Әлемді жайлаған бүгінгі қасіретті сарапшылар өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы АҚШ-тағы ұлы депрессиямен салыстырады. Осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын капиталистік дүниенің мызғымастай көрінген жүйесі оңбай сыр берді. Бай мен кедейдің тұрмысында жер мен көктей айырмашылық пайда болды. Ешқандай байсалды тірлікке бейімделмеген, сәл дөрекі айтқанда, құмар ойындардың сипатына көбірек ұқсайтын қор биржалары бір сәтте-ақ құлдырады, байлар кедейленіп қалмаса да жиған-тергенінен айырылды, тақыр кедейлер көбейді. АҚШ-та бір сәтте 20 млн жұмыссыз көшеде сеңдей соғылысып, адамдарды тонауға кірісті. 2 млн адам аштықтан өлді.
АҚШ президенті Рузвельт ұлы депрессия кезінде не істеу керектігін айқын түсінді. Ол тізгіндеуге, ымыраға келмейтін нарық экономикасын мемлекеттік басқару әдісіне көшірді. Байларға салық салды. Сенделген миллиондаған жұмыссыздарға нәпақа табатын жұмыс тауып берді. АҚШ бюджеті мемлекеттік тапсырысты көбейтіп, автомобиль жолдары салынды, мемлекеттің басқа да қажеттіліктері өтелді. Соның өзінде ұлы депрессия зардабы ондаған жылдарға созылды. Бүгінгі дағдарыстың циклдарын кезінде кеңес ғалымы Николай Кондратьевтің дәл болжағанын оқырмандар есіне салғымыз келеді.
Сарапшылар, сол дағдарысты бүгінгімен салыстырады. Бірақ ол кезге ұқсамайтын тұстары да бар. Ұқсамайтыны – депрессия кезінде халықты бүгінгідей жұқпалы дерт жайлаған емес. Ол таза экономика сипатындағы құлдырау еді.
Таңданарлығы, Кондратьев сәуегей емес, экономика циклдарының өзгермелі кезеңдерін зерттеген көрнекті ғалым. Бәлкім, оның айтқандары, сызған жобалары тап күресі ушығып тұрған кезінде Сталинге ұнамауы заңдылық болса да, біз бүгін бастан кешіріп отырған дағдарыс циклдары ғалым дәлелдеген капитализм дүниесінің табиғатына тән екені барынша айқын көрініс табады.
Өмір қазір біздің бұрынғы көзқарасымызға түбегейлі өзгеріс енгізіп жатыр. Коронавирус дерті әлемді шарпи бастағалы Ресейдің Владимир Соловьев басқарған хабарында бір тыным жоқ. Ресейдің атақты ғалымдары, АҚШ-тың, Израильдың, Германияның мүйізі қарағайдай ғалымдары да осында.
АҚШ-та дерт неліктен ә дегеннен тізгіндеуге көнбеді? Хабарда осы сауалға сол ғалымдар жауап беріп, мәселенің түйінін ашқандай болады. Жаппай дағдарыс кезінде жеке меншік психологияның ештеңе істей алмайтыны, күшті мемлекеттік биліктің қажеттігі айтылды. Сол Америкада емдеу мекемелерінің түгелге жуығы дерлік жеке меншіктің қолында. Оларда жұмылдыру күші жоқтың қасы. Жеке меншік клиникалар әрдайым бос болады. Оған жату үшін көп қаражат керек. Міне, мемлекеттік ресурс аз жерде осындай оралымсыздықтар орын алады. Керісінше, Қытай өз мүмкіндігінің орасан зор екенін танытты.
Қазір әлем экономикасының алдағы уақытта қандай болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Дерт салдарынан экономика тұралап шығын әлемде ондаған, жүздеген трлн долларға шарықтап кетті. Қашан қалпына келеді? Сарапшылардың пікірінше әлем халқын бұл дағдарыстан алып шығу үшін ұжымдық күш-жігер қажет етіледі. Бұл әлбетте жеке меншіктен гөрі тиімді жолға салатын ұстаным. Сол ғалымдар бүгінгі жағдайда социализм жүйесінің артықшылығын, әлеуметтік сипаттағы экономиканың ел тұрақтылығын сақтап қалуға бейім екенін дәлелдеді. Олардың пайымдауынша, әркімнің өз көрпесін өзіне тартып, эгоизм принципін танытуы жағдайды бұрынғыдан да ушықтыра береді. Бірақ бір қызығы, менің осыдан бір-екі жыл бұрын жазған мақаламда бүгінгі құбылысты орыс, кеңес ғалымы Николай Кондратьев осыдан 80 жыл бұрын болжап айтып кеткені атап көрсетілген еді.
Әлемдік экономикалық дағдарыстардың сипатын нарық экономикасының өз табиғаты мен болмысынан іздеу қажеттігін айтқан, шектен тыс пайданың тойымсыздық психологиясын тудырып, халықтың белгілі бір бөлігінің қайыршылыққа ұшырауына әкеп соқтыратынын күллі әлемге паш еткен Карл Маркс ілімін бүгінде Батыс шонжарларының өзі мойындай бастады. Біз күні кеше келмеске кетті деп санаған социализммен бірге есімін жадымыздан шығара бастаған К.Маркстің портреті әлемдегі санаулы экономистердің қатарында Кембридж және Оксфорд университеттерінің көрнекті жерінде ілініп тұрғанын білеміз бе? Білмесеңіз бұл айтқандарымыздың тұп-тура ақиқат екенін қалың оқырманның есіне сала кеткіміз келеді.
Тосын құбылыс, әдетте, өткен тарихымыздың сүреңсіз, қайғылы оқиғаларына да қайта үңіліп, сана сүзгісінен өткізуге итермелейді. Бүгінде Ресейдің зиялы қауымы экономикалық ой болжамдары жағынан К.Маркстен кем түспейтін, өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары әлем экономикасындағы өрлеу мен дағдарыс кезеңдеріне талдау жасап, әр дәуірдегі тоқырау мерзімін дөп басып айтқан орыс экономисі Николай Кондратьев есімін құрметпен атар еді.
Өз талдаулары арқылы ғалымның есімі 20-шы жылдары бүкіл әлемге танылды. Бірақ капитализмді қайта жаңғырту идеясымен «айыпталған» Кондратьев сол жылдары қайта-қайта тұтқынға алынып, ақыр соңында 1930 жылы 8 жылға сотталды. Түрмеде жатып әлем экономикасының құлдырау, өсу динамикасына талдау жасаған ғалым өзіне дейінгі екі жүз жылдық ахуалды сараптан өткізді. Дағдарыстардың шарықтау шегі мен құлдырау нүктесінің динамикасын жасады. Оның себеп-салдарларын ашты, тіпті ол өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та басталған депрессияның мерзімін алдын ала дөп басып айтты. Түрмеден босану уақыты таяғанына қарамастан, ауыр науқастан қажыған ғалым 1938 жылы атылып кетті. Ол кешегі 80-ші жылдары ақталды.
Кондратьев әлем экономикасының табиғатына қатысты қандай болжамдар айтты? Осыдан 80 жыл бұрын орыс ғалымы әлем экономикасындағы дағдарыстардың кейде 45-60 жыл уақытты қамтитын созылмалы сырқаттарын айқындап берді. Оның пайымдауынша, осындай экономикалық циклдардың нәтижесінде әлемдік қауымдастықтың өндіргіш күштері өз мүмкіндіктерін сарқып бітіп, дамудың жаңа деңгейіне өту қажеттілігі туындайтын болады. Бұл ғылыми тұжырым ретінде Кондратьев циклдары деген атауға ие болып отыр. Атап айтқанда, ол созылмалы дағдарыс циклдары 2020 жылға дейін, одан кейін тым ұзақтау кезеңдерді – 2040-2060 жылдарды қамтуы ықтимал екендігін болжады. Ұзақ толқындар концепциясы деген атауға ие болған осы кезеңдерді бүгінгі ғалымдар Кондратьев есімімен байланыстырады.
Кондратьевтің циклдары бойынша әлем экономикасының төмендеу толқындары созылмалы түрде 2015-2025 жылдарды, өсу толқындары 2025-2045 жылдарды қамтуы ықтимал. Кереметтігі сол, алдын ала ұзақ жылдар бұрын айтылған болжамдардың бүгінгі таңда біршама шындыққа айналып отырғанын атап өтпеске болмайды.
Не істеу керек? Ғалымдар қандай идея ұсынады? Шындығында, егер дағдарыстың табиғатын капиталистік нарық экономикасының өз болмысынан іздейтін болсақ, онда бұл қатынастардың келешегі бұлыңғыр болғаны ма? Капитализм дүниесінің жанашырлары мұндай пікірге үзілді-кесілді қарсы, олардың пайымдауынша әрбір дағдарыс жаңа серпінді дамуға жол ашатын қақпа іспетті, яғни тоқыраудан өтіп, серпінді сілкініс жасау жаңа сапалы деңгейге көтерілудің кепілі болып табылады.
2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысынан кейін АҚШ пен Еуроодақ капиталдары даму қарқыны жоғары мемлекеттерге бет бұрды. 2009 жылдың шілдесі мен 2014 жылдың маусымы аралығында әлемдегі 19 дамыған мемлекетке 2 трлн доллар инвестиция құйылды. Ол әлемдік дамудың жаңа локомотивіне айналды. Көптеген сарапшылар Қытай, Индия, Бразилия, Индонезия мен басқа да елдер жақын арада АҚШ, Еуроодақ және Жапонияны жетекшілік позициядан ығыстырып шығарады деген болжам жасаған болатын. Бұл ішінара расталды.
Өкінішке орай, ауқымды капиталдар құйылған дамушы мемлекеттер де, бұрын дамыған елдер де проблеманы бастан кешті. Қаржы мен жылжымайтын мүлік нарығында «көпіршік» құбылысы, яғни материалдық игілікке негізделмеген ақша тасқыны пайда болды. Өндіріс пен экспортты дамыту, арзан жұмыс күшін қалыптастыру секілді экономикалық өсім моделі өз-өзін ақтамады. Себебі, экономиканың заңдылығына қайшы әрекетке барған алпауыт мемлекеттердің инвесторлары жұмыс қолы арзан жерлерге ұмтылыс жасай отырып, сатып алу қабілеті төмен халық тобының өсуін тездетті. Сөйтіп рынокта капиталистік дүниенің өндірген өнімін сатып алуға жағдайлары келмейтін кедейлер шоғыры қалыптасты. Әлемнің бар байлығы социализм көсемдері айта беретін ат төбеліндей дейтіндердің шексіз, шетсіз байлық көзіне айналды. Кедей барынша жарлыға айналып, ауқаттылар мен жоқ-жұқалардың тұрмыс деңгейіндегі айырмашылығы шарықтап кетті.
Жалпы әлемде сауда жүргізудің қалыптасқан ережелері бар. Оларды негізінен бүкіл әлемдік сауда ұйымы реттейді. Бірақ соңғы кездері әлемдегі ірі державалардың, оның ішінде АҚШ әкімшілігінің өзі осы ұйымның іс-әрекетіне күмәнмен қарай бастады.
Коронавирус дерті әлемде қалыптасқан бұрынғы қайшылықтарды бұрынғыдан бетер ушықтырып жіберді. Одан әлем халқы қалай шығады? Сарапшылар оның қаупін өзара алауыздықты жойып, біріккен іс-қимыл арқылы қайтаруға болады деседі. Бұл енді уақыт еншісіндегі шаруа.
Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,
«Сыр бойы» .
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<