы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің үш жыл бұрын бекіткен көлемінде сақталған. Газбен жабдықтау бойынша департамент Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде «Қызылорда газ тарату жүйесі» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған бағаны төмендетіп келісті.
Жалпы алғанда, коммуналдық төлем бағаларында анау айтқандай өзгеріс жоқ. Қымбатшылық бет қаратпай тұрғанда бұл да болса көңілге медеу.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<