Шағын және орта бизнесті дамыту – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Себебі кәсіпкерлік – нарықтық қоғамның ажырамас бөлігі. Шағын бизнес халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова және кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Жаңақорған ауданында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесіп, сан сауалға жауап берді.
Аудан әкімі Сұлтан Мақашов модераторлық еткен жиында алғысөзді облыс прокуроры алды.
– Прокуратура қызметіне халық сеніммен қарағанда ғана іс жүйеленеді. Ол үшін ашықтық пен жариялықты ұстанып, тұрғындармен байланыс орнату маңызды. Құқық қорғау саласы мамандарына кәсіпкерлік нысандарын ретсіз тексеруге қатысты сұрақтар жиі қойылады. Шағын және орта бизнес – дамудың негізгі жолы. Сондықтан кез келген кедергінің алдын алу – міндет. Бүгін жеке қабылдауда сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз, – деді Н.Бижанов.
Прокурор аудан тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салуға шақырды. Егер кәсіпкерлікті дамытуда әкімшілік кедергілер кездессе, оның шешілу жолын қарастыруға көмектесетінін ашық айтты.
Құқық қорғаушының кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ойлары құптарлық. Себебі шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдаулар және әкімшілік реттеу жүргізіліп жатқанымен, нәтиже әлі де өз деңгейінде емес. Сауда, қызмет көрсетуден басқа салалардың ықпалы байқалмайды. Өндеу, қайта өндеу саласы кенже дамуда. Электронды сауда, электронды қаржы айналым деңгейі төмен. Кәсіпкерлік саласын цифрландыру жүйелі емес. Оқыту, бағдарлау жұмыстарынан бөлек, заманға сай бейімдеуді жүргізу керек-ақ.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова:
– Шағын кәсіпкерлік өркениетті елдердің әлеуетті тірегіне айналды. Сондықтан Үкімет салаға мән беріп, бағдарламалар қабылданды. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны артты. Кәсіпкерлік саласын уақытқа сай дамытуда қағазбастылық азайтылды, яғни кәсіпкерлікке тіркелу, тоқсан немесе квартал сайын есеп беру сияқты процестер электронды түрде жүргізіледі. Ең бастысы, прокуратура, «Nur Otan» партиясы мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын институтқа айналды, – деді.
2020 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, микро және шағын бизнес саласы 3 жылға дейін салық төлеуден босатылады және оларды тексеру жүргізуге мораторий жарияланды. Бұл отандық шағын және орта бизнестің дамуына жасалған нақты қолдау екені анық. Осыған орай бизнесті қолдайтын һәм қорғайтын облыстық прокуратура, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық кәсіпкерлер палатасы үшжақты келісім шарт жасады.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
– Жыл басынан бері кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы кеңесшілер 4462 азаматқа 8069 түрлі кеңес беріп, 1810 кәсіпкерге 2136 қызмет көрсетті. «Бастау бизнес» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі күнге дейін Сыр өңірінің 2368 тұрғыны оқып, олар 645 миллион теңгені құрайтын 756 жобаны жүзеге асырды. Мұнан бөлек «Жас кәсіпкер» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба бойынша 1100 азамат оқып, 252 миллион теңгені құрайтын 495 жас кәсіпкердің жобасы қаржыландырылды, – деді ол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі небәрі 26 процент екенін, бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50 процентке көтеру керектігін айтқан болатын. Бүгінде АҚШ пен Жапонияны озық ел десек, олардың мұндай биіктен көрінуіне шағын және орта бизнестің дамуы септігін тигізді. Мәселен, АҚШ-та тіркелген кәсіпорындардың 97%-ті шағын кәсіпкерлік болса, бұл көрсеткіш күншығыс елінде 99%-ті құрайды. Жалпы ішкі өнімнің үлесі қос мемлекетте шамамен 60%-ке жуық. Күншығыс елінде 6,5 миллион кәсіпорын іске қосылса, онда 54 миллион жапондық жұмыспен қамтылған. Бұл елдегі жұмыс күшінің 80 процентін құрайды.
Егер озық отыздыққа еніп, өркениет көшінде еншімізді аламыз десек, шағын және орта бизнес саласын қолдауды, дамытуды бір сәтке де тоқтатуға болмайды. Қазір қолдаудан бөлек, кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілердің белсенділігі маңызды және нарықтық қатынастарды меңгеруі, заманауи талап-міндеттерді игеруі керек.
Мәдениет үйінің фойесінде облыс орталығынан арнайы келген бизнес-тренерлер, сарапшылар мен кеңесшілерге аудан тұрғындары сұрақ қойып, мемлекеттік бағдармаларға қатысудың, жеңілдіктер мен несие алудың жолдары жөнінде білді.
Лаура БИБАСАРОВА,
журналист.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<